Атырау, 28 қараша 11:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Балық аулау мерзімін ұзартпаса, әлеуметтік шиеленіске ұрындырар еді»

4 900 просмотра

Image 0

Біз Қиғаш өзенінің бойында балық аулау мерзімінің 25 мамырға дейін ұзартылғаны жайында хабарлағанбыз. Бұл мәселені өз бақылауында ұстаған сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ «АЖ»-ға осы уақытқа дейін мерзімді ұзартуға не кедергі болғанын айтып берді.

- 2014 жылғы 29 қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес, балық ресурстарын пайдалануға шектеу мен тыйым салу, орындары мен мерзімдерін белгілеу үкіметтен осы саладағы уәкілетті органға берілді. Бұндай орган бүгінгі күні ауыл шаруашылығы министрлігі болып табылады.

Image 1Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ - Қиғаш өзенінен балық аулауға 1 мамырдан бастап тыйым салудың себебі неде?

- Жалпы қолданыстағы заңнамалардың мақсаты - жануарлар дүниесін, соның ішінде балық ресурстарын қорғау, оларды үнемді пайдалану, олардың табиғи өсуіне жағдай жасау. Сондықтан мемлекет тарапынан бұндай шектеулердің белгіленуі дұрыс. Бұл - әлемдік тәжірибе.

Бірақ басқа балық шаруашылығы бассейндерімен салыстырғанда Қиғаш өзенінің ерекшелігі бар. Қиғаш өзені Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны бөліп жатыр. ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 3 қарашадағы №1137 Қаулысымен Қиғаш өзені халықаралық маңызы бар трансшекаралық су тоғаны болып белгіленді. Сондықтан, Қиғаштан Ресей Федерациясының балықшы кәсіпорындары да балық аулайды. Ал, Ресей өз балықшыларына Қиғаш өзенінен мамыр айының 25-не дейін балық аулауға рұқсат етілген.

Бұл өз кезегінде балықшылардың алатын өніміне, олардың еңбекақысы мен тұрмыстық жағдайларына, мемлекетке түсетін түсімнің мөлшеріне де кері әсерін тигізіп отыр. Қиғаш өзенінен ауланатын балықтың 80 пайызы көктемгі балық аулау маусымына тиесілі.

Қиғаш өзенінің жағасында орналасқан 6 ауылдық округке қарайтын 11 елді мекендегі 12 мыңға жуық тұрғынның негізгі тіршілігі балық шаруашылығымен байланысты. Құрманғазы ауданы бойынша 5 табиғат пайдаланушыға 2022 жылға дейінгі 10 жыл мерзімге балық шаруашылығы учаскелері бөлініп берілген. Балық аулаушы кәсіпорындардың көрсеткіштері жылдан-жылға өсіп келеді, олардың өнімдері бәсекеге қабілетті, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие.

Жергілікті билік те, балық аулаушы кәсіпорындар да балық шаруашылығының дамуына мүдделі. Мемлекеттің де басты бағыттарының бірі - ауылдық жердегі кәсіпкерлікті, өңдеуші кәсіпорындарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсету. Сол себепті осындай жағдайда Қиғаш өзенінен балық аулау мерзімін 1 мамырға дейін шектеп, Ресей балықшыларымен салыстырғанда 25 күн бұрын қызметтерін тоқтату түсініксіз.

- Қиғашта балық аулау мерзімін ұзарту мәселесін шешуге не кедергі болды?

- Кеңес Одағы кезеңінде Қиғаш өзенінен балық аулау мамыр айының 25-не дейін рұқсат етілген.

2013 жылдың қаңтарында мен ҚР Үкімет басшысына балық шаруашылығына байланысты нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру туралы депутаттық сұрау жолдадым. Оның ішінде Қиғаш өзенінен балық аулау мерзімін Ресей Федерациясы сияқты мамырдың 25-іне дейін ұзарту қажеттілігін көрсеттім.

Үкімет менің бұл ұсынысыммен келісіп, жоғарыда аталған ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 7 наурыздағы №303 Қаулысына өзгеріс енгізді. Бірақ ҚР Бас Прокуратурасының наразылығына байланысты енгізілген өзгерістердің күші жойылып, бұрынғы мерзім қайтадан бекітілді.

