Атырау, 28 желтоқсан 16:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Аңыздарды жоққа шығарған археолог Галкин

3 967 просмотра

Кез-келген тарихи немесе мәдени игілік секілді, біздің жалғыз ғана мақтанышымыз бар, ол аңыздарға толы  - Сарайшық. Осы кешенге аяқ басқан әрбір жан Алтын қайықпен Секер көлде серуен құрған ару, айнала ұшқан аққулар туралы естіген шығар. Керемет қой. «Бос сөз!» дейді, тұспалдамай шорт кескен Лев Леонидович ГАЛКИН. Не деуге болады - дипломат емес, қалашыққа 30 жылдан астам уақытын арнаған ғалым.

ЕГЕР СҮЙЕКТЕРГЕ ТІЛ БІТСЕ ҒОЙ

Гамлет бейшара Йориктің қуыс болған көз шарасына қарауға әуес болған жалғыз жан емес екен.

- Мен алғаш қазындыға аяқ басқан кезде, маған адам дауыстарының у-шуы естілгендей болып, тұла бойым түршігіп кетті. Сіз тылсым құбылысты бастан кешіріп көрдіңіз бе? Өмір бойы адамдардың сүйек қаңқаларының арасында жүрдіңіз ғой.

Лев Леонидович мырс етті. Кеңестік дәуірде ысылған атеист тек фактілерге ғана сенеді. «Қазындылар арасында түнеген сізге қолайлы ма?» деп, мен де қоймадым.

- Әрине, кез-келген адам қаңқасымен құшақтасып ұйықтай аламын. Ештеңе де жоқ қой. Энергиясы, жаны, бәрі шіріп кеткен.

АЯҚ САУ КЕЗДЕ ЖҮРУ КЕРЕК

Ол бұл жерге алғаш 1975 жылы аяқ басыпты. Содан кейін жыл сайын келіп тұрған. Өзі экспедицияға да басшылық еткен. Одақ ыдырағаннан кейін, «контрреволюция» деп аталған кезде қазақстандық экспедицияның құрамында да жұмыс істеген. Ол осы сөзді алғаш айтқан кезде күліп жібердім. Ол шамданып: «Сіз мұнымен келіспейсіз бе?» - деді. Тарихқа, мәдениетке, өткенге қазіргі көзқарас, материалдық артықшылық пен өткенге бей-жай қарау, осының бәрі оның ызасын келтіреді. Ол енді ештеңеге де, ешкімге де сенбейді. Алтын Ордаға өзін жетелеп апара алатын тек  көзіне, аяғына және күрегін мықты етіп ұстаған екі қолына ғана сенімді. Мен алғашқы сәттерде-ақ оның жасы нешеде екен деген ойға қалдым. Оған 70-тен артық жас бермейсің. Мықты атай, жүрісі де нық. Сөйлей жөнелгенде, дауысы жас жігіттің дауысындай, ал есте сақтау қабілеті болса... «Тіпті, үш ұйықтасам да түсіме кірмепті» дедім оған шын жасын естігенде. Жасы 84-те екен. 15 жасында флотқа өз еркімен сұранып барыпты. Ал МГУ университетін 1 рангтегі капитан Галкин 36 жасында тәмамдаған. Теңізші-археолог. Жасын білгеннен кейін, бұлайша жас көріну құпиясын сұрадым.

- Мен ешқашан темекі шеккен емеспін. Бұл бастысы болар деп ойлаймын. Бірақ отты суды жақсы іштім. Енді ше? Мен Юнгалар мектебінен рейдтік тралшы боп келгеннен кейін, маған стаканға арақ құйып беріп: ал, енді сенің қандай теңізші екеніңді көрейік деді. Ол кезде менің жасым он алтыда болатын. Бұған дейін ешқашан ішкен емеспін. Қайда кетейін, содан соң түбіне дейін алып қоюыма тура келді. Содан соң құладым. Әрине, бірден емес. Біліп қойыңыз, археологтар арақты да жек көрмейді.

- Сіз сонда спирттелген болдыңыз ғой.

- Солай болғаны. Ал жадым жаттыққанды жақсы көреді. Жалпы қай жағынан да қозғалыс болу керек. Сіз маған, неге Мәскеуде отырмайсыз дейсіз. Неге отырам? Отырсам – бірден өлемін.

ҚАЛА БІЗДЕН ЕКІ НАЙЗА ҚАШЫҚТЫҚТА

Ал біздің әңгімеміздің арқауы - Сарайшық. Бірақ ол бұған қатысты жария қылуды аса қаламайды. Білмеймін, бәлкім бұл таза ғылыми тұрғыдағы жайттар шығар, бірақ әр сөзін тартып шығаруға тура келді. Жалпы ол бұл жерге өз кітабын басып шығаратын адам іздеп келіпті.

