Атырау, 28 қараша 08:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Асықпаңдар, балықты үркітесіңдер!

3 019 просмотра

«АЖ»-ға белгілі болғандай, Солтүстік-Каспий жобасының операторы NCOC ҚР Экологиялық кодексіне өзгерістер енгізуге қол жеткізбекші. Әйтпесе, мәлім етілген мерзімде (2016 жылдың екінші жартысы) консорциум жаңа құбырларды салып бітіруге және Қашағаннан мұнай өндіруді жалғастыруға үлгермейді.

«ҚАНЕ, ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТЕЙІК»

ҚР Энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИККЕ NCOC басқарушы директоры Стефан де МАЙЕНІҢ 16.02.2015 жылы жазылған хаты редакция қызметкерлерінің қолына тиді. Атап айтқанда, онда былай делінген: «Теңіз бөлігіндегі құрылыс жұмыстары техникалық жобалау құжаттамасы мен ҚОӘБ мақұлданғаннан кейін 2015 жылдың бірінші жартысында басталатын болады деп жорамалданып отыр. Жұмыстардың негізгі бөлігі Солтүстік Каспийде сең қозғалғаннан бастап, 2015 жылғы күздің соңына дейін (мұз қатқанға дейін) жүргізіліп, 2016 жылдың көктемінде жұмыстар жалғасады. 3-4 айға созылатын Солтүстік Каспийді мұз басуы және балықтардың дұрыс уылдырық шашуын және шабақтардың жетілуін қамтамасыз ету үшін 1 сәуірден бастап 15 шілдеге дейінгі аралықта белгілі бір жұмыстарды жүргізуге салынатын тыйым жұмыс өндірісінің кестесіне едәуір теріс әсерін тигізбек.

Осыған байланысты, «Қашаған» кенішінде Тәжірибелік-Өнеркәсіптік игеру (ТӨИ) нысанын жедел іске қосу маңыздылығын ескере отырып, 1 сәуірден 15 шілдеге дейінгі аралықта Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аймағында жекелеген құбыр салу жұмыстарын жүргізу мүмкін болу үшін – мұндай жұмыстарды ҚР-ның тиісті мемлекеттік органдарымен мақұлдау шартымен, ҚР Экологиялық кодексінің 257-ші және 258-ші баптарындағы тұжырымдарға тиісті өзгерістер енгізуге қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.

Осы хатқа Экологиялық кодекске біз ұсынатын өзгерістер салыстырмалы кесте түріндегі тиісті негіздемелермен қоса тіркелді».

Экологиялық кодекстің аталмыш баптары «Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар» деген 38-тарауға жатады. Соған сәйкес, аталмыш мерзімде солтүстік Каспийдің қорық бөлігінде «Жайық пен Еділ өзендері сағасындағы аудандарда Еділ өзенінің жер беті атырауы қазақстандық бөлігінің теңізге қарай сұғына енген нүктесінен және Жайық өзенінің жер беті атырауы қазақстандық бөлігінің теңізге қарай сұғына енген нүктесінен 50 километр шеңберде, сондай-ақ жағалау сызығынан ені 15 километр белдеуде жоғарыда аталған атыраулар бойындағы кеңістікте және одан әрі шығысқа қарай Жем өзеніне дейін құрылыс және геофизикалық жұмыстар жүргізуге, ұңғымаларды сынауға және кеменің жүзуіне» тыйым салынады. Тыйым «жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша балық аулауды және оны тасымалдауды, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және бақылау-инспекциялық қызметке» қатысты емес.

Жұмыстарды жүргізуге салынған тыйым балықтың уылдырық шашуымен де, құстарды ұя салатын жерлерінде (қамыс нуларында, құмдауытты жағалау қойнаулары мен аралдарда) сақтау қажеттілігімен де байланысты.

Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қатардағы қызметкерлерінің ақпараты бойынша, бастапқы құбырды жүргізу кезінде мұндай асығыстық болмағандығын атап өтеміз. Жұмыстар салынған тыйым мерзімдері сақталып жүргізілді, құбырларды араға уақыттар салып төседі. Осы және басқа себептер бойынша сол кезде жұмыстар 5-6 жылға созылды. Алайда, NCOC-тың Энергетика министрлігіне жазған хатына қарағанда, бұл жолы консорциум үшін мұндай «салтанатқа» жол берілмейді. Консорциумның құбырды ауыстыру шығындары қайтарымсыз шығынға жататынын еске саламыз.

«ОНЫ КІМ ЖОЯДЫ, БҰЛ ЗАҢ ҒОЙ»

Министрлікке жолданған редакция сауалына жауап беру мерзімі өтіп кетсе де жауап әлі келген жоқ. Ал біздің дереккөздеріміз хабарлағандай, Энергетика министрлігі NCOCұстанымын қолдамаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Бағдат АЗБАЕВ пен оның орынбасары Нариман ЖҮНІСОВ Атырауға таяуда келген сапары барасында «АЖ»-ға қазіргі уақытта NCOC-тың құбырды ауыстыру жөніндегі ҚОӘАБ жобасы қайта қаралып жатқанын хабарлаған болатын.

– Егер олар біздің ескертпелерімізді («Ескі құбырлар су түбінде қалады» – Л. С.) жоятын болса және құрылыс жұмыстары барысында балық қорларына келтірілетін зиянды өтеу жөнінде кепілдік ұсынатын болса, біз оны мақұлдаймыз, - деді Б.Азбаев. – Ол арнайы бекітілген әдістеме бойынша есептеледі. Табиғат пайдаланушының таңдауы бар: ол есептелген соманы ақшалай түрде өтейді немесе балық қорларын молайту жобасын ұсынады.

Қандай кепілдік сомасы туралы айтылып отыр?

– 300 миллион теңге туралы. Бірақ олар оны әлі ұсынған жоқ.

– 1 сәуір мен 15 шілде аралығында теңізде жұмыс жүргізуге салынған тыйым өз күшінде қала ма? – деп сұрадық біз Н.Жүнісовтен.

– Әрине. Бұл біздің басты талабымыз. Әңгіме Экологиялық кодекс туралы болып отыр. Кім оны жоя алады? Жағалау аймағында қайда және қашан жұмыстар жүргізілмейтіндігі туралы нақты мерзімдер мен координаттар бар. Ал егер кімде-кім осы мерзімде жұмыс істейтін болса, онда заңға сәйкес жауап береді.

Ал, бейресми ақпарат бойынша, Каспий жағалауында қазір әлдебір жұмыстар жүріп жатыр екен. Естеріңізге салсақ, Қашағандағы D аралынан «Болашақ» зауытына дейін екі құбырды ауыстыру жұмыстарына келісімшартты итальяндық Saipem мұнай сервис компаниясы өзінің еншілес «Ерсай» компаниясы («Ерсай Каспиан Контрактор») арқылы ұтып алды. Келісімшарт сомасы - $1,8 млрд.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

1 сәуір 2015, 10:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.