Атырау, 28 қараша 08:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Түнде неге шіріген жұмыртқа сасиды?

3 845 просмотра

13 наурызда облыстық мәслихаттың кезекті ХХХ сессиясында депутаттар экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВТЫҢ (суретте) баяндамасын тыңдады.

АЙЫППҰЛДАР МЕН САҢЫЛАУЛАР

Қуановтың айтуынша, ауа ластануының басты себептерінің бірі – мұнай өндіретін кәсіпорындардың ілеспе газды алауларда жағуы. 2014 жылы 14 табиғатты пайдаланушы кәсіпорын 14 млрд 786 млн текше метр ілеспе газ өндірген. Олардың 14 млрд 529 млн текше метрін мұнайшылар шаруашылық қажеттіліктеріне – жылыту, электр қуатын өндіруге жұмсаған. Алайда, «Теңізшевройл», «Самек Интернешнл», «Мәтен Петролеум», «Ембімұнайгаз» және NCOC сияқты 5 компания ілеспе газды өз қажеттіліктеріне жұмсаумен қатар алауларда жағуды жалғастырып келеді.

ҚР «Жер қойнауы туралы» заңына сәйкес, ілеспе газдарды алауларда жағуға тыйым салынған. Алайда Заңда мұнай компаниялары шебер пайдаланып отырған саңылаулар бар. Атап айтсақ, 2010 жылғы 8 желтоқсанда үкімет бекіткен мұнай операцияларын жүргізуде ілеспе газдарды жағу көлемдерін есептеу және нормативтер әдістемесі бар. Нәтижесінде табиғатты пайдаланушылар құқықтық нормаларды өздерінше түсіндіріп, ілеспе газды пайдалану мәселелерімен айналысудан бас тартып отыр.

Мәселен, «Ембімұнайгаз» АҚ жыл сайын Прорва кен орындары тобында ілеспе мұнай газын пайдалану бойынша бағдарламаны жүзеге асыру мерзімдерін кейінге шегеріп келеді. «Қазмұнайгаз БӨ» АҚ Прорва газын тасымалдау, орталық мұнай жинау пунктінде ілеспе газды дайындау қондырғысын монтаждау және «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистралдық құбыр желісіне дейін газ құбырын тарту бойынша жобаларды 2013 жылы әзірлеуі керек еді. Бағдарламаны жүзеге асыру ұзаққа созылып кетті. Сондықтан да «Ембімұнайгаз» АҚ-на 2015 жылға экологиялық рұқсат беруде экология департаменті жобаны аяқтау керектігі жөнінде талап қойды.

2013 жылғы жазда департамент инспекторлары «Шығыс Мақат», «Шығыс Жаңаталап» және «Оңтүстік Шығыс Новобогат» кен орындарында ілеспе газды тікелей атмосфераға жіберу фактілерін анықтады Газ, көзбояу және бейнежазба»). Департамент ауданаралық экономикалық сотқа осы кен орындарын пайдалануды тоқтату туралы талап-арыз жіберді. Сот экологтардың талабын толықтай қанағаттандырды. Нәтижесінде «Шығыс Мақат» кен орнында ілеспе газды дайындау және оны тасымалдау бойынша нысандар кеңейтілді. Осындай жұмыстар «Жайықмұнайгаз» МГӨБ кен орындарында да жүргізілді.

2013-2014 жылдар аралығында «Теңізшевройл», «Самек Интернешнл», «Потенциалойл», «Ембімұнайгаз» және «NCOC» алауларында ілеспе газды жағу салдарынан қоршаған ортаға жалпы сомасы 31 млрд теңге шығын келтірілген. Экологиялық заңнамаларды бұзғаны үшін бұл компанияларға жалпы сомасы 12,5 млрд теңге айыппұл салынды.

 

ҚАЛАДАН АЛЫС ОРНАЛАСТЫРУ ҚАЖЕТ

Ербол ҚУАНОВЕрбол ҚУАНОВӘрі қарай Қуанов қала ауасының тазалығы мәселесін қозғады:

- Коммуналдық энергия шаруашылықтары мен мұнай және газ секторларының стационарлық көздерінен шығатын зиянды заттар да үлкен мәнге ие. 2014 жылы ірі табиғатты қолданушылардың стационарлық көздерінен ауаға 160 мың тонна ластаушы заттар лақтырылған. Салыстыратын болсақ, 2013 жылы 136 мың тонна шығарылған. 2010 жылы «Қала шегінде орналасқан АМӨЗ және басқа да кәсіпорындардың қоршаған орта жағдайына және қала халқының денсаулығына әсері» кешенді зерттеуі басталды. 2007-2011 жылдар кезеңінде Атырау қаласы ауа атмаосферасында күкіртсутегі, күкірт диоксиді және азот диоксиді бойынша шекті рұқсат етілген шоғырлану (ШРШ) бірнеше рет тіркелді. Түнгі уақыттарда күкіртсутегі бойынша ШРШ-тың 140 есе артқаны тіркелген.