- Онда Сарайшық туралы тарау бар. Бүкіл материал жинақталып қойды. Тек жүйелеп орналастыру керек. Келер жылдың мамырында қаржыландыру мәселесін талқылауға болады деп ойлаймын.

- 36 жыл бұрын Сарайшық қандай еді?

 - Дәл қазіргідей, тек 50 метрдей енді еді.

- Яғни, Жайық жылына бір жарым метрдей жерді жалмап жатқан болды ғой. Демек, бірнеше жылдан кейін өзен ортағасырлық Сарайджукты жер бетінен жоятын болғаны ма?

- Неге? Ол жерде бүкіл қала дерлік жатқан жоқ па? Қалашық белгіленген жерден анағұрлым ауқымды жерді алып жатыр. Құрлыққа дейін екі штык жер(найзалы күрекпен екі рет қазу, шамамен 25-50 см – З.Б.), ал мәдени қабаттың тереңдігі 2-ден 4 метрге дейін. Қазылып, табылған жерлер Марғұланның, менің және тағы біреулердің кезінде ашылған... Бірақ ешкімге ештеңе де керек емес, тек ақша болмаса.

- Сіздегі мағлұмат бойынша, бұл жұмыстар қаржыландырыла ма, жоқ па?

Ол  әр нәрсені шұқылай бастап, үстелге қарап, содан соң шорт кесті:

- Мен бұл тақырыпқа қатысты мүлдем ештеңе айтпаймын, әйтпесе кейін жақсы болмайды.

Тыныштық орнады. Содан соң мен тақырыпты өзгерттім.

- Сіз Марғұланды айтып отырсыз. Бірақ Сарайшыққа сізден кейін келген және жұртшылыққа кеңінен танымал болған Самашевты атамадыңыз ғой.

- Мен бұл сұраққа комментарий бермеймін.

- Ал Марғұлан ше?

- Марғұлан – адал археолог,  бірақ біздің жолымыз тоғыспады, ол кезде ол қайтыс болған еді.

КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚАРАҚШЫЛАРЫ

- Ең құнды олжа қандай болды?

- Барлығы да құнды.

- Мен материалдық құндылықты айтып отырмын.

- Аа, - деп күңк етті Галкин, - Сіз соны айтып отырсыз ба? Бір алтын монетаны тауып алдым, бірақ бұл жерден емес, Ақтөбеден. Ал Сарайшықтан өртенген саман үйлердің бірінің шатырындағы өртегіш бомба есімде қалып қойыпты.

- Бомба дейсіз бе? 14-16 ғасырларда бомба болған ба?! Сонда ол неден жасалған?

- Білмеймін, мұнайдан шығар. Осындай саз ба, әлде керамикадан ба, жасалған шарларды жер-жерден жиі табатынбыз. Бірақ оның қандай мақсатқа қолданылғанын біле алмап едік. Содан соң өртенген шатырды тапқаннан кейін барып түсіндік. Бәлкім, 16 ғасырда Сарайшық осылай өртенген шығар. Катапульталар Сарайшық соңғы өртенгенге дейінгі көп уақыт бұрын белгілі болды. Қарақшылар оны қалаға жағалаудан тұрып лақтыруы мүмкін.

- Каспий теңізінің қарақшылары ма?

- Иә, қарақшылар. Бұл жерде, айтпақшы,  жағалаудағы қалаларды тонаған Еділдің казак-тонаушылары, тіпті генуялық қарақшылар ғана қожалық етпеген. Бұл туралы жазылған мақаламды «Вокруг света» журналынан оқи аласыз. Сарайшықты жиі тонап, жастарды құлдыққа алып кеткен, қыздар мен әйелдерді тұтқынға алып, молаларды тіксінбей тонаған...

- Бірақ мұсылмандар мүрденің жанына бағалы заттарды бірге көмбеген ғой.

-  Дегенмен де, киімдерін, әшекейлерін алып кеткен.

- Сосын, бір күні қаланы тып-типыл етіп өртеп жіберген...

- Иә, 1583 жылы.

МОЛА АСТЫНДАҒЫ ҚАЛА

Шынымен де, 1998 жылы «Вокруг света» журналында «Генуэзские пираты на ... Каспии» деп аталатын мақала жарық көріпті. Онда Лев Леонидович Сарайшықтың жойылуына қатысты өз пікірін білдірген.

- Орасан зор қаланы жер бетінен бандиттердің жоқ қылғанына сену қиын. Сарайшықта ол гүлденген кезеңде халықтың саны қанша болған?

- 50 мыңнан аспаған деп ойлаймын.

- Ал мен одан көп болған деп естігем. Енді халық аузында жүрген аңыздарға шолу жасайықшы. Секер көл, алтын қайық, озық канализациялық жүйе, тамақтағы уды айыратын ыдыс, осының бәрі рас па, әлде халықтың ойдан шығарғаны ма?

