Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына енгізіліп отырған өзгерістерді жария етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Ғ.Нығметов атап өткендей, өзгеріс көбіне үміткерлердің шет тілін білінуе қатысты болып отыр.
«Болашақ» бағдарламасы 1993 жылы құрылғанын білесіздер. 1994 жылдан бастан біздің бірінші стипендиаттарымыз шетелге жіберіле бастады. 1994-2004 жылдар ішінде 700-ден астам стипендия бөлінді. 2005 жылы Елбасының Жолдауында «Болашақ» стипендиясының саны үш мыңға дейін көбейтілді. 2005 жылы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» құрылды. 2005 жылдан бастап жыл сайын 700-800 адам осы стипендияға ие бола бастады. Осы он жыл ішінде бакалавриат бағдарламасы, ғылыми тағлымдамалар ашылды. Қазір «Болашақ» стипендияларының саны 11 мыңнан асты. 8 мың стипендиат шетелде оқуларын бітіріп, Қазақстанға оралып, экономиканың басым салаларында жұмыс істеп жатыр. Солардың 48 пайызы мемлекеттік мекемелер мен компанияларда қызмет атқаруда, 2,5 пайызы ұлттық компанияларда тер төгіп жүр, 225 түлегіміз ұлттық компаниялардың менеджері. 11 пайызы халықаралық ұйымдар мен компанияларда жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, түлектердің 45 пайызы жеке секторларда. Биыл Үкімет қаулысымен жаңа ережелер қабылданды. 13 сәуірден бастап біз «Болашақ» бағдарламасына құжаттар қабылдай бастадық. Биыл құжат қабылдайтын науқан үшке бөлінді. Сәуірден бастап екі ай бойы құжаттар қабылдаймыз. Құжаттарды «e-gov» порталы арқылы, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да қабылдай береміз. Одан кейін, шілде, тамыз және желтоқсан айларында республикалық комиссия стипендияларды тағайындайды»,-деген Ғ.Нығметов жалпы құжаттар осы жылдың 1 қарашасына дейін қабылданатынын жеткізді.
Орталық басшысының айтуынша, биыл квоталық категория бойынша құжат тапсыратын үміткерлердің ағылшын тілін білу деңгейі жаңа стандарт – «6+6» үлгісі бойынша тексеріледі.
«Бағдарламаға квоталық категория ретінде мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер, ЖОО түлектері мен мәдениет және БАҚ қызметкерлері қатыса алады. Инженерлер, медициналық қызметкерлер мен ғылыми-педагогикалық қызметкерлер үшін халықаралық тәжірибе бағдарламасы да жалғасады. Квоталық категориядағы үміткерлер бұрын ағылшын тілін IELTS 4.0 деңгейінде білуі керек еді. Ал, енді бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы жылдың қыркүйек-қазан айларынан бастап квоталық категориялардың тілдік дайындығы жаңа «6+6» үлгісі бойынша қаралады. Яғни, квоталық стипендиат алғашқы алты айда Қазақстанда, атап айтсақ, Алматы және Астана қалаларында орналасқан екі орталықта тілдік дайындықтан өтіп, содан кейін ғана тілді толық меңгеру үшін алты айға шетелге жіберіледі. Яғни, квоталық категория үшін тіл үйрену мерзімі 18 айдан 12 айға дейін қысқартылып отыр»,-деп түсіндірді Ғ.Нығметов.
Дереккөз: bnews.kz
21 сәуір 2015, 14:49