Біз жылдан-жылға тайызданып бара жатқан Жайығымызға қауіптен гөрі аянышпен қараймыз. Бұған сене қою қиын, алайда осыдан тура 73 жыл бұрын мамыражай мамыр күндері гурьевтіктер мен Гурьев облысының жағалаудағы бірнеше аудандарының тұрғындарына шұғыл арада қауіпсіз жерге көшуге тура келген еді. Өйткені, мол су келген болатын.
ОҚУ ІСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ ҚАЙЫҚ ЖАСАДЫ
1942 жылғы су тасқыны жөнінде сақталып қалған мұрағаттар мен көзкөргендердің естеліктерінен білуге болады. Олардың бірі қазір марқұм болған соғысқа қатысушы, бірақ сол кезеңде Қызылой (Қызылқоға) орта мектебінің 21 жастағы математика пәнінің мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі Оқас НИҒМЕНДИНОВ еді.
Бұл күнделікті майдангер өз басынан өткерген оқиғалар мен аяқ басқан жерлер туралы егжей-тегжей суреттеп, бүкіл соғыс бойына өзімен бірге алып жүрген. Ал, күнделік 42-жылдың мамырынан, туған ауылына табиғи апат келген сәттен басталады:
«…Күн сайын дерлік жеделхат келіп тұрады. Бәрі де «Ұжымдық шаруашылық мүлігін құтқарыңдар, мектепті құтқарыңдар» деген мазмұнда еді, - деп жазады оқу ісінің жас меңгерушісі Оқас. - ... Биыл үлкен су тасқыны болады деседі. Сене қою қиын, алайда бәрі жұмылып, жұмысқа кіріскен: егістіктерді қорғау үшін дуалдар, бөгеттер салынып, үйлерге, мектептерге нығайту жұмыстары жүргізілді. Біз мұғалімдер мен оқушылардың күшімен мектеп айналасына биіктігі бір жарым метр дуал тұрғыздық. Мектепте қайықтар болмады, амалсыздан сыныптардың бірінің еденін бұзуыма тура келді. Қайықты төрт күн ішінде өзім жасап шығардым. Сол уақыттарда қауіптің келеріне бәрі де сенген еді, су шынымен де көбейе берді. Қариялар мен балаларды және қолда бар малды ауылдан екі шақырым жердегі дөңге көшірдік. Ал, мектепте тек мұғалімдер ұжымы мен техникалық қызметшілер қалды. Біз оқу корпустарын су тасқынынан аман алып қалу үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс жасадық...».
«ДӘПТЕРЛЕРДІ АЛЫП ҚАЛУ МҮМКІН ЕМЕС»
Сол күндері Гурьев маңындағы су деңгейі де көп көтерілді. Қалада тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылып, сағат сайын радиодан су деңгейі мен болжам хабарланып тұрды. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Иванов «су деңгейі 410 см-ге дейін көтеріледі деп күтілуде» деп Мәскеуге жеделхат жолдады: «Бұл Гурьевтің суға кету қаупін төндіріп тұр нк».
Жас мұғалімнің жазбалары одан әрі үрейге тола бастайды:
«Жағдай өте қиын! Су сағат сайын көбеюде! Мектепті құтқаратын ешқандай мүмкіндік жоқ!!! 18 мамырда сағат 17.00-де айналаны тегіс су басты, алақандай жер де қалмады.
…Біз дөң басына көшірілген қариялар мен балалардың бізге дабыл белгісін жібергенін байқап, олардың жағдайлары нашар екенін түсіндік. Мектепке директор мен есепшіні қалдырып, өзіміз қайыққа мініп, көмек беруге жүзіп кеттік. Адамдар арбада отырды, ал мал жандарында тұрды, су олардың құрсақтарына дейін жетіпті, сиырлар мөңіреп жан-жақтарына үрке қарайды...
Қас қарайды. Адамдардың дегбірі қашқан, су әлі көтерілуде. ...Алыста алақандай құрғақ жер қалыпты. Біз адамдарды сол жерге көшіруді ұйғардық. Кейінгі бір жарым тәулікте ұйқысыз, демалыссыз сол жерге адамдарды мен жасаған жалғыз қайығыммен тасыдық. Ал, мектепке қайта оралған кезде ол су астында қалыпты. Шатырда отырған директор мен есепшіні алып, адамдарға қарай жүзіп кеттік. Математика дәптерлері тексерілмеген күйі мектеп ішінде қалды, енді оларды аман алып қалу мүмкін емес шығар».
Шамасы, әрі қарай Оқастың күнделік жазуға күші де, уақыты да қалмаған болса керек.