- Канализация құбырларын көрдім, ал басқаларын... Айталық, егер мен далада алтын тікұшақ көмілген десем, сіз сенесіз бе? Ал алтын қайық туралы аңыз әңгіменің бұдан не айырмашылығы бар? Ол кезде өзенді тәтті ететін қант та көп болмаған. Мұның бәрі бос сөз. У айыратын ыдыс – бөлек әңгіме. Теңіз толқынымен түстес әдемі тостағандар жиі кездесетін, бірақ бұл байларға арналған қымбат ыдыс қана.

-  Бірақ бұл аңыздар тектен текке айтылмайды ғой. Сонда бұл сол қалалардың байлығына, айбындылығына, қуаттылығына сүйсінген қарапайым халықтың қиялы ғана ма?

- Бұл сұраққа өзіңіз жауап бердіңіз.

- Сарайшық қаласы мен оның халқы қалай өмір сүрген?

- Бұл керуен жолындағы кәсіпшілікпен, сауда-саттықпен айналысқан саяси орталық болған. Бір уақыттарда тіпті Ноғай ордасының астанасы болыпты. Хандар қаланы сүннет бағытындағы мұсылмандық дін басыларымен тығыз байланыста басқарған. Екі тараптан ағылып жатқан үлкен керуендерге қызмет көрсететін ауқатты ұлыс (облыс) орталығы болған. Сарайшықтың мәдениеті мен өнеріне Хорезм және керуендер келетін елдердің барлығы елеулі ықпал еткен. Бұл жерде адамдар ауқатты өмір сүрген, әр үйден жануарлар мен бекіре балықтарының қаңқаларын көп таптық. Қолөнер жақсы өркендеген. Құю қалыптары, ұстаханалар көп табылды. Сазды, сүйекті, ағашты шебер өңдеген, зергерлік өнер өте жоғары дамыған.

- Ол кезде өзін құрметтейтін ханның жеке монета сарайы болған ғой.

- Мұндай Сарайшықта да болған. Әдеттегідей, жаңа монеталарды, керамикалық бұйымдарды жаңа жыл (Наурыз) басталғанда шығарып отырған. Онда 12 жылдық цикл бойынша басталатын жыл жануарының символы бейнеленген. Ол жерден тіпті монета құюға арналған дайындаманы да кезіктірдім. Бірақ ол шайылып кеткен екен.

- Сарайшық тұрғындарының ұлты кім болған және қай тілде сөйлеген?

- Түрік тілінде. Олар қазіргі қазақтар бөлінетіндегідей ру топтарынан құрылған: ноғайлар, қыпшақтар болып...

- Яғни, олар біздің этникалық ата-бабаларымыз ба?

- Иә, оған күмән жоқ.

- Ашылған қаланың, дәлірек айтқанда сіз қазған қаланың жалпы алаңы қандай?

- Ондай көп емес.  Мен үш қазба жұмыстарын жүргіздім. Әрбіреуі 8-де 4 метр болады. Бір үйдің көлеміндей дерлік. Үйлер саз балшықтан салынған, бір қабатты, төбелері қамыспен жабылып, сазбен майланған.

- Мұндай үйлер 70-ші жылдарға дейін біздің ауылдарымызда болған сияқты... Біз оларды саман үйлер деп атайтынбыз.

- Иә, солар.

- Ал қалада неліктен адам қаңқалары өте көп? Олардың кейбіріне қарап отырып, сарайшықтықтар қайтқан адамдарды өз үйлерінің жанына көме бергендей әсерде қаласың. Әлде қарақшылар бір түнде адамдарды қырып тастайтыны сондай, оларды жерлейтін ешкім болмай ма екен?

- Мұның екеуі де қате. Сарайшықтықтар марқұм болғандарды ислам қағидалары бойынша жерлеген. Қала жойылған кезде, оның аумағында кезінде көптеген хандар мен әулиелер жерленгендіктен, бұл жерге киелі, қасиетті жер деген ұғым таңылған. Бұл жерде шынымен әулиелер де, хандар да жерленген. Сондықтан әрбір мұсылман өзінің марқұм болған туысын дәл осы жерге жерлеуді абырой деп білген. Осылайша ол қала үстінде тұрған молаларға айналған.

- Сіз өз көзіңіз бен құлағыңыздан басқа Сарайшықты суреттеушілердің бәріне шүбәмен қарайсыз. Бұдан басқа қандай сілтемелерді сенуге лайық деп есептейсіз? Марко Поло ма, Ибн Батута ма?…

- Марко Полоның Сарайшық туралы айтқанын есіме түсіре алмай отырмын. Олардың уақыт кезеңдері сәйкес келмеген секілді. Бірақ Ибн Батутада шындыққа сай келетін мәліметтер бар екені күмәнсіз. Шынымды айтсам, басқа ешкімді есіме түсіре алмай отырмын.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген В. Истомин

29 қыркүйек 2011, 19:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.