2013 жылғы қазанда қала тұрғындары шағымдарының жиілеуіне байланысты экология департаменті «Республикалық атмосфералық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығымен» біріге отырып, «Ақжайық-7» ЖШС, «Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалының Қасымов атындағы мұнай айдау станциясы (МАС), «Атырау су арнасы» КМК буландыру алаңдары сияқты бірнеше кәсіпорындар нысандарының санитарлық-қорғаныс аймақтарындағы ауа сапасын зерттеуді бастады. «Ақжайық-7» ЖШС темір жол цистерналарын жуу бекеттері, «Қазтрансойл» АҚ БФ МАС-тың құю және ағызу эстакадасы, «Каспийпромстройнедвижимость» ЖШС мұнай базасы, «АМӨЗ» ЖШС-нің құю және ағызу эстакадасы қала ауасының сапасына кері әсер ететіні анықталды Қала түтін сасыған ауаның құшағында»). Сонымен қатар ауаны Сасық сай (сол жақ жағалауда) және Квадрат (оң жақ жағалауда) булану алаңдары ластайды.

Нәтижесінде 2014 жылғы қазан айында «Ақжайық-7» ЖШС жуып-шаю бекеті жабылды. Кәсіпорын басшылығының 2015 жылғы 12 қаңтардағы хатына сәйкес, қазіргі уақытта қала сыртына вагондарды дайындау және жөндеу бекеттерін салу бойынша жобалық-сметалық құжат  әзірленіп жатыр. «Каспийпромстройнедвижимость» ЖШС мұнай базасының қызметі газойл және мұнай қалдықтарына арналған қазандарды орнатқанша сот шешімімен тоқтатылды.

«АМӨЗ» ЖШС-не құю және ағызу эстакадаларын басқа жерге көшіріп, атмосфераға ластаушы заттарды мүлдем лақтыр-майтын заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету туралы ұйғарым берілді. Зауыт 2017 жылға дейін немістің «Борсинг» компаниясы шығаратын заманауи құю және ағызу жүйесін қондыруға сөз берді. Сонымен қатар, АМӨЗ Теңдік станциясынан айналма темір жол салуды да жоспарлап отыр. Жоба аясында құю және ағызу эстакадасын көшіру жүзеге асырылады.

«Қазтрансойл» АҚ БФ-ның Атырау мұнай басқармасында №1 және №2 эстакадаларда итальяндық «Кара GJ» фирмасы шығарған мұнай буларын рекуперациялау қондырғысын орнату жұмыстары басталды. Нәтижесінде атмосфераға ластаушы заттар шығару толықтай жойылатын болады. Нысанды 2016 жылы қолданысқа енгізуге уәде берді. Сондай-ақ, Қасымов атындағы МАС-тан мұнай айдау көлемінің зиянды әсерін азайту үшін МАС-ты «663-шақырымға» ауыстыру жоспарлануда. Қазір ол жерде реконструкция жұмыстары жүріп жатыр және осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.

2013-2014 жылдары қалалық қоқыс төгу орындарында қоқыс өртену оқиғаларының саны азайды. Егер 2011 жылы бұл жерде 40 өрт болса, 2012 жылы 23, 2013 жылы 6, 2014 жылы 5 оқиға тіркелді.

- Өңіріміздің тағы бір проблемасы – тарихи мұнаймен ластанған жерлердің бар болуы, - дейді Қуанов. – 2014 жылғы қаңтарда бұлар 145 гектарды құрады. Олардың 80,6 гектары «Ембімұнайгаз» АҚ-ның, 63,9-ы «Мәтен Петролеум», 0,73 гектары «Қожан» ЖШС шартты аумақтарында орналасқан. «Мәтен Петролеум» мен «Қожан» өз шартты аумақтарын тазалады. «Ембімұнайгаз» әзірге тек 69,4 гектарды өңдеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

19 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.