Егер Facebook, Twitter, Instagram, "ВКонтакте" және басқа да әлеуметтік желілердің қолданушысы үгіт-насихат тоқтатылған күні өз парақшасында қандай да бір үгіт материалын жариялайтын болса, веб-сайтқа Қазақстан аумағында тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос хабарлады. Еске салайық, республикада интернет-ресурстар, оның ішінде, әлеуметтік желілер де бұқаралық ақпарат құралына теңестірілген.
"Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні бұқаралық ақпарат құралдарында әлеуметтік сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижесі туралы болжамдар, сайлауға қатысты басқа да зерттеулерді жариялауға жол берілмейді", - деді Владимир Фоос.
Интернет-ресурстар жұмысын тоқтату тәртібі ҚР "Байланыс туралы" заңының 41-1-бабының 1-тармағында қарастырылған. Онда әлеуметтік желілерді уақытша тоқтатуды Бас прокуратура жүргізетіні айтылған. Сайлауалды үгіт-насихат науқаны тәртібінің бұзылуы анықталған жағдайда Бас прокурор интернет-ресурсты немесе онда жарияланған ақпаратқа қолжетімділікті тоқтату жөнінде шара қабылдайды. Тиісті нұсқаулық берілгеннен кейін байланыс операторлары мен мемлекеттік техникалық қызмет үш сағаттан аспайтын уақыт ішінде аталған әлеуметтік желіні жабуы тиіс.
Еске салайық, ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірі күні өтеді. Сайлауды өткізуге Қазақстан халқы ассамблеясы бастамашыл болған еді. Сайлауалды үгіт-насихат науқаны 25 сәуір күні сағат 00.00-де аяқталады.
Дереккөз: tengrinews.kz