Атырау, 5 қазан 02:26
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Оқулықтардағы олқылықтар

5 336 просмотра

Бүгінде Атыраудағы таптырмас тауар - үшінші сыныптың қазақ және орыс тіліндегі оқулықтары болып отыр.

Ата-аналар  балаларын мектепке дайындап болып, демдерін алып, әмияндарының түбінде қалған ақшаларын санап үлгермей-ақ қайта шығындалуға тура келді. Облыс оқушыларды бүкіл оқулықтармен толықтай қамтамасыз ете алмады. Әділдік үшін айта кету керек, оқулықтарға қатысты қиындықты еліміздің көптеген аймақтары бастан өткеруде. Олар көрші-лес Ақтауда да, тіпті Астанада да жетіспейді. «Біздің дүкенде түрлі қазақстандық баспалардың оқулықтары ұсынылған. Олардың ішінде «Алматы кітап», «Атамұра» және «Мектеп» баспалары бар. Егер мектепте балаларға әлдебір кітап жетіспесе, оны ата-аналары кітап дүкендерінен, соның ішінде бізден де сатып алады, - дейді Зиманов атындағы Кітап үйінің директоры Орынша ӘЛИМАҚАНОВА. – Биылғы жылы 3-ші сыныптың оқулықтарын көп сұрап жатыр: «Математика», «Русский язык», «Қазақ тілі», «Ана тілі», «Дүниетану», бақылау дәптері және т.б. Сұраныстар көп болғандықтан бізде «Дүниетану» оқулығы бітіп қалды. «Өзін-өзі тану» оқулығын сұрайды, бірақ оны бірден мектептерге бөліп тастайды да бізге еркін саттыққа жібермейді. 4-ші, 6-шы сыныптарға арналған жаңа басылымдарын сұрап жатыр. Шамасы олар бәріне бірдей жетпей қалған секілді».

23 ОҚУШЫҒА БЕС КІТАП

«Ұлым оқитын сыныпта 23 бала бар. Осы оқушыларға 5 хрестоматия үлестірген. Хрестоматиясы ескі үлгідегі, ал оқулықтың өзі жаңа, сондықтан да олар бір-біріне сәйкес келмейді. Мектептің бүкіл баланы оқулықпен қамтамасыз ете алмайтынын түсінемін, бірақ бұл мәселені шешу керек қой. Оқулықтарды сатып алуға көп ақша бөлу керек немесе алдын ала ата-аналарға қандай оқулықтарды жаңа оқу жылында сатып алуға тура келетінін хабарлау керек емес пе?! - дейді үшінші сынып оқушысының анасы Алина. – Оқу басталған алғашқы күндерден бастап-ақ, қажетті оқулықты іздеп, бүкіл қаланы шарлап жүрміз. Бізге қазақ тілі, дүние тану оқулықтары жетпей қалды, оған қоса сыныптан тыс оқу кітабын сатып алу керек. Үш күн ішінде Атыраудағы барлық кітап дүкендерін дерлік аралап шығып, қарайған уақытым кетті. Авангардтағы бірінші дүкеннен қажетті оқулықтар тізімінен тек Петерсон деген автордың математикасы ғана болды. «Дүние тануды» біздің сыныптағы басқа ата-ананың айтуымен «Көктемнен» сатып алдым. «Математиканы» «Шалқыманың» артқы жағындағы Кітап үйінен таптым. Ал «Дүние тану» оқулығының қосымшасы «Бақылау күнделігін» «Дина» базарындағы кітап сөрелерінен алдым. Бәрінен де базарлардағы кітап құны қымбат екен. «Математиканы» мың теңгеге сатып алдым. Содан кейін дүкенде оның 500 теңге тұратынын білдім. Сынып жетекшілері мамыр айында бізге жаз айларында сатып алу үшін кітаптар тізімін беруі тиіс еді. Сонда қыркүйек басталғанда мұндай дүрбелеңге түспес едік».

