ӘЛІ ДЕ СОЛ 75 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫДАЙ ӨНДІРІП ЖАТЫРМЫЗ
Мұнай бағасының күрт құлдырауын (жарты жылда үш есеге жуық) АҚШ-та тақтатасты (сланец) газ бен тақтатасты мұнай өндіруді оңтайландырумен байланыстырады. Бұл жағдай қалай және не себепті орын алды?
Тақтатасты мұнай – Қазақстанда кең таралған, көбіне өнімді мұнай қабаттарының үстіңгі жағында жататын тұтқырлығы жоғары және ауыр таушайырлы жыныстардың ұмытыла бастаған ескі атауы. Жер шарында тұтқырлығы жоғары және ауыр мұнайдың геологиялық қорлары таушайырлы құмдақтар мен коллекторларда кең таралған. Тақтатасты мұнайды өндіру, тасымалдау және өңдеу шығындары жеңіл, аз тұтқырлы мұнайды пайдаланудан бірнеше есе көп. Осыған байланысты геологиялық барлау сиректеу кездесетін жеңіл, аз тұтқырлы мұнай іздеуге бағытталды, ал табылған жоғары тұтқырлы ауыр мұнай шөгінділері баланстан тыс санатқа жатқызылды.
Басқа мұнай өндіруші өңірлер сияқты Батыс, Оңтүстік және Орталық Қазақстанда ашылған және ашылатын кен орындарының 80%-ы толықтай немесе бір бөлігі ауыр және жоғары тұтқырлы мұнай шөгінділеріне жатады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында геолог Айтпай Әлжанов Батыс Қазақстанның тұз асты шөгінділеріндегі ауыр мұнай қорын бірнеше миллиард тоннаға жетеді деп бағалады. Өндіру үдерісінің тиімсіздігінен жаңадан ашылған 170 ірі мұнай кен орнының тек 70-ке жуығы ғана игерілді. Жоғары тұтқырлы мұнай, негізінен, 10 метрден 500 метрге дейін жететін шағын тереңдіктерде жатады. Алайда оны өндіру үшін қиын технология мен техника керек. Кеуекті коллектордан тақтатасты мұнайды алу үшін әзірлеу кезеңінде оны ондаған жылдар бойы жер қыртысымен бірге қыздыру керек. Жер қыртысын жоғарыдан құйылатын жылу көздерінің көмегімен қыздыруға кететін отынның мөлшері алынатын тақтатасты мұнай қорларымен бірдей деуге болады. Сондықтан да бұл мұнайдың шөгінділері баланстан тыс, уақытша игерілмейтін қорларға жатқызылды.
Баланстық қор деп мұнай кен орындарының тек қолда бар, қарабайыр технологиялардың көмегімен алуға болатын бөлігін ғана атайды.
«Алуға болатын» мұнайды өндіру технологиясы 75 жыл бұрынғыдай, анықталған кен орнындағы ұңғыманы абажадай және қуатты көп қажет ететін жабдықтардың көмегімен жүйелі бұрғылаудан және жер қатпарларының суын кәсіпшілікке, кәсіпшіліктен кері жер қыртысына айдаудан тұрады.
Ұңғымадағы қысымды төмендетеді, соның әсерінен жер қыртысы айналасындағы учаскелерден аз тұтқырлы мұнай шөгінді ілеспе сумен бірге ағып шығады. Сұйықтықты ұңғымадан тереңдік сорғыларымен айдап шығарады. Мұнай кәсіпшілігінде суды бөліп алып, сықағыш ұңғымалар арқылы «жер қыртысы қысымын қалпында ұстау үшін» кері қыртысқа айдайды. Уақыт өте ұңғымадан сорылатын өнімнің суы көбейеді, ал, бұл 98-99%-ға жеткенде, мұнайды судан бөлу үдерісі тиімсіз болады да, ұңғыманы тастап, басқасын бұрғылайды. Кен орнын игерудің осындай технологияларын қолданудан жер қыртысында 60%-дан 90%-ға дейін анықталған геологиялық қорлар қалып қояды. Мұнайдың тұтқырлығы жоғары болған сайын қыртыста қалып қоятын мұнай да көп болады.
Жер қыртысындағы қолданысқа енгізілуден бұрын есептелген геологиялық көлемге барлық қолдану мерзімі ішінде қыртыстан алынатын мұнай көлемінің қатынасы мұнай алу коэффициентінің (МАК) мөлшерімен бағаланады. Игеріліп жатқан кен орындары бойынша орташа ақырғы МАК 0,25-тен аспайды. Ал баланстан тыс, аз тұтқырлы мұнайы жоқ кен орындарын қосқандағы барлық геологиялық қорлар қатынасын қарастыратын болсақ, МАК 0,1-ге де жетпейді.
Жеңіл мұнай қорларын толықтыру үшін жаңа аудандардан және тереңдіктерді ұлғайта отырып, геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Алынатын қорлар мұнай кәсіпорындарының өндірісін алдағы ондаған жылдарға арттыруды қамтамасыз етуі керек. Жаңа кенді шағын тереңдіктегі шөгінділерден алу мүмкіндіктері бар болғанға дейін жоғары тұтқырлы мұнай алу тиімсіз болды. Алайда жағдай өзгерді. Мұнайды тұтынудың өсуіне байланысты шағын тереңдіктегі және оңай қолжетімді аумақтардағы оңай алынатын қорлар өндіріліп болды. Геологиялық барлау жұмыстарының шығындары тереңдік текшесі мен қашықтық шаршысымен өсе бастады. Үлкен тереңдіктер мен адам өмір сүрмейтін аумақтардан – теңіз акваториялары мен Поляр шеңберінен – анықталған кен орындарын игеру шығындары да қарқынды өсе бастады.
Мұнай өндірісі жүргізілген ландшафтарда аумақтардың жетіспеуі және қоршаған ортаны қорғау проблемалары туындады.
АТОМ БОМБАСЫ және АЙҒА ҰШҚАНМЕН БІРДЕЙ
ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында-ақ заманауи ғылыми жетістіктер негізінде қуат көздерін пайдалану үдерісін оңтайландырып, тақтатасты мұнайдан синтетикалық қуат көздерін алу қажеттілігі туындаған еді. Бұл мәселені шешу адам іс-әрекеттерінің барлық салалары үшін үлкен маңызға ие еді.
АҚШ-та, атом бомбасын жасаудағыдай және Айға ұшуға дайындық кезіндегідей, қуат көздерін алу үдерісін оңтайландыру үшін барлық монополияландырылған салалардың – геологиялық барлау, мұнай өндіру, құбыр желісін жүргізу, мұнай өңдеу, машина жасау, қозғалтқыш жасау, мұнай саудасы компаниялары, атом өнеркәсібі, білім және ғылым, химиялық өнеркәсіп пен түрлі-түсті металлургия, қаржылық мекемелер мен банктердің - күштері біріктірілді. Олардың құпиялығы мен мүдделерін қорғау үшін күштік және барлау мекемелері тартылды.
Зымырандар, автокөліктер, ұшақтар қозғалтқыштары, электр станциялары және тағы басқалардың қуат көздері мен отынға деген сұраныстары зерделенді. Нәтижесінде ең көп пайдаланылатын отындардың көлемі мен құрамы анықталды. Алға қарай жасалған сапа талдауы қуат көздерін көп қажет ету көмірсутегі молекулаларының біртектілігіне пропорционал болатыны анықталды. Ең тиімді отын өндіру үшін басқарылатын синтез бен көмірсутегілер крекингтерінің радиоактивті катализаторлары жасалды. Синтетикалық отын шығару үшін мұнай өңдеу зауыттарын қайтадан жарақтады. Синтетикалық көмірсутегілер фракциясының біртектілігі арқасында отын массасы бірлігінің қуат бөлуі екі-үш есе артты. Көмірсутегілер бөлетін қуатты максималды пайдалану үшін арнайы қозғалтқыштар жасап шығарды. Қозғалтқыштарды жаппай өндіру қолға алынып, сол арқылы өткізу нарығы мен өтелімділігі анықталды.
Синтетикалық қуат көздерін алу үшін ауыр, жоғары тұтқырлы тақтатасты мұнай ең бағалы шикізат болып табылады. Үлкен тереңдіктен өндірілген жеңіл мұнайдың бір текшесінен көп дегенде 500-600 литр отын, ал ауыр мұнайдан 1 500-2 000 литр синтетикалық қуат көзін алуға болады. Осылайша, бір текше ауыр тақтатасты мұнайды пайдалану жеңіл мұнайдың бір текшесінен 5-6 есе тиімді.
Ауыр мұнайы бар қатпарларды қыздыруға арналған жылу көздерін жасау бұдан да қиын мәселе болатын. Егер бұл үшін өндірілген мұнай, көмір немесе электр қуатын пайдаланатын болса, онда бұл үдеріс тиімсіз болып қалады. Өндіргеніңнен өртеп-жойғаның көп болады. Алайда, бұл мәселе де шешімін тапты. Әдебиет көздерінен белгілі болғандай, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының басында АҚШ-та ядролық забой жылытқыштары патенттелген еді. Сексенінші жылдары ядролық жылытқыштар туралы мәліметтер, әрине, құпияланған болуы керек.
