«АЖ»-ға белгілі болғандай, «Теңізшевройл» ЖШС-нің ауқымды жобасы - Келешек кеңею жобасы мен ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ/ҰЕҚБЖ) едәуір қымбаттады, ал, жүзеге асыру мерзімі 2019 жылдан 2021 жылға шегерілді. Жаңартылған смета мен жұмыс кестесіне сәйкес, эскиздік жобалау қорытындысы бойынша жоба құны 23,7 млрд-тан 38,8 млрд долларға дейін көбейді.
ҰҚСАС ТҰЛҒАЛАР
Естеріңізге салсақ, Теңіз кені-шінде өндірістік қуаттылықтарды кеңейту екі жобаны қатар жүзеге асыруды қарастырады: ККЖ (мұнай өндіру көлемін 12 млн тоннаға көбейтуді қамтамасыз етеді) және ҰЕҚБЖ (жұмыс істеп жатқан зауыттардың жүктемесін қамтамасыз етеді).
Соңғы мәліметтерге сәйкес, ККЖ нысандарының құны 11 млрд-тан 14 млрд долларға дейін, ҰЕҚБЖ нысандарының құны 10,4 млрд-тан 22,4 млрд-қа дейін көбейді; бұрғылау мен ұңғыма алаңдарын салу шығындары, керісінше, 2,3 млрд-тан 1,9 млрд-қа дейін оңтайландырылды.
Бұрын хабарланғандай, жобаны жүзеге асыру кезеңінде басқару (инжиниринг, сатып алулар, құрылысты басқару) үшін ұқсас атаулары бар екі заңды тұлға құрылған.
Біріншісі - KPJV Ltd (қазақстандық Қазақстан мұнай және газ институты, «Казгипронефтетранс» және шетелдік Worley Parsons Limited пен Fluor Limited альянсының біріккен кәсіпорны). Екінші заңды тұлға – Kazakh Projects Joint Venture Limited (PJV) компаниясы, оның екі шетелдік акционері бар: акцияның тең үлесіне ие - сол Fluor мен Worley Parsons. Бұл компанияларға ТШО жобалау келісімшарттарын табыстады.
Түрлі мәліметтер бойынша, олардың жұмыстарын төлеуге 38,8 млрд доллардың ішінен 5-тен 7 млрд-қа дейін жұмсау жоспарланып отыр. 70 пайызға дейінгі басым бөлігін Kazakh Projects Joint Venture Limited (PJV) компаниясы игереді.Қалған сома сатып алу мен құрылысқа бөлінеді.
Жоба құнын көтеруге әкелген факторларға келер болсақ, сарапшыларымыз олардың үшеу екенін айтады. Бұл - мерзімдерді 2021 жылға шегеру, модульдерді Ақтаудағы теңіз айлағынан тасымалдау үшін Прорвада айлақ салу (бас мердігер – «ТеңізСервис» ЖШС) және ТШО таңдаған құрылыстың модульдік сызбасы.
Дереккөздеріміздің мәліметін-ше, модульдердің негізгі бөлігі, 75-80 пайызға дейініОңтүстік Кореяда әзірленетін болады. Модульдер -жасалу ерекшелігі бойынша кеме жасау ісіне жақын. ТШО үшін шектеулі уақытта ауқымды жұмыс көлемін орындау керек. Мұны Жапониядағы, Оңтүстік Корея мен Қытайдағы верфьтер (зауыттар) жақсы игереді. Жапонияда өндіріс қымбатқа шығады, ал Қытайдың сапасы үнемі жақсы бола бермейтіндіктен Кореяға таңдау жасалған. Модульдердің аз ғана бөлігі ТШО үшін Италияда жасалмақ.
ЖЕТІ ТЕҢІЗДІҢ АР ЖАҒЫНАН
«Теңізшевройл» дәстүрлі әдіс анағұрлым арзан болса да, орнатудың модульдік әдісін неліктен жөн көрген?
Дәстүрлі орнату кезінде бүкіл жабдықтар сол жерде құрылыс алаңына құрастырылады. Бұл жағдайда логистика шығындары азаяды, өйткені, жабдықтарды бөлшектеп, теміржолмен әкелуге болады. Модульдік принцип күрделірек. ТШО-ға қатысты жағдайда жабдық «Лего» конструкторының алып кесектері секілді модуль болып монтаждалып, содан соң сол жерде құрастырылады.