ГИМНАЗИСТ ҚЫМБАТ ТҰРАДЫ 

№30 мектептің гимназия сыныбының ата-аналарының айтуынша, сабақ басталуға бірнеше күн қалғанда оларға ата-аналар комитетінің өкілдері қоңырау шалып, жаңа оқу жылында балалардың «Атамұра» баспасының оқулықтарын оқитынын хабардар етіпті (алдыңғы екі жылда «Алматы кітап» оқулықтарын оқыған еді). Сөйтіп еш қиындықсыз бүкіл оқулықтарды Кітап үйінен сатып алған. «Біздің мектепте гимназия сыныбы да, қарапайым  сынып та бар. Олар оқу жоспары мен жас ерекшеліктеріне байланысты түрлі баспалардың оқулықтары бойынша оқиды. Қазір оқушыларда оқулықтар жетіспеушілік жоқ, егер бізде қандай да болмасын оқулықтар жетіспесе, біз басқа мектептермен кітап алмасамыз, - дейді №30 мектеп директоры Лилия. – Сабақ басталарда бізде дайындық сыныбына арналған «Әліппе дәптер», «Азбука-тетрадь», хрестоматиялық оқу құралдары жетіспеді. Өйткені, оқығысы келетін балалар көп болғандықтан бізге тағы да бір-бірден қосымша  дайындық сыныбын ашуға тура келді. Бірақ алдыңғы күні оқу құралдарының жаңа партиясы келіп түсті. Енді бүлдіршіндердің барлығы қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі».

Бәрінен бұрын балалары гимназия сыныбында оқитын, сондай-ақ, мектеп бітіретін түлектері бар ата-аналарға қиын боп тұр. Гимназияның үшінші сынып оқушыларына арналған сыныптан тыс оқу кітабының екеуі 3100-ден 3800 теңгеге дейін. Ал жоғарғы сынып оқушыларына арналған анықтамалықтар 3500 теңгеден басталады. «Ағылшын тілінің оқулығы мен Петерсон математикасы үшін 6700 теңге жұмсауға тура келді, содан соң жұбайым 1100 теңгеге өзіндік және бақылау жұмыстарын, 3700 теңгеден сыныптан тыс оқу құралын, оған қоса 700 теңгеге «Қазақ тілі» мен мың теңгеге «Дүние тану» оқулығын сатып алды», - дейді екі оқушының әкесі Берік АЙДЫН. - Әйеліміз екеуміз есептеп көр-сек, гимназияның екінші сыныбында оқитын кіші ұлымыз үшін  бірнеше оқулық сатып алуға 13200 теңге жұмсаппыз. Содан соң, үлкеніміздің ондай ақылды болмай, гимназиялық емес, қарапайым алтыншы сыныпта оқитыны жақсы болды деп әзілдеп алдық. Оған орыс тілі мен математика оқулығы жетпей қалған еді. Мен оларды Кітап үйінен сатып алдым. Әрбіреуінің бағасы 500 теңгеден сәл асады. Оған қоса 500 теңгеге географиялық атлас пен карталар сатып алдым».

МЕКТЕП КІТАПХАНАШЫСЫНАН СҰРАҢЫЗ

Қалалық білім беру бөліміндегілер бізге қайтадан «Бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiн оқулықтармен қамтамасыз ету туралы» №173-ші үкімет қаулысы туралы есімізге салды. Соған сәйкес, оқулықтар міндетті түрде тек аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан оқушыларға ғана уақытша пайдалануға тегін беріледі. Қалғандары оқулықтарды бар болса, мектептерден алады. «Оқулықтарға қатысты ахуал әлі тұрақталып болған жоқ, мектептер айырбас жасап, жетіспейтін оқулықтарды өздерінде көп оқулықтармен алмастыруда. Оқулықтардың жоқтығына қатысты шағымдар түсіп жатқан жоқ. Ал 3-ші сынып оқушыларына арналған оқулықтардың жетіс-пеуіне келер болсақ, өткен жылы олар бойынша түскен оқулықтар 70 пайыз құрады», - дейді қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Людмила ХАН.

Мектеп кітапханашысы тиянақты жұмыс жасаса, кітаптың жетіспеушілігі болмас еді. Жыл сайын барлық мектеп өкілдері оқушылар санына санақ жүргізеді. Олардың барлығы әр сыныпта неше оқушыдан оқитынын жақсы біледі, соған орай жаңа оқу жылында олардың қанша болатынын болжай алады. Мәселен, бірінші сыныптың 100 оқушысы 2-сыныпқа көшкен кезде, артық-ауыс бірнеше адам басқа мектепке ауысады немесе керісінше, көбейеді. Осылайша, мектеп қызметкерлері қай сыныпқа қанша оқулық жетіспейтінін алдын ала білулері, тапсырыстарды соған сәйкес жасақтап немесе ата-аналарға қандай кітаптар алу керектігін алдын ала хабардар етулері тиіс қой.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген В.Истомин

Суретте: кейбір мектептерде осындай оқулықтар ұсынады.

15 қыркүйек 2011, 01:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.