Бұл бір айрықша форум болды. Қатысушылардың басым көпшілігінің екі күндік іс-шараның жұмыс сессияларына ықыласпен қатысуымен қатар Қазақстан геологиясының болашағына байланысты қызықты ақпараттардың көптігі форумды қыздыра түсті. Сондай-ақ, бай тәжірибелі кеңестік формация мамандары да, қабырғалары қата қоймаған қазақстандық МВА-геологтар да «Қазақстан геологиялық барлауы: Басты назарда Мұнай және Газ» тақырыбындағы 1-халықаралық форумда барынша ашық пікірлесті.
Бір қызығы, тәуелсіз Қазақстанның мұнай және газ ресурстарын белсенді игеріп жатқанына жиырма жылдан аса уақыт өтсе де, геологтар осындай кең құрамда бірінші рет кездесіп тұр екен.
Мұнай бағасына байланысты бүгінгі шиеленісті жағдайларға қарамастан, форум басында айтылған сандар көңілге демеу болатындай. Егер 2009 жылға дейін Қазақстанның болжалды ресурстары 22 млрд тоннаны құраса, 15 мұнай және газ шығатын бассейндерге қайта жүргізілген бағалаулардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 36 млрд тоннаға дейін өскен. Жаңартылған геологиялық деректерге сәйкес, мұнай мен газ шөгінділерінің 72%-ы Атырау облысының, 12%-ы Маңғыстау облысының еншісінде, ал, қалғандары тағы бес өңірде табылған. Солардың ішінде Зайсан көлі (Шығыс Қазақстан облысы) маңында дегені құлаққа таңсық естілді.
Белгілі геолог, «АқАй» ЖШС Бас директоры Орал АҚШОЛАҚОВТЫҢ айтуынша, 2015-2018 жылдарда барлауға ұсынылғандарды қарапайым есептеудің өзі геологиялық құрылымдардың бұрғылау бойынша көпжылдық тәжірибелеріне сүйене отырып, болжалды қорларды 4,7 млрд тоннаға арттыруға мүмкіндік береді екен. Қазақстан аумағында соңғы 100 жылда небары 1,68 млрд тонна мұнай өндірілген.
Алдағы төрт жыл ішінде геологиялық барлауға, негізінен, жеке инвестициялар есебінен 900 млрд теңге қаржы бөлінеді. Энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН ең қолайлы геологиялық жағдайлар Каспий маңы бассейні орталық бөлігінің 6-8 шақырым тереңдігінде орналасқан, сондықтан да оларға жету оңай емес екенін атап өтті. Алайда мұнай компанияларын техникалық проблемалармен қатар баға айналасындағы келеңсіз ахуал да алаңдатып отыр: бірқатар компаниялардан мемлекеттік органдарға қазірдің өзінде айналым құралдарын қаржыландырудағы проблемалар мен несиелік ресурстарға қолжетімділіктің қиындап кетуіне байланысты геологиялық міндеттемелерді кейінге шегере тұру туралы өтініштер келіп түскен. Келесі мәселе өндірудің өзіндік құнының жоғары болуына байланысты анықталған қорлардың барлығы бірдей коммерциялық тиімді еместігіне тіреліп тұр.
«ҚМГ» ТЕРЕҢГЕ ТҮСПЕКШІ
Алдағы жылдары «ЕмбіМұнайГаз» АҚ шетелдік мұнай компанияларымен бәсекелесе отырып, тұзасты кен орындарын іздеуді қолға алмақшы. Бұл туралы «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ: «Зерттеулеріміздің негізінде біз 5-9 шақырым аралығында жақсы табыс көзін көріп отырмыз», - дей келе компания энергетика министрлігі және геология комитетімен геологиялық барлау келісімшарттарының талаптары туралы тікелей келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Компаниялардың тереңдегі мұнайға назар аударуларын түсінуге де болады. «ЕМГ» өздерінің өндіріп жатқан ресурстарының орнын жыл сайын толтырып отыратындығына (негізінен, «Қисымбай» және «Прорва» кен орындары қорларын кері бағалаудың арқасында) қарамастан, компанияда олардың көлемін «шағын» деп бағалап отыр. Тұрақты түрде жылына 2,8 млн тонна көлемді өндірумен енді 10-15 жылда қорлардың таусылуын күтуге болады.