Еуропалық елдердің, әсіресе, Ұлыбритания өндірісінде жасалған жабдықтардың элементтері, біздің мәліметте-ріміз бойынша, алдымен бүкіл Еуропа мен Азия арқылы модуль өндіретін жер – Кореяға тасымалданатын болады. Ал ол жерден айналма теңіз жолымен модульдер Теңізге жеткізіледі. Шамамен бағыты: Шығыс Қытай теңізі – Оңтүстік Қытай теңізі, Малак бұғазы - Арабия теңізі - Қызыл теңіз - Суэц каналы - Жерорта теңізі - түріктің Босфор және Дарданелл бұғаздары - әрі қарай Ресейдің ішкі су жолдары арқылы - Қара теңіз – Дон – Волга-Дон каналы – Волга - Каспий теңізі - Прорвадағы айлақ. Ол жерден модульдер автокөлікпен Теңіздің құрылыс алаңына жеткізілетін болады.
Баржаның ұзындығына, ені және салмағына шектеу қойылатын Волга-Дон каналымен жылжыту үшін үлкен модульдерді үш бөлікке бөлетін болады. Осы мақсатта қуаттылықтарды Румынияның Констанца айлағында пайдалану жоспарланып отыр. Сонымен қатар Балтық теңізі арқылы каналдардың солтүстік жүйесімен жеткізудің баламалы нұсқасы бар, бірақ бұл бағыт анағұрлым ұзағырақ.
Волга-Дон каналы жылдың суық уақытында (жылына, шамамен, 5 ай) жабылады. Ал Солтүстік Каспийді бұл уақытта мұз басады, оған қоса 1 сәуірден бастап 15 шілдеге дейін бекіре тұқымдастардың уылдырық шашуына байланысты кеме жүрісіне тыйым салынады, сонда модульдерді Теңізге жеткізу үшін санаулы айлар қалады. Бәлкім, бұл әрі қарай да жобаны жүзеге асыру уақытына әсер ететін шығар.
БӘЛЕДЕН АУЛАҚ
Алайда «Теңізшевройл» осы қиындықтың бәріне қарамастан модульдік тәсілді жөн көрді. Шамасы, шешім қабылдау кезінде 75 пайызы американдық «Шеврон» мен «Эксон Мобил» компанияларына тиесілі мұнай компаниясы басты екі дәлелді басшылыққа алған болар: әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында шетелдік зауыттарға жұмыс жүктеу және ереуілдер мен ұлтаралық жанжалдар (екінші буынды зауыт (SGI/SGP) құрылысы кезіндегідей) қаупін азайту мақсатында құрылыс алаңында персоналдардың көптеп шоғырлануына жол бермеу (дәстүрлі әдіс құрылысшылардың көп болуын талап етеді). Естеріңізге салсақ, 2006 жылдың күзінде Теңізде қазақстандық және түрік жұмысшылары арасында жаппай төбелес орын алып, соның салдарынан 140 адам зақым алған еді.
ККЖ-ғы қазақстандық қамтуға келер болсақ, ТШО-ның ресми ақпараты бойынша, оның үлесіне 7,8 млрд доллар тиесілі.
- Ақтаудағы кеме верфі технологиясының деңгейі мен ауқымы жоғары технологиялық модульдерді көп мөлшерде тез жасауға мүмкіндік бермейді. Біздің елімізде тек эстакадалар (құбырларға арналған тірек құрылымдары) ғана және бәлкім, басқа да ұсақ-түйектер жасалатын шығар деп топшылаймын, - деп комментарий берді біздің сарапшыларымыздың бірі.
Бір қызығы, Фарнбородағы (Ұлыбритания) Kazakh Projects Joint Venture Limited (PJV) кеңсесінде жергілікті қамту бөліміне тегі үнділік Арун МЕХРА (Arun Mehra) басшылық етеді, ал, оның орынбасары - Аластейр МОФФАТ (Alastair Moffat). Қазақстандық қамту бөлімінде шетелдіктердің жетекші позицияда болуы салдарынан, жергілікті тауарлар мен қызметтерді жеткізушілердің пікірінше, осы жобаны жүзеге асыруда отандық бизнестің үлесіне, әдетте, майлы шелпектің қоқымдары ғана тиеді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА