Атырау, 6 қазан 21:03
 ашықВ Атырау +11
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Шөп неге қымбаттады?

5 839 просмотра

Өткен жылдың ащы сабақтары шаруалар үшін жақсы сақталып қалды. Жемшөптің тапшылығы, жайылыстың жұтаңдығынан мал қысқа көтерем күйде түсіп, кейбір шаруалар ақадал малдарын өлексеге лақтырғанын ұмыта қойған жоқ. Бүгінде Махамбет ауданының шаруалары қысқа қамданысты өздерінше ерте қарастырыпты.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған ақпарға қарағанда, биыл шаруалар қыстан қысылмайтын түрі бар. Мәселен, осы қысқа аудан бойынша жалпы мөлшері 62100 тонна шөп қажет. Былтырдан қалған 2730 тоннаны алып тастағанда 59 мың тонна бүгінде дайындалуы тиіс екен. Есеп бойынша 31836 тоннаны шаруалар өз күштерімен дайындаса, 14520 тоннасын сатып алған. Бұл қажетті шөптің 78 пайызы дайындалды деген сөз. Ал аудан шаруаларына құрама жемнің 6200 тоннасы керек болса, әзірге бір мыңдай тоннасы қолға тиіпті.

 - Биыл шабындықтар былтырғыға қарағанда көңіл қуантарлықтай болды. Сай, салалардан да дайындалды. Шөп бригадалары жұмыс жасады. Сырттан келіп сатушылар да жоқ емес. Тоқ етері, ауыл шаруалары шөпсіз қалмайтын болады, - дейдіаудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бағыт ҚАШАУБАЕВ.

Десек те, шабындықтар жақсы дегенмен шөпшілер шөп бағасын түсіруге құлықты емес. Жанармайдың қымбаттығы бағаны аспандатып тұр. Оның үстіне қажетті запас бөлшектер, т. б. шығындарды есептегенде бір қорап шөп бағасы отыз мың теңгеге жетуде. Көршілес Қызылқоға ауданының шөп бригадалары 15 килограмдығын 350 теңгеге, ал бір орам шөпті 3500 теңгеге дейін сатуда.

 Жыл сайын мал өсіру қиындап барады. Оның шығынын есептегенде пайдасы аз болып шығады. Рас, көп малың болса табыс көзін құрауға болар ма еді. Мәселен, мен жұмыссызбын, күйеуім Қарабатанда жұмыс жасайды. Бұл да тұрақты емес, кейде мекемелері жабылып, бірнеше айлап күтуге тура келеді. Сонда үйдегі екі сиыр мен бес алты уақ жандықтарға арқа сүйейміз. Ет, сүт өзімізден. Десек те, күз басталғаннан уайым кіреді, шөп табу қиын. Кем дегенде бес, алты қорап шөп керек десек 200, 300 мың теңге қажет. Және құрама жемсіз тағы болмайды ғой. Былтыр екі сиырдың бірін саттық. Ал биыл қалай болатынын білмей бас қатуда, - дейді Балнұр есімді келіншек.

Зейнеткерлер көктемнен бастап шөп қаржысын жинай бастайтынын жасырмайды. Ал отбасындағы екі адам бірдей жұмыссыздар қатарында болса не істемек.

 Ақылы қоғамдық жұмыстан 20 мың теңге аламын. Әйелім баламен отыр. Бірақ ақылы қоғамдық жұмысқа үш ай ғана тартыламын. Себебі, басқа жұмыссыздар кезекте тұрады. Ауылда тұрғаныммен осындай қалпыммен малды қалай өсірмекпін. Шөп сатып алу мүмкін емес қой, сол себептен тышқақ лағым да жоқ, - дейді атын айтудан бас тартқан отызды орталаған жігіт.

Биыл қоянның қысы келмек. Қазекем қоянның қысы десе зәре-құты қашады, себебі жұт тек осы жылда көп кездескен.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген  автор

22 қыркүйек 2011, 20:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.