Атырау, 28 желтоқсан 16:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Мағжанды іздеп Магаданға барғанда...

4 666 просмотра

(Соңы. Басы №36 санда)

ҚАМҚОРЫ ОРЫС ӘЙЕЛІ АНТОНИНА ТУРАЛЫ

Антонина Клюева бізді бұл маңдағы биік асуға салынған Колыма тұтқындарын еске алу мемориалына апарды. Оның өзі Сусуманнан 70 шақырым жерде екен. Бұл жердегі ескерткіш тасқа тұтқындағы орыс ақыны А.Жигулиннің «Здесь было мало виноватых,Здесь было больше без вины» деген жолдарын қашап жазыпты. Абдулла қарт үшін бұл күн шын мәнінде өткенін бастан қайта кешкен күн болды. Оны еске алуды жақтыра бермесе де көңілі босап, көзіне жас келе берді.  Қарияның емін-еркін шер тарқатуына біз де кедергі болмадық. Рысбек Сәрсенбайұлы Алматыдан арнайы алып шыққан қазақтың оюлы  шапанын ақсақалдың иығына жапты, қалпағын кигізді.

- Сіз осында талай азапты жылдарды басыңыздан өткер-діңіз. Елге кетерде енді көрмеспін деген жеріңізге егде тартқан жасыңызды бұлдамай  Мағжанның рухы үшін тағы аяқ бастыңыз. Осы жерден жан мен тән қиналысын бастан кешіріп, азап арқалаған едіңіз. Енді құрмет пен мараптқа ие болып қайтыңыз,- деді.

Тебіреністен толқыған  Абдулла қарт ризалықпен ақ батасын берді.  Ол шапанды Сусуманды аралатып, жол бастаушы болып жүрген Антонина Клюеваға тарту етті. Айтпақшы, Антонина Клюева- Солтүстік Қазақстан облысының тумасы екен. Мұнда бір кездері отбасылық жағдайымен келіп, орнығып қалған.

Дәл осы сандаған азап лагерлерінің орта тұсындағы тарихи белгі басында Рысбек Сәрсенбайұлы Антонинаға экспедицияға қатысушылар атынан аманат-тақтайшаны тапсырды.  «Бұл жерде саяси қуғын-сүргін құрбаны, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев жатыр» деген белгіні Антонина Клюева қорым басына орнатуға уәде етті.

Бұдан әрі біз Сусуманда енді ашылады деп күтіліп отырған өлкетану мұражайына бардық. Ата бір кездері өзі ұстаған құрал саймандардың  (жоғарыдағы суретте) әлі күнге сақталғанын көріп қайран қалды.

- Мына темір щеткамен  тас тазаладық. Қайласыз жұмыс мүмкін емес еді, кешке қазған шұңқыр ертесінде  қатып қалып жатады,-деп еске алды ол. 

Кешке қарай Сусуман аудандық газеті редакциясына бас сұғып  ескі «Стахановец» газетінің 1937-1951 жылдар аралығындағы көне парақтарын ақтардық. Ал кешке қарай аудандық телеарна қазақстандық экспедиция жайлы хабар таратып, Мағжан шығармаларынан үзінділер оқыды.

БАСҚА ЖҰМАБАЕВ ПА?..

Тамыздың  20 күні біз Магаданға оралдық. Алайда жол аурылығын айтып ешкім шағымданбады. Жол бойына кездескен  «алтын» өзендерінің бірінде жүзіп жүрген  алтын жуатын арнайы      агрегат – драга көрінді.  Антонина Парфенованың «егер сіздерде уақыт болғанда біз алтын өндіретін комбинатты көрсететін едік» дегенін еске алдық. Бірақ біздің  іздегеніміз басқа алтын ғой. Бізге керегі алтыннан да қымбат қазақ халқының  ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың  мүрдесі жатқан жер еді. Оны іштей таптық деп те санаймыз.

Тамыздың  21 күні жексенбі болғанына қарамастан бізді  Магадан облыстық  ІІБ ақпараттық орталығы бастығы Михаил СЕРЕГИН мен облыстың бас архивариусы Жанна СИДОРОВА күтіп отырды. Біздің қолымызға СД дискіге жазылған «жапон шпионы, халық жауы» Абдулла Әбдірахмановтың  құжаттарының  көшірмесін берді. Өкінішке орай, Мағжан Жұмабаевқа қатысты құжаттар  табылмады. Алайда мұрағат құжаттары бөлімінің бастығы Жанна Сидорова басқа бір Жұмабаевқа қатысты құжаттардың шыққанын айтты. Бірақ оның аты Мұхамеджан, Солтүстік Қазақстан облысынан болғанымен қылмыстық бап бойынша сотталған екен.  Михаил Серегин іздеуді ары қарай жалғастыратындарын мәлімдеді.

