Атырау, 27 желтоқсан 05:07
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Камо – жаны жайсаң коллекционер

4 648 просмотра

- Сен маған күліп отырған шығарсың, иә? – деді Камо БАБАЯН, - қораптан олжасын шығарып жатып. Бірақ дауысында «бәлкім олай ойламас» деген үміт те сезіледі. Бұл «Солдату Советской Армии» деген Черкасск зауытынан шыққан арзанқол бұйым екен. Ескерткіш стела түріндегі мөлдір пластик кесегіне дулыға киген беймәлім танкистің көп боп басылған келбеті жапсырылыпты. Оның қанша тұратыны, оны не үшін сатып алғаны Камоның есінде қалмаған. Ол ескі бұйымдарды жақсы көреді екен. Бірақ меніңше, ол жай ғана сатып алғанды көбірек ұнататын секілді.

Сыз тартқан  ескі көлікжайдың ішінде әуес болған заттарының бір бөлігі сақталыпты. Жиналған ескі кітаптардың ішінде құндылары да бар шығар, бірақ ол ең көне кітабының дәл қай жылы шыққанын білмейді. 1990 жылы шыққан «Смена»-3 фотоаппараты орамасымен, төлқұжатымен сақталған. 70-жылдардың стиліндегі екі жұп кресло мен одан бертінде жасалған қирап жатқан диван. Ванилді пластинкалар. Үлкенді-кішілі комодтар. Аяғы жоқ отырғыштар. Ескі теледидарлар. Трикотаждағы түйіртпектерді кетіретін құрал. «Активтің» 398 дана сим-карталары...

- Бұл қалдықтарды мен 1000-ның орнына акциямен 500 теңгеден сатып алдым. Екі ай бойына сөйлестім де тастай бердім, сөйлесем де тастай салам...

- Егер акция мерзімі шектелген болса, осыншама сатып алғаныңыз не?

- Мен үнемдедім ғой! Түсінбейсің бе? Олар екі есе арзан болған соң сатып алдым.

Мен шарасыздықтан не дерімді білмедім, сөйтіп екеуміз күліп алдық. Дегенмен де әркім өз пікірінде қалды. Мен оны енді жарамсыз ғой, лақтырып тастау керек қой деп едім. Бірақ ол лақтырмайтын секілді.

САТУШЫ ЕМЕС– СЫЙҒА ТАРТУШЫ

Бұрыштан әлдебір арғы әжесінің жасауына бергендей үш есікті ағаш шифоньер көрінді. Жоғарыдан төменге қарай ойып жасалған, лакпен жылтырап тұр. Ал жоғарғы жағы аққулармен безендіріліпті. Ажарсыз болсада, берік, көпес шкафына ұқсайды. Камо бұл шкафқа 200 жыл болған дейді. Меніңше, 20-шы жылдардың басында осындай бұйымдар жасалған сияқты. Осыған ұқсасын Орал қаласындағы антикварлық сөреден көргенім бар. Бірақ Камо айтқанынан қайтар емес, жүз болса жүз болсын, ол үшін бастысы - өзіне ұнаса болғаны. Ол коллекционерлер үшін бастысы- бұйым дұрыс сақталу керек екен. Айталық, онда бір мың сегіз жүз бәленбайыншы жылы шыққан ағаш монета бар екен. Оның бетіндегі бедерлері кетіп қалса, оның құны болмас еді. Бірақ ол бәрібір оны лақтыра алмайды. Бірақ, сыйға тартуға дайын. «Бұл менің екінші хоббиім», - деп түсіндірген ол, ескі-құсқының (яғни, мен үшін ескі-құсқы, ал ол тағы да әлдебіреулерден сатып алған шығар) арасынан ашылған орамадағы түсініксіз нәрсені алып шықты.

- Мынау саған!

Мен сыйлықтан бас тартып жатырмын, бірақ ол «сенде дәл осындай жоқ екенін білемін!» деп қоймайды. Орамадан әлдебір үлкен қара пластик подносты шығарды. Сөйтсем, ол жүк салғышқа арналған жұқа поддон екен. Камо артығымен үшеуін суырып алды.

- Міне, біреуі саған, екеуін қалаған адамдарыңа сыйла, Камоның тартуы дерсің, - деп тапсырды да, - қалай, шынымен де жоқ қой сенде? – деп сұрады маңғаздана.

- Иә, менде дәл осындай жоқ, - деп мойындап, - сізде мұндайдың нешеуі бареді, - деп нақтылап сұрап алдым.

- Сегіз жүзі бар.

Содан соң келесі сұрақты күтпестен, жауап берді:

- Сыйға тарту үшін сатып алдым! Айттым ғой, хоббиім деп. Ал мұның қалай пайда болғанын келесіде айтып берем.

АВАС ПЕН КОЛЯҒА ОРТАҚ НЕ НӘРСЕ?

- «Как вас зовут? Авас, а вас?» деген анекдотты білетін бе едің? Ал менде әдетте былай болады: «Как вас зовут? Камо. Не кому, а кого! Так как вас зовут?!». Міне сондықтан да мен Колямын.

Егер шынын айтсақ, оның ешқандай да Коля емес екені анық. Құс мұрын, қиғаш қас, жалпы сыртқы пішінінің өзі айтып тұр. Оған қоса, әр сөз сайын оңтүстікке тән «джан» деген сөзін қосып айтады («саған, Зульфияджан, бәрі болады»)... Алайда «бұл ісіңізге отбасыңыз қалай қарайды, әйеліңіз ұрыспай ма?» деген сұрағыма бастапқыда түсінбеген сияқты. «Дұрыс қарайды, тыңдашы, ол менің шаруам ғой, ол қалай ұрса алады?!» деді. Мықты әйел екен.