Сонымен қатар, АҚШ шамамен өткен ғасырдың сексенінші жылдарында қорларды сақтау және кен орындарын қосымша жайластыру (Теңізде мұндай жайластыруды «екінші кезекте» деп атады) мақсатында өз аумағынан мұнай өндіруді тоқтатқаны белгілі болды. Алайда бұл жалған. АҚШ акционерлік қоғамдарының құрылымы бұрынғы кеңестік кеңістіктегі АҚ құрылымдарынан өзгеше. Штаттарда кен орны түгел бір тұлғаға тиесілі болуы сирек кездесетін жағдай. Кен орнының учаскелері әр түрлі адамдарға тиесілі, алайда барлығы бір қоғамға біріктірілген. Әр меншік иесі өз ұңғымаларындағы ең тиімді технологиялық режимді сақтауға және өз ұңғымаларының сулануының алдын алуға әрекет етеді және өз әрекеттерін қоғамның басқа қатысушыларының келісімін алу арқылы жүзеге асырады.
Учаске иелері ағымдағы жоспарды артығымен орындауға емес, өз ұңғымаларында ұзақ көпжылдық өндіріске ие болуға мүдделі. Игеріліп жатқан мұнай алаңдарының суреттерін қарау барысында тоқсаныншы жылдары сол жерлерде бізде қалыпты болған тербелмелі қондырғылар жоғалып, орнына жылу электр орталықтарына ұқсас құрылғылар пайда болды.
Жер қатпарын қыздыруға балама ретінде ілеспе газды сорғымен кері құю қолданылып келеді. Бұл үдеріс ауыр көміртегілерді жеңілдетуге дейін ерітуге, ерітіндінің тұтқырлығын төмендетуге негізделген. Алайда оны қолдану үшін қатпар қысымына сүйенетін жоғары қысымды компрессорлар керек, яғни, бұл жайластыруға қосымша шығындар керек деген сөз.
Қолданыс режимін анықтау және бақылау жасау, ұңғымалардың сулануын болдырмас үшін тұрақты түрде зерттеулер мен гидродинамикалық есептеу жүргізу қажет. Алайда олар үшін де жабдықтар мен жайғастыру жұмыстары сияқты ақша төлеу керек, яғни, үлкен қаржы құралдары қажет.
Осындай қаражаттар алу үшін АҚШ аумағында өндіру жұмыстары тоқтатылған еді. АҚШ ішіндегі кен орындарында өндірістің тоқтатылуы, әрине, әлемдік мұнай нарығында дефицит тудырды. Дефицит мұнай бағасының өсуіне себеп болды. АҚШ-тың мұнай компаниялары өзге аумақтардан арзан мұнай өндіріп, жайластыру үшін тоқтатылған өндіру орнын артығымен толтырып отырды. Бұл да бағаның өсуіне себепші болып, әлемдік нарықта табыс алуға мүмкіндік тудырды, ал тапқан қаржыны АҚШ ішінде тақтатасты мұнайды өндіру мен өңдеуді оңтайландыруға бөлді. Жайластыруды осылайша қаржыландыруға жекеленген салаларға емес, өнеркәсіптің барлық түрлеріне ие ірі мұнай корпорациялары ғана қол жеткізе алады. АҚШ-тың әлемдік нарықта сатқан мұнайларының жоғары бағасы есебінен АҚШ-тың өзіндегі тақтатасты кен орындарын жайластыруға арналған жабдықтар құны төмен болды. АҚШ-тағы тақтатасты мұнайды игеруге кететін қаржыны бүкіл әлемдегі мұнай және газ тұтынушылары, өкінішке орай, заңды құқықтық негіздерге сүйеніп төледі.
БҰЛ АЙҚАСТА ЖЕҢІЛУГЕ БОЛМАЙДЫ
Синтетикалық қуат көздерін өндіру үдерістерін тақтатасты мұнай қорларын игеру есебінен оңтайландыру әлемдік экономика үшін үлкен маңызға ие. Бұл жетістік мұнай қорларын геологиялық барлау жұмыстарына шығын шығармастан он шақты есе арттыруға мүмкіндік берді.
Әлемнің өзге мұнай өндіруші елдерінде және шағын мұнай өндіруші компаниялар үшін мұнайдың жоғары бағасы аспаннан түскен майшелпектей болды. Алайда бұл майшелпек емес, ескерту еді. Егер өндірістің бір саласынан үлкен табыс түсіп жатса, дәл осы саланы дамытуға күш салу керек, әйтпесе, дефолт болады. Өндіріс прогресінің қозғаушы күші – алдын ала белгіленген қағидалар бойынша жарысатын, өзге өндірісті басып-жаншып, оның өткізу нарығын иемденуді мақсат ететін экономиканың қансыз айқасы. Сырттан басталатын бұл айқас тек біздің елде ғана болып жатқан жоқ. Сондықтан да мейірім жасалады деп үміттенудің қажеті жоқ.