- Бізге арыз жазып қалдырып кетіңіздер, бәлкім  мемлекеттік ақпараттық-сараптама орталығы мен біздің облыстық мұрағат көмектесер. Білесіз бе, кейбір адамдар тұтқынға түскен соң отбасына зиян келмеуі, оларды қуадаламауы үшін толық мәлімет бермеген. Түрлі жағдайлар болған ғой. Мағжан жайлы сөз болғанда, есімізге бір басшымыздың атасын іздегеніміз түсті. Оның атасы соғыс жылдары сотталып, Новосибирскдегі лагерлерде отырған. Алайда РФ барлық субъектілері бойынша іздеу салғанымен оның құжаты табылмады. Шіркеу  кітабынан бізге қарағанда көп мәлімет табылар-ау.

МАГАДАНДЫҚТАРИХШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Магаданда болған күндердің соңында өлкетану мұражайына да бас сұққан едік. Өлкетанушы–тарихшы Александр НОВОСАРТОВТЫҢ айтуынша,  Магадан - Дальстрой аумағының орталығы саналған.   

- Колымаға этаппен айдалған сотталғандардың барлығы Магадан арқылы келіп жатты. Әрине арасында Якутия арқылы жеткізілгендер де болды, бірақ тұтқындардың  99% Магадан арқылы өтті. Бухты Нагаева айлағы олар 21 күндік карантинде ұсталған жалғыз жинақтаушы орын болды,-деп түсіндіреді тарихшы.

Дальстройдағы ең басты лагерь Севвостлагтың өзі 1932 жылы 1 сәуірде құрылғанымен, алғашқы этап ақпаннан бастап келе бастапты.

Тұтқындар негізінен жер үйлерде, каркасты-қамысты барактарда тұрды. Олар күніне 12 сағаттан астам уақыт жұмыс жасаған. Күні бойғы қалжыратар еңбектен соң олар  15 шақырым жүріп, тайгадан өздеріне отын шауып әкелуі тиіс болған. Ал көп жағдайда  оларын лагерь алдынан қылмыскерлер тартып та  алады екен.       

- Тұтқындар ол жылдары алтынды қалай өндіріп еді? Әрбір кен өндіру шұңқырында 3 адамнан тұратын звено жұмыс жасады. Екі забойшы қазып, қол арбаға тиесе, үшіншісі оны вагонеткаға жеткізген. Қорек түрі тым мардымсыз болды. Нан қосымша тағам ретінде “кінәлілерге” айыптық 300 гр, “стахановшыларға” 1,5 кг берілетін. Тұтқындардың естелігінде, олардың 55-57 гр. аязда жұмыс істегендері айтылады.

Алайда оларға термометр бағанын ешкім көрсеткен жоқ, әрине. Ауа температурасын ауыздан шыққан сыбдыр-сықырдың деңгейімен анықтаған. Яғни аса жоғары минустық температурада ауыздан шыққан дем  кристаллды мұзға айналып, сықырлаған. Үсіп өлген жағдайлар көптеп кездескен,-дейді Александр Новосартов.  

- Аурулар қайда жөнелтілді? Менің білуімше, НКВД лагерлерінде  еңбекті пайдаланудың төрт тобы болған: «А» тобы- үнемі өндірісте еңбек еткендер;  «Б» тобы- басқарма аппаратында, қызмет көрсету саласында жүргендер;  «В» тобы-жұмыс жасамайтын аурулар мен еңбекке жарамсыздар; «Г» тобы - басқа да себептермен еңбекке араластырылмағандар. Көзі тірі куәгердің айтуынша, біз іздеу салып отырған Мағжан Жұмабаев өмірінің соңында ауруға душар болғандықтан осы В тобына жатқан болар.

- В тобындағы ауруларды актілеп медпункттерге жинаған. Бірақ онда қандай ем-дом болсын? Ол жақтан көбіне шығар жол біреу еді - ызғарлы Колыма жерінің қойнауы.

- Ал аурудан өлгендері есепке алынбаған ба сонда? 

- Әрине алынған, бірақ ол құжаттар не құпия түрде сақтаулы, не жойылып кетті. Магадандағы мұрағатта миллионға жуық құжат бар, оның үштен бірі саяси тұтқындардікі.

МҰҢ ШЕРТКЕН МОНУМЕНТ

Елге қайтар алдында Магадан қаласындағы Бухты Нагаева айлағының жағасындағы «Крутая» шоқысының етегінде орналасқан «Маска скорби» монументіне соқтық. Дәл осы жерден Колымаға этапқа айдалған тұтқындар келіп түскен белгілі «Транзитка»  лагері орналасқан.

«Масканың» алдындағы алаңда Бутыгчаг, Мальдяк, Эльген, Серпантинка, Днепровский деп кете беретін 11 шақты  Колыманың ең сұмдық азап лагерлері  атауы жазылған  бетон блоктар қойылған.

 «Маска скорбидің» сол жақ  жоғары бұрышына ілінген қоңырау желді күндері себепсіз жәбір көріп, құрбан болғандардың азалы үнін айтып, дабыл ұратын көрінеді. Ол қоңыраудың қаралы үнінде Мағжан Жұмабаевты да жоқтаған аза бар екеніне кім дау айта алады?

Сәния ТОЙКЕН

Атырау-Магадан-Сусуман-Берелех-Магадан-Атырау

Суреттерді түсірген автор

15 қыркүйек 2011, 00:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.