Редакцияда атыраулық жеке із кесуге маманданған жанмен уәде етілген кездесуді күтіп отырып (мейман құпия болып қалуды өтінген), кинодағыдай костюм киген, бөгде жандардың құпиялары мен отбасылық сырларға толы былғары портфелі бар жас жігітті елестеткен едім. Елеусіз ғана киінген, басында кепкасы бар, қолтығына газет қыстырып, қолына нафтизин ұстаған тұмаулатқан ағайды көргенде қатты таң қалдым. Алайда, сериалдағы лейтенант Коломбо да суперменге ұқсамайды ғой...
ТӘУЕКЕЛГЕ БЕЛ БУҒАН ДЕТЕКТИВТЕР
– Сіз жеке тыңшылықпен қашаннан бері айналысасыз?
– 1980 жылғы Олимпиадаға дейін мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) жоғарғы курсын тәмамдаған едім. Сол кездегі Гурьев МҚКБ-да жасырын агенттер мен басқа да мемлекеттік қылмыскерлерді құжаттық және жеке іздестіруге мамандандым. Негізінен ІІБ-да, ҚІІБ-да, арнайы қабылдау орнында төлқұжат мәліметтерімен қағаз жұмысын жүргіздім. Жеке із кесуге келер болсақ, бәрі бір танысымның менің бұрынғы қызметімді еске алып, банкир бауырына қомақты сомада қарыз болған адамды табуды өтінуінен басталды. Әрине, ақысына. Сол адамды бірнеше жыл бойына сот орындаушылары да, банктің қауіпсіздік қызметі де таба алмады. Мен оны жарты күнде тауып бердім. Содан бері бизнестегі алақол серіктестерді, борышкерлерді табумен айналысамын. Бірден айтайын, опасыз ерлі-зайыптылардың ізіне түспеймін. Еліміз бойынша қанша екенімізді білмеймін. Атырауда екі адамбыз. Мен және әріптесім – ол да құқыққорғау органдарының бұрынғы қызметкері. Бір проблема – біздің қызметіміз әлі күнге дейін заңдастырылмаған, бірақ тыйым да салынбаған. Бүкіл әлемде, көршілес Ресейді қосқанда жеке із кесу көптен бері табысты жүзеге асып келеді. Бізде бәрі «Лицензиялау туралы заңның» қабылдануымен тоқтап қалды. Онда жеке детектив қызметін енгізген, бірақ лицензия алатын кодты белгілемеген. Мәселен, Әуе кодексіне қатысты да солай болды. Алматыда жеке әуе таксиі ұшып жүр, ал Әуе кодексі жоқ. Тыйым салынбаған нәрсеге рұқсат етіледі. Сөйтіп, біз де жұмыс жасап жатырмыз. Мен Алматы мен Шымкенттегі із кесушілермен (ол жақта көп) және Самара мен Нижегород облыстарындағы ресейлік із кесушілермен байланысқа шығып тұрамын.
Біздің парламентарийлер егер жеке тыңшылыққа рұқсат етілсе, оның міндетті түрде криминалға ұласатынын растап отыр. Бірақ, меніңше, бұл проблема сол «ресми» құқыққорғау органдарында бар.
– Кім жеке із кесуші бола алады?
– Жеке із кесуші заңгерлік білімі бар немесе құқыққорғау органдарының бұрынғы қызметкері ғана бола алады деген теріс ұғым бар. Бұл олай емес. Мен бұл іспен алты жылдан бері айналысып келемін, бұл жерде жұмыс істеу принципі құқыққорғау жүйесіндегі бұрынғы жұмыстардан түбегейлі ерекшеленеді. Ал, заңгер дипломы да өзің қателік жібермес үшін кәдеге жарауы мүмкін. Егер талантың мен талпынысың болса, міндетті түрде нәтиже болады.
ДОСЫҢ АЛАЯҚ БОЛСА
– Атырауда жеке детективтерге қандай жағдайларда жүгінеді?
– Көбінесе – күйеулерін бақылау үшін қызғаншақ әйелдер хабарласады. Мен алаяқтық пен рейдерлік туралы істерге маманданғанмын. Алаяқтық – Қазақстанның соры, бұған заңның әлсіздігі кінәлі. Сіз тіпті бізде қандай қолма-қол сомалардың қолдан қолға берілетінін елестете де алмайсыз. Қанша миллион долларға дейін десеңізші! Бірақ алдымен алаяқ бірнеше айлар немесе жылдар бойына сенімге кіріп, болашақ құрбандығын әзірлеп алады. Алаяқтар, әдетте, парасатты адамның кейпінде әсер қалдыра алады. Нотариуста қарыз келісімшарты жасалып, ол бойынша қарыз алушы белгілі бір мерзімге дейінгі шартпен қаржыны қайтаруға кепілдік береді. Содан кейін келісімге қатысушылар қарым-қатынастарын жалғастырады. Ақшаны қайтару мерзімі өткенде қарыз алушы ғайып болады, ал оның құрбандығы өздігінен алаяқты табудан күдерін үзіп, полицияға шағымданады. Ол жердегілер сізді ақша беруге ешкім мәжбүрлеген жоқ, сіз нотариустың қатысуымен өзіңіз бердіңіз дегенге келтіреді. Бұл жерде қылмыс құрамы жоқ! Оны өздеріңіз іздеп тауып алыңдар немесе азаматтық тәртіппен сотқа беріңіздер дегенге келтіреді. Адам сотқа жүгінеді, алаяқты таба алмайды. Ақыр аяғында судья қарызды шұғыл арада төлеу туралы сырттай «қаһарлы» шешім шығарады. Шешім сот орындаушыға жолданады. Ал оларда мұндай орындау қағаздары үйіліп қалған. Уақыт өткеннен кейін алаяқ пайда болып, белгілі бір дәлелді себептермен жоғалып кеткенін, енді қарызбен есептесетіні туралы ғажайып ертегіні құрастырып, банк кәртішкесінің нөