Атырау, 28 қараша 11:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Қарабаудағы бөдене фермасы

14 001 просмотра

Image 2Қызылқоға ауданы Қарабау ауылының тұрғындары - ДОСАҚАШЕВТАР отбасы былтырдан бері бөдене өсірумен айналысып келеді. Бүгінде олардың фермасындағы бөдененің саны 70-ке жеткен.

43 жастағы отағасы Ғалымжан былтыр қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалған. Отбасын асырау үшін қандай да бір кәсіппен айналысу қажет болды.

- Бөдене өсіруге деген қызығушылығым қайын жұртымның ауылына - Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу ауылына барғанда кездейсоқ оянды. Онда тұрғындар негізінен құс өсірумен айналысады. Қайынағаларым да бір кәсіп ашқым келіп жүргенімді естіп, маған құстан келер пайданы айтып, құс өсіруді үйретті. Сөйтіп, Атырауға нартәуекелмен 30 бөденені алып келдім, - дейді Ғалымжан.

Ғалымжанға зайыбы Жанар және балалары көмекке келіп, бөденелерге орын әзірледі. Қораға жарық жүргізіп, қолдан келгенше қарапайым түрде тордан бөдене үйшіктерін жасады. Жанар мен Ғалымжан қыстай Қызылқоға өңірінде жоқ құсты «жасырын» түрде баға бастады. Ешкім білмейді, жария еткісі келмеді. «Өліп қалса, сол жақтан тасып несі бар еді» деп күстанаушылар табылар деп жүрексінді. Бұрын-соңды бұл кәсіппен айналысып көрмегендіктен ауылдастарына дәлелдеп шыққанша көзден таса күйде, құпия ұстады. Күні-түні бөденелерді мәпелеумен болды. Қыста Атыраудан Брама тауығын алып келді. Оған қоса балапан басып шығаратын инкубатор аппаратының үшеуін әкеліп іске қосты.

- Қыстай бар ниетіміз қора жақта болды десек те болады. Жұмыртқаны басып шығарар кезде температураны дәл қалпында сақтап тұру үшін үнемі қорадан кетпейтінбіз. Түнде өзім қараймын. Енді инкубатордан бөдене, тауық, қаздың жұмыртқаларын бастырудамыз. Бөдене өсімтал келеді. 37,8 градус жылылықтан 17 күн ішінде балапан өріп шығады. Балапандар 45 күннен кейін әр 16 сағат сайын жұмыртқалайды, - дейді Ғалымжан.

Оның өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі артып, ол құсты күтіп-баптаудың түрлі әдісі жазылған журналдар мен ғаламторды ақтарды. Сонымен бірге, Ғалымжан бөдене жұмыртқасының көп ауруға ем болатыны жазылған танымдық материалдардан бөдене етінің холестеринсіз, ал, жұмыртқасы дәрумендігі жағынан тауықтыкінен үш есе құнарлы екенін білгенін айтады.

- Бөдене жұмыртқасын үнемі жеп тұрсаңыз, жүйке жүйесінің қызметін жақсартуға септігін тигізеді. Оның құрамындағы фосфор, калий, темір есте сақтау қабілетін жақсартады. Мамандар шикі бөдене жұмыртқасын балалар мен үлкендерге беріп тұруға кеңес береді.

Бөдене жұмыртқасын күнделікті тұтыну қан қысымын қалпына келтіріп, ас қорытуды жақсартады. Оларды сырқат және денсаулығы әлсіз адамдарға беруге кеңес беріледі. Себебі, бөдене жұмыртқасы антибактериалды әрі оның иммунитет көтеретін қасиеті бар. Бұл анемия, бас ауруы, демікпе, бронхалық астма, жүйке, туберкулез, тұмау, ішек, әсіресе, асқазан жарасы гастритіне бірден-бір ем, - деп бөлісті Ғалымжан.

Жанар жолдасына көмектесіп отырады. Олардың бес баласы бар, кенжесі әлі жасқа толмаған. Үлкендері оқуда, олар да босай қалса, әке-шешесіне көмекке келеді.

- Қыста қатты сырқаттанғанда балам бөденелерден сорпа пісірген. Еті дәмді, жеңіл екен. Сол сорпадан бас ауруымнан тез айықтым. Мен он баланың анасымын. Кішкене немеремді өзім бағамын, балалардың қадамдары оң болса деп тілеп отырамын, - дейді 76 жастағы Күләш апа.

Бүгінде ауылда бөдене жұмыртқасына сұраныс артып келеді. Ғалымжан ауылдастарына оларды төмен бағамен сатса, қалғанын ауданға, қалаға апарып сатуда. Бөдене жұмыртқасының біреуі 50 теңгеден. Оны көп адам ем үшін пайдаланады екен.

Ғалымжан, сондай-ақ, жақында құс өсіру шаруашылығын дамыту үшін 1,5 гектар жер телімін жалға алды. Бөденеден бөлек, ол тауық пен қаз өсіруді жоспарлап отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


14 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.