Бас Прокуратура Қиғаш өзенінен балық аулау мерзімін 25 мамырға дейін ұзарту балық ресурсының өсуіне зиянын тигізетінін және «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің (әрі қарай - ҚазБШҒЗИ) қорытындысының толық берілмегенін алға тартып, өз ұстанымдарында қалды.

Осыған байланысты мен 2014 жылғы 14 ақпанда Ресей Федерациясының Астрахан қаласындағы Каспий балық шаруашылығы ғылыми институтының (әрі қарай - КаспБШҒИ) басшылығы және ғылыми қызметкерлерімен кездесу өткіздім.

Ресей ғалымдары Қиғаш өзенінен 25-інші мамырға дейін балық аулауға рұқсат беру көп жылғы ғылыми-тәжірибелік зерттеулер қорытындысында белгіленгенін және ол балық өсіміне кері әсерін тигізбейтінін, сондықтан оны 1 мамырға өзгертуге негіз жоқ екенін айтты. Сонымен бірге, көктемгі балық аулау маусымында Қиғаш өзеніне балық сәуір айының аяғында кіре бастайтынын, негізгі жүру уақыты мамырдың 1-і мен 15-сі аралығында өтетінін хабарлады.

Осы сапардан соң мен 2014 жылғы ақпанда Бас Прокурор Асхат Дауылбаевпен кездестім. Біз бұл мәселені Бас Прокуратура және тиісті министрлік пен ғылыми зерттеу мекемелері мамандарының қатысуымен қарауға келістік. Осы кездесудің нәтижесінде «ҚазБШҒЗИ» ЖШС қалыптасқан табиғи және өзге де жағдайларды, яғни, мұздың кеш түсуін, Ресей ғалымдарының қорытындысын ескере отырып, Қиғаш өзенінен балық аулау мерзіміне байланысты қосымша сараптамалық қорытынды жасауға келісті. Мәселені ғылыми тұрғыдан пысықтау мен оның қорытындысын тездетіп алу қажеттілігіне байланысты «ҚазБШҒЗИ» ЖШС-нің бас директоры Қуаныш ИСАБЕКОВПЕН кездестім. 2014 жылғы 28 ақпанда мен екінші рет ҚР Үкімет басшысына депутаттық сұрау жолдадым. ҚР-ның сол кездегі премьер-министрі Серік АХМЕТОВ Қазақстан мен Ресей арасындағы Қиғаш өзеніндегі әр түрлі балық аулау мерзімдерінен туындап жатқан Атырау өңірі балықшыларының түсінбеушіліктерін орынды деп санайтынын және бұл мәселені шешу шаралары алынып жатқанын хабарлады.

Өз кезегінде «ҚазБШҒЗИ» ЖШС қысқа мерзім ішінде қосымша зерттеу жүргізіп, Қиғаш өзенінен балық аулауды 2014 жылғы мамырдың 15-не дейін созу туралы қорытынды жасады.

Қиғаш өзенінен балық аулау мерзімі туралы қисынсыз шешімнің әлеуметтік шиленіске ұрындыруы мүмкіндігі туралы сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВҚА кіріп баяндадым. Ол өз тарапынан қолдау көрсететінін білдірді.

Осы жылғы 5 ақпанда мен ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВКЕ депутаттық сұрау жолдап, Қиғаш өзенінен балық аулау мерзімін 25 мамырға өзгерту туралы бұйрықты тездетіп алу туралы ұсыныс бердім.

Бұл сұрақ бойынша екінші рет ҚР Бас Прокуроры Асхат Дауылбаевпен кездестім. Бас Прокурор Қиғаш өзеніне байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, тиісті ғылыми зерттеу институтының қорытындысы болған жағдайда балық аулау мерзімін 25 мамырға дейін аулауға наразылық келтірмейтінін білдірді.

2015 жылғы 1 сәуір күні Бас Прокуратура Ауыл шаруашылығы министрінің «Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» Бұйрығының жобасына ұсыныстар мен ескертпелерінің жоқ екенін жазбаша хабарлады.

Қазіргі кезде министр А. Мамытбеков бұйрыққа қол қойды, енді бұйрық ішкі келісу ресімдеуден өтуде.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.