Атырау, 28 желтоқсан 15:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Мұнархан қажы АЛИМОВ: «Кішіпейілділік, ұялшақтық секілді көркем мінезде болыңыз»

4 005 просмотра

Қ.Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Мұнархан қажы Алимов аталмыш мешіт жамағаттарынан түскен қажылыққа қатысты бірқатар сұрақтарға жауап береді.

- Мұнархан қажы, мұсылман бауырлардың қажылық сапарға аттанар сәті де таяды. Мешіт жамағаттарының оған дайындығы қалай

- Дайындық жаман емес. Қазанның 1-інен 10-ына дейін «Иманғали» мешітінде сабақ өтеді. Қажылар 11-12 қазанда Алматыда болуы керек. Қажылық мұсылманның бесінші парызы ғой. Оған мұсылман адамға өмірінде бір рет бару парыз етілген. Алайда қаражаты жоқ адам бұл парызын өтей алмаса, онда ол үзірлі себеппен өтей алмаған болады, яғни күнә арқаламайды.

- Денсаулығы нашар адам да солай ғой?

- Иә. Бірақ, денсаулығы жоқ адам егер ақшасы бар болса, орнына өзге адамды жұмсай алады. Мұндай жағдайда ақшаны алып қажылыққа барған адамға умра (кіші) қажылық жазылады да, ақшаны берген адамға, яғни ақша иесіне үлкен қажылық жазылады.

Жалпы, пенде өзі қажылыққа үш нәрсе арқылы барады екен. Бірінші Алланың қалауымен, екінші Ибраһим пайғамбардың қалауымен, үшінші шайтанның шақыруымен. Алғашқы екі шақырумен барғандар өз ғибадаттарын ықыласпен істейді. Ал шайтанның қалауымен баратындар құлшылықтарына енжар қарайды. Қажылық кезінде ұйқымен, қыдырыспен уақыт өткізіп, өзін бейне бір туристік сапарда жүргендей сезінеді.

- Қажылыққа ниет еткен мұсылман бауырлар өзін оған қандай амалдармен дайындауы керек?

-Қажылыққа ниет етушілер ең бірінші Аллаға жақындап және оның ризалығын табуға ұмтылуы, яғни, атақ құмарлық, мақтангершіліктен арылуы керек. Өткен күнәларына өкініп, тәубеге келіп, оны қайталамауға шешім қабылдағаны жөн. Егер біреулерге қатысты әділетсіздік жасаған болсаңыз, кешірім сұраңыз. Егер ол әділетсіздік мал-дүниемен қатысты болса, оны өз иесіне қайтарып, орнын толтырыңыз.Қажылыққа адал жолмен тапқан қаражатыңызды пайдаланыңыз. Өйткені Алла жақсыны ғана қабыл етеді.Ешкімге зиян тигізбеңіз, балағаттамаңыз, сыртынан тілдемеңіз, дауласпаңыз және өтірік айтпаңыз.Барлық парыздарға, оның ішінде бес уақыт намазды жамағатпен оқуға көңіл бөліңіз, Құран оқыңыз, зікір, дұға қылыңыз, адамдарға қарайласыңыз, мұқтаждарға көмек қолын созып, кедей-кепшікке садақа таратыңыз. Сабырлылық, кешірімшілдік, жайсаңдық, жұмсақтық, кішіпейілділік, жомарттық, әділдік, мейірімділік, аманатшылдық, ұялшақтық сияқты көркем мінезде болыңыз.Сапарға шығар алдында отбасыңызға Аллаға бойсұнуда болуды табыстаңыз.

- Парызын өтеуге бірінші рет барып тұрған мұсылмандар әдетте басымырақ болады. Сол себепті қажылық пен оның амалдарының басталатын жері болып табылатын миқат туралы және ихрам қаліне өту жайында түсінік бере кетсеңіз. Сонымен қатар, қажылықта ихрам киетін жер бесеу көрінеді. Ол қандай мекендер?

-Миқат - қажылық пен оның амалдары басталатын жер. Қажылықты елінен ниет етіп шыққан адамдар осы жерге келгенде ихрам халіне өтіп (яғни, қажылық амалдарын бастауға) ниет етеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) бес мекенді ихрам киетін жер ретінде белгілеп кеткен. Олар:  Зул-хуләйфа. Ол – Мәдина қаласына жақын маңда орналасқан жер. Мәдина тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдар ихрам киімін осында киеді. Әл-жухфа. Ол – Рабиғ қаласына жақын маңда орналасқан ауыл. Меккеден 200 шақырымдай қашық. Бұл жерде Египет, Шам (Иордания, Сирия, Палестина, Ливан) тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдар ихрам киеді. Қарнул-мәнәзил. Нәжд (Сауд Арабиясының орталық және шығыс аудандары) тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері. Яләмләм. Йемен тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері. Зәту ғирқ. Ирак тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері.

Қажылық жасауға ниет еткен әрбір адам осы жерден өтерде ихрам киімін киюі уәжіп. Ихрам киімі екі бөлек таза ақ матадан тұрады. Әйел кісінің арнайы ихрам киімі болмайды, күнделікті киетін кез-келген ақ, қызыл, сары, көк немесе жасыл түсті киім кие береді. Алайда аса сәндену жөн емес.

Сұхбаттасқан Тарас МАНАПҰЛЫ

29 қыркүйек 2011, 16:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.