Өнеркәсіп прогресінің негізінде экономиканың мәңгілік заңдары жатыр. Олардың ең бастысы – жер рентасы заңы. Оның мәні өнімнің бағасы ең қолайсыз жағдайларды оны өндірудің өзіндік құнымен анықталатындығында. Ал тақтатасты мұнайды өндірудің өзіндік құны оңтайландыру үдерістерінің арқасында АҚШ концерндері үшін өте төмендеді. Қуат көздерінің құны кез келген тауарлар мен қызметтер түрлерінің бағасына қосылады. Синтетикалық қуат көздерінің әлемдік нарықта пайда болуы мұнай бағасының күрт төмендеуіне, яғни, демпингке және сәйкесінше барлық өнеркәсіптік өнімдердің және валюта курсының күрт құнсыздануына әкеліп соқтырды.
Демпингке төтеп беру үшін өз өндірісіміздегі өнімдердің өзіндік құнын сәйкесінше мөлшерде төмендетуіміз қажет. Қазақстан өнеркәсіптік өнімдерінің ішінде демпингке ұшыраған өнім – мұнай. Осы қалыптасқан жағдайда валютаның тұрақты деңгейін ұстап тұру үшін мұнай өндіру үдерісін оңтайландыруымыз қажет. Ал Қазақстанның үлкен өнеркәсіптік әлеуеті бар екенін ескерсек, оны осы қалыптасқан жағдайда мейлінше тиімді қолданып, бұл айқаста жеңілмеуіміз қажет.
Қазақстандағы анықталған баланстан тыс тақтатасты және игерілмеген аз тұтқырлы мұнайдың геологиялық қорлары бірнеше миллиард тоннаны құрайды (егер өндірісті 100 жыл игеруге жинақтап, оны қол жеткізілген мұнай алу коэффициентіне бөлсек). Қазақстан көмірсутегілердің барланған геологиялық қоры бойынша әлемде алғашқы орындардың бірінде тұр деп сенімді айтуға болады. Олар 400 жылға жетеді. Барланған қорлар – мемлекеттің өнеркәсіптік әлеуеті. Бұлар шығарылған тарихи шығындар. Алайда Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, өзіндік құнымен еш санаспай, қорларды арттыру үшін ұңғымаларды бұрғылай беру әдетке айналғандай. Бұл қаржыны табылып, анықталған қорларды игеруге жұмсаса, тиімдірек болар еді.
Қазақстанда, АҚШ-тағыдай, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында мемлекет бөлген қаржыға мұнайды қатпардан алу үдерісін жетілдіру бойынша зерттеулер жүргізілді. Бұл да қол жеткізілген өнеркәсіптік әлеует. Алайда кен орындары жеке меншікке берілгеннен кейін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру он бес жыл бұрын тоқтатылды және мұнай өндіруді жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын дағдарысқа қарсы бағдарламалар арқылы қаржыландыру әзірге қолға алынған жоқ. Алайда қорларды молайту үшін геологиялық барлау жұмыстарын қайтадан жандандыруды шешіпті...
АҚШ-та жүзеге асырылған тақтатасты мұнайды өндіруді оңтайландыру тәжірибесіне талдау жасау, қадағалау, оны қолдану мүмкіндігі де Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті болып табылады. Мемлекет қаржысын ескі және суланған ұңғымалардың өнімділігін қалпына келтіруге, технологияларды жетілдіруге, баланстан тыс кен орындарын жайластыруға бөлу керек және жоғары тұтқырлы мұнайды өндіруге арналған жабдығы жоқ кен орындарын игеруге тыйым салу қажет. АҚШ-тағы тақтатасты мұнайды өндіруді оңтайландыру фактісінен осындай қорытынды шығаруымыз қажет.
Қазақстанның қазір қалыптасқан өнеркәсіптік әлеуетінде мұнай өндіруді оңтайландыру аз уақыттың ішінде өз жемісін береді. Үдерістің өзі халықтың көп жылдар бойы тұрақты жұмыс жасауын, ертеңгі күнге деген сенімін қамтамасыз етеді.
Александр ФУРМАНЮК,
Атырау мұнай және газ институтының мұнай кен орындарын әзірлеу кафедрасының доценті, «Қазақ ССР Геология министрлігінің үздік өнертапқышы»