Қ. Есқазиев хабарлағандай, қолдағы геологиялық ақпараттарды талдағаннан кейін Құрманғазы ауданындағы Қошалақ ауылы мен «Түйелі» тұзасты учаскесінде 2D/3D сейсмикасы мен бұрғылау жүргізу, Забурын ауылы маңында (Нарын құмы және «Сазанқұрақ» кен орны жағында) сейсмикалық зерттеулер мен бұрғылауды, сондай-ақ, «Сарайшық» құрылымында геологиялық барлау басталады. «Лиман» блогында жүргізілген бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде 5 млн тоннадай қоры бар «Новобогат» ернеуасты кен орны ашылды. Сейсмикалық зерттеулер Қызылқоға ауданында да ірі шөгінділер бар екенін көрсетті. Сол жерде қосымша сейсмикалық жұмыстардан кейін «Кенбай-тұзасты» ұңғымасын бұрғылау басталады.
Геологиялық барлауға бөлінетін инвестицияның жалпы сомасы 750-800 млн доллар шегінде болады деп күтілуде және «ЕМГ» ықтимал тәуекелдерді стратегиялық инвестормен бөліспекші. Қ. Есқазиев бұрғылау жұмыстары сәтті өтсе, «ЕмбіМұнайГаз» 10 жылдан кейін өндіріс көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін жеткізе алатынын болжайды. Жоғарыда аталған жобалар бойынша жұмыстар 2016 жылы үкіметпен жүргізіліп жатқан келіссөздер аяқталған соң басталады деп күтілуде.
Қорларды толтырудың екінші көзі жұмыс жасап тұрған кен орындарының мұнай алу коэффициенттерін арттыру болып қалуда. «ҚазМұнайГаз» Атырау мен Ақтаудағы кеңселері жаңа зертханалық жабдықтармен жарақталатын «ҚМГ бұрғылау және өндіру ҒЗИ» ЖШС-ін құрды. Ұлттық компания өзіне инновациялық әріптес ретінде «Шелл» корпорациясын таңдады. Оның өкілі Эдгар ТАГАЛАР Атыраудағы геохимиялық зертхананы жарақтаудың бірінші фазасы аяқталып, 1 сәуірден бастап қызметкерлерді оқыту басталады деп хабарлады.
Э. Тагалар, сондай-ақ, әріптестеріне ҚМГ мен «Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В.» арасындағы ынтымақтастық аясында жүргізілген Маңғыстау облысы «Жаңа Өзен» кен орнындағы аналық жыныстарды бағалау «күрделі өсім көрсеткіштерін анықтаған жоқ», «алынған деректер қолда бар триастық және юра кезеңдері бойынша геологиялық әдебиеттерге сәйкес келмейді» және үлкен кен орны «теңізден емес, көлден түзілгенін» айтып өтті. Тілшілеріңізге бұл ақпараттар ештеңе айтпағанымен, тыңдап отырған адамдардың түрлерінен маңызды нәрсе екені аңғарылды. Мен оларға сендім.
ТЕҢІЗДЕГІЛЕР ТУРАЛЫ
Теңіз жобалары бойынша геологтарды анағұрлым күрделі пікірлер қарсы алды: «Егер құрлықта проблема көп болса, теңізде одан жүз есе үлкен проблема болады», - деп атап өтті «ҚазМұнайТеңіз» ТМК бас директорының орынбасары Агзам КУДРАНОВ. Бұл мұнай компанияларының кезегі сап түзеген Каспий теңізіндегі 14 бұрғылау қондырғысынан тұратын флотты шектеуден басталады.