«ЕРЛЕРДІ МАУСЫМҒА ДЕЙІН ҚАЛДЫРЫҢЫЗ»
Атырау облыстық мұрағатында сақтаулы шаң басқан үлкен-үлкен томдардан сол кездегі биліктің назары ерлер қауымын ең алдымен соғысқа жұмылдыру болғаны айқын байқалады. Гурьевтен және суға кеткен аудандардан Алматы мен Мәскеуге жіберілген оңып кеткен жеделхаттардан су тасқынымен күресу үшін ерлердің күші жетіспегенін көруге болады: «Жайықтың тасуына және су басуына байланысты халықты көшіруге арналған жерлер өте шектеулі нк, - деп жеделхат жолдапты су тасқыны салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасының орынбасары Сырцов жолдас генерал-лейтенант Рембов жолдасқа. – Судан құтқару қоғамының қызметкерлері керек. Осыған байланысты Смирновты, Хандохинді, Жучкинді шақыру мерзімін бірінші маусымға дейін шегеруді сұраймын нк».
Мұрағаттан мерзімді кейінге шегеру туралы өтінген тағы да көптеген жеделхаттар таптым. Бірақ Отанды қорғау керек болып, ерлер балалары мен әйелдерін, ата-аналарын ауыр күйзеліспен қалдырып, туған өлкелерінен аттанып кетті.
ЖАМАНҚАЛАДАҒЫ АПАТ
Гурьевтің өзінде санаулы күндерде қаладағы қоймалардың бәрінде жоғарғы сөрелер бекітіліп қағылды: сыйған азық-түліктердің барлығы сол жерге қатталды. «Суға кетпейтін жерлерге» қарияларды, әйелдерді, балаларды, мал мен шөптерді әкелді. Сол жерге көп көлемде картоп та жеткізілді.
Ауылдағы жағдай қиындау болды. Мәселен, тек бір Бақсай (қазіргі Махамбет) ауданында 11 ұжымдық шаруашылықтың егістіктері жойылып, көптеген үйлер, сарайлар бұзылды. Адамдар өздерімен бірге әлі келген мүліктерін ғана алып кетті.
- Иә, ең көп зардап шеккен Махамбет ауданы. Мәселен, тек 10 мамырда Топайлы селосының маңындағы су деңгейі 986 сантиметрге жетті. - дейді Атырау облыстық гидрометеорология станциясының инженер-гидрологы Валентина ПОХОРСКАЯ. Ал 17-18 мамырдағы ең үлкен су тасқыны деңгейі, өкінішке орай, бізде тіркелмеген.
«Бақсай ауданында ұжымдық шаруашылық 2746 қума метр бөгет салды, 3170 центнер шөп тасылды, 38 қайық дайындалды. Есбол ауданына 21 тонна тұқымдық картоп жіберілді...» - деген жеделхаттар Жаманқаладан (Сол кезде Махамбет солай аталды) Алматыға жіберіліп жатты.
Сәл кейінірек Орскіден Гурьев облысына қираған ғимараттарды қалпына келтіруге құрылыс материалдары жеткізілді.
КӨПІР ҮШІН КҮРЕС
- 1942 жылдың мамырында Жайық өзенінде ең жоғарғы тарихи су деңгейі - 945 сантиметр тіркелді, - дейді Валентина Похорская. - Айта кетелік, 591 сантиметр норма деп есептеледі. Қазір Жайық суы, тіпті, «норма» деген белгіге де жеткен жоқ...
Мәскеу мен Алматы осынау мазасыз күндері мұнай тасымалдайтын теміржол төсемінің, сондай-ақ, мұнай кәсіпшілігінің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Өкінішке орай, Мақатта мұнайшылар жұмыс орындарын тастап кетуге мәжбүр болып, мұнай өндіру уақытша тоқтатылды.
«Олар судан ажыратылды нк Олар жұмыс жасап жатқан жоқ нк Қолдан келгенді жасаудамыз», - деген жеделхатттар жолданды.
Жайық тасқынының салдарынан көптеген жерлерде жолдар кесіліп қалды. Гурьев пен Доссор аралығындағы көлік бағыты үзілді. Алайда Сағыз ауданы анағұрлым қауіп туғызды, ол жерде мұнай кәсіпшілігінен басқа Соколок өзені арқылы маңызды стратегиялық теміржол көпірі орналасқан. Бір сәттерде тірек құлай бастады, алайда жергілікті тұрғындар ауыр жағдайда бастарын қатерге тігіп, жанкештілікпен осы көпірді сақтап қалып, өздерінің осы үлкен Жеңісіне қол жеткізді.
42-жылғы су тасқыны қаншама өмірді қиды, қаншалықты зиян тигізді? Мен ақыры осы су тасқынының құрбандары туралы мәліметтер туралы бірде-бір құжат таба алмадым. Мұндай цифрлар жоқ болып шықты.
Анастасия ПАСТУХОВА