Ол маған бәріне рұқсат бергендігін пайдаланып, сізге бұл неге керек деп, үшінші рет сұрадым. Мен бұрыш-бұрышта, сөрелерде, каталогтарда, қораптарда, банкілерде, фаянс бөшкелерде жатқан «байлықтарға» көз тастадым. Түрлі мерзімде шыққан маркалар, біреулер жазған пошта открыткалары, монеталар, банкноттар, қарайып кеткен асүй мельхиоры, пайдаланылған фарфор, медальдар, ордендер. Естелік төсбелгілер мен тақтайшалар, ешкілердің, шошқалардың, балықтардың мүсіндері, чеканкалар, Лениннің бюсті, пластик сувенирлер... Бәрін санамалап шыққаннан, жоқ нәрсені атаған жеңіл сияқты.

- Білмеймін, - деп қайталады үшінші мәрте. – Маған ескі нәрсенің бәрі ұнайды. Бұл мектеп кезінде басталған еді. Бір күні балалармен жер қазып жатып, көне үтік қазып алдым. Үйге барып тазаласам, әдемі бұйым боп шықты. Содан кейін осындай жағдайда душар болдым: айналадағының бәрін қазамын. Тіпті ата-анам бақшада картоп егу үшін жер қазса да, айналсоқтап шықпайтынмын. Сөйтіп ескі пышақ, тағы бір нәрселер тауып алғанмын. Менің Армениядағы туған жерім Ванадзорда әпкемнің үйінде коллекциямның көп бөлігі сақтаулы. Ал Атыраудағы коллекциям 90-жылдары осында көшіп келген соң бастап жиналған.

ЕСЕСІНЕ ЮРКА ЫЛҒИ МЕНІҢ ҚАСЫМДА!

Жалпы, ол кеңес дәуіріндегі монеталарды сатып алады, бірақ оны кері сатпайды, сақтап қояды. Мұндай монеталар өте көп екен.

Дегенмен Камоға саттық үшін ерекше біреуі, дәлірек айтқанда екеуі керек екен:

- Бір коллекционер әлсін-әлі келіп, оны өте қымбатқа сатып алатынын айтып кетеді. 1958 жылы шыққан кез-келген монетаға мың доллар беруге дайын. Олар аз тиражбен шыққан болатын, барлық нумизмат-коллекционерлер оны жақсы бағалайды.

- Сонда сіз өзіңіздің ерекше коллекцияңыздағы экземплярларды сатуға дайынсыз ба?

- Иә, сатам, бірақ тек екіншісін. Біреуін міндетті түрде өзіме қалдыруға тиіспін.

Бұдан басқа өз жинағандарынан ештеңе сатқысы келмейді. Бірақ егер өтініп сұраса ғана беруге дайын. Ал бәрін ретке келтіру үшін құтылуға дайын емес. Меніңше, осының тоқсан пайызын лақтырып тастауға болады. Алайда осынау ескі-құсқының ішінен, әрине, керемет бұйымдар кездеседі.

- Қарашы, менде ақша болған кезде (бір кездері Камо ауқатты және иелігінде мейрамханасы болған) маркалардың осы жинағын сатып алдым. Қарашы қандай екенін! – деді ол толқыған дауыспен, 1947 жылы шыққан марканы көрсетіп. Бұл жерде сол шамадағы маркалар жеткілікті екен. Басқа каталогта ғарыш тақырыбына арналған сериялар жинақталған. Жеке-жеке тақырыптық папкалар баршылық... Сол кездегі уақыт бойынша – 90-жылдары бір маркаға 400 доллар беру кем дегенде ысырапшылдық болатын. Бірақ ол өз өмірінің бір кезеңін ғана: ойынға құмарлығын ысырапшылдық деп есептейді екен.

- Бір кездері ставка қоюмен «ауырдым». Букмекерлік кеңсеге бүкіл дәулетімді жойдым.

Ойын үшін коллекциясының да әжептәуір бөлігі «күйіп кетіпті». Ставкаға ақша іздеп жүріп, ол нағыз сирек кездесетін бұйымдарды тиын-тебенге сатып жіберген. Қайтарып алғысы келіп, оларды өзінен сатып алушылардан шынайы бағасына сұрағанмен, қайтадан ала алмапты.

Дегенмен де ол коллекционер емес. Дәлірек айтқанда, ескі-құсқы сатып алушы. Бірақ ондайлар қайта сату үшін сатып алады ғой. Иә, бұл атау сәйкес келмейді. Нумизмат емес, филателист емес, библиофил емес, филуменист емес, филофонист емес... Оған арналған атау жоқ екен, ол ақшасы болса, бәрін сатып алады.

- Бас тарта алмаймын. Бір күні әжей келіп 50-жылдары шыққан ашылмаған сіріңке қорабын әкеліп берді. Оны қалай сақтаған? Маған керек емес десем, ол: «сатып ал, ұлым, кері алып кетпеймін ғой», - деді. Содан соң сатып алуға тура келді. Енді бір әйел түкке қажеті жоқ нәрселерді алып келді. Бірақ одан фаянс шошқа мүсінін сатып алдым. Өйткені әйелдің айтуынша, оның автобусқа мінетін ақшасы да жоқ екен. Ал мынау үшін мен өзім саудаластым, - дейді мақтанышпен Камо, Гагариннің бюстін көрсетіп. – Бір өзбек оны металл тапсыратын жерге апара жатыр екен. Ол жерге барғанда қанша ақша аласың, - деп сұрағанмын. 500 теңге, - деді. Мен оған мың теңге бердім. Енді Юрка менімен бірге!

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген В. Истомин

22 қыркүйек 2011, 19:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.