Бұл жобалардың, мәселен, «Жамбай», «Жемчужина» немесе «Сәтпаев» блоктарындағы жобалардың кешеуілдеуіне, ал, кейде лицензиялық шарттардың орындалмауына әкеледі. Кеме жасайтын зауыттар да тапсырыстарды атқару мерзімін орындай алмайды. Мәселен, қытайлық Оwen Energy 2009 жылы астрахандық «Красные баррикады» зауытына өздігінен көтерілетін бұрғылау қондырғысын жасауға тапсырыс орнатып, содан кейін оны «Ерсай» верфінде дұрыстауға мәжбүр болып, тек бес жылдан кейін теңіздің түркімен секторында пайдалану үшін өздігінен көтерілетін жүзбелі бұрғылау қондырғысын (ӨКЖБҚ) алды. «Н-оперейтинг» ЖШС бас директорының орынбасары Өмірсерік ТАЯУОВ салыстыру үшін француздық «Тоталь» компаниясына Солтүстік теңізіндегі кеніштің бірінен мұнай көзін табудан бастап, оны өндіруді бастағанға дейін бар болғаны төрт жыл қажет болғанын, ал «біз тек бұрғылау қондырғыларын бес жылдап жасаймыз» деп атап өтті.
Алайда бүгінде теңіз мұнайшылары үшін шағын кеніштердегі мұнайды игеруге күмән келтіртіп отырған мұнайдың дүниежүзілік бағасының құбылмалылығы басты проблемаға айналып отыр. А.Кудранов «Жемчужинадағы» барлау аяқталғаннан кейін жоба серіктестерінің алдында 30 миллион тонна қоры бар осы кеніштің тиімділік мәселесі тұрғанын мойындады. «Бәлкім, геологтарға 50 млн тоннадан кем түспейтін қоры бар кеніштерді іздеп, аз құрылымдарды қозғамау керек шығар?».
Қашағанға келер болсақ: NCOC-дың геолог-модельері Нұрбек ҚАРАТАЛОВ іс жүзінде алып үңгірлер болып табылатын карстардың болуына байланысты кеніштің солтүстік-шығыс бөлігі бұрғылаушылар үшін ең проблемалы жер екенін айтты. Ал, «сейсмомәліметтерден жарылу туралы мәліметтерді табу мүмкін емес. Колонна
РЕСЕЙЛІК АУҚЫМ
Форумға ресейлік геологтар қатысты. «Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу геологиялық мұнай институты» ФМУК бас директоры Александр ВАРЛАМОВТЫҢ айтуынша, тіпті, қазір салыстырмалы түрде бұрғылау көлемі аз болса да, РФ-да жыл сайын шығарылатын қорлар өсімі 600-700 миллион тоннаны құрайды. 10-12 мың шағын және орташа 400 кеніштен бөлек ресейлік геологтар құрлықтың континенталды бөлігінде бірнеше алып кеніштер бар екенін жорамалдайды. «Бізге қайраң жағдайына көшудің қажеті жоқ, бірақ үлкен тереңдіктерге көшу мәселесі тұр, сіздерде де солай», - деді меймандардың бірі. Әлі күнге дейін Шығыс Сібір мен Саха Республикасының (Якутия) перспективалы провинцияларындағы 5-6 миллион шаршы шақырым болатын алып алаңдар барланбаған күйде қалып отыр. Ол жерде, ресейлік геологтардың айтуынша, «алмаз құбырлар маңындағы кеніштерде мұнай тамшылап тұр».
Ресейлік әріптестер дәстүрлі емес немесе «тақтатас» мұнайын барлағаннан кейін анағұрлым ауқымды қорлар табылады деп жорамалдап отыр. Саясаткерлер мен «Газпромнан» айырмашылығы, Ресей Федерациясының мұнайшы геологтары мұндай жобалардың өмір сүруге құқығы бар екенін жоққа шығармайды. А.Варламовтың айтуынша, бізбен шекаралас Орынбор облысынан қоры 50 млн тоннадан асатын қоры бар тақтатас мұнайының кеніші табылған. Ал, мұнай-газ қыртыстарының қатары АҚШ-қа қарағанда 3-5 есе көп әйгілі Баженовское кен орнының әлеуеті 10-20 млрд тоннадан кем түспейді.
Ресейлік геологтар Қазақстан-мен біріккен жобалар жасауға қызығушылықтары бар екенін жасырмады. Олар трансшекаралық аумақтарда мұнайдың болжамды қоры 6 млрд тоннаны құрайды деп есептейді. Каспий маңы ойпатының анағұрлым келешегі бар, ол жерден ресейлік геологтардың уәде етуінше, «біз міндетті түрде 1,5-2 млрд тонна аламыз».
15 шақырымдық тірек-параметрлік ұңғыманы бұрғылау жөніндегі атышулы «Еуразия» жобасы туралы геологтар сақтықпен айтты. Тек Қарабалин осы жоба үшін құрылатын консорциумға алғашқы қатысушының белгілі болғанын, оның «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясы екенін мәлімдеп, жүзеге асыру мерзімі 2016-2020 жылдар деп нақтылады. Әзірге аты аталмаған 8-10 компаниядан тұратын консорциумға ресейлік «Росгеология» ААҚ-ның да кіру ықтималдығы зор. Өйткені, 2014 жылдың жазында бұл жоба Атырауда кездесу кезінде екі елдің президенттерінен қолдау тапқан еді.
АСПАНДЫ ЖЫЛЫТУДЫ ДОҒАРУ КЕРЕК
Форум барысында көптеген шалғай кеніштер үшін өзекті болған ілеспе газды кәдеге жаратудың соңғы технологиялық шешімі де ұсынылды. Энергетика вице-министрі Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВ, тіпті, экологиялық айыппұлдар күшейтілгеннен кейін мұнайшылардың, ресми мәліметтер бойынша, жыл сайын 1 миллиард текше метрдей газ өртейтіндігін хабарлады. Дегенмен, бұл цифрлар, оның айтуынша, дұрысында, көп азайтылып отыр. Шетелдік мамандар ашығырақ болды: Compact GTL компаниясының өкілі Йен БАКСТЕР жыл сайын Қазақстанда өртелетін газ көлемін 4-5 млрд текше метр деп бағалады. Сонымен қатар, отандық жанармай құю бекеттеріндегі мұнай өнімдерінің 30 пайызы импорттық өндіріс өнімдері екенін атап өтуді ұмытпады. Проблеманы шешу тәсілдерінің бірі ретінде ол ілеспе газдан тәулігіне 300 тонна таза синтетикалық дизель алу үшін «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС кенішіне gas-to-liquids қондырғысын салудың пилотты жобасын таныстырды. Ал, Маңғыстау облысында «Lexington Global Solutions» ЖШҚ ілеспе газды жоғары октандық санды күкіртсізденген бензинге конверсиялау үшін қондырғы орнатпақшы. Аты аталмаған мұнай компаниясы осынау қымбат тұратын жобаны қолға алуға мәжбүр. Өйткені, жыл сайын өз қажеттілігі үшін ілеспе газдың 10 миллионын ғана қолданып, 40 млн текше метрін алауларда өртейді.
КЕЗДЕСКЕНШЕ, АТЫРАУ!
Қорытынды отырыста «Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы» президенті Балтабек ҚУАНДЫҚОВ форум нәтижелеріне риза болғандығын жасырмады. Бір қызығы, «Rixos President Astana» мейманханасында Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 43 «а» мекенжайы бойынша тіркелген осы қоғамдық бірлестік Қазақстанның жетекші геологтарының, мұнайшыларының, көрнекі мемлекеттік шенеуніктері мен шетелдік меймандардың басын қоса алды. Өз сөзінде «ҚМГ бұрғылау және өндіру технологиясы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директорының орынбасары Рахим ӨТЕЕВ «кейбір мәселелерді біз осы жерде талқылауға үлгермедік, Атыраудағы форум шеңберінде жалғастырамыз» деді. Дәлірек айтқанда, ол 2015 жылдың 26-27 мамырында өтуі тиіс «Атыраугео-2015» конференциясын меңзеген болуы керек.
Жасұлан КӨЖЕКОВ, меншікті тілші, Астана қ.
Суретті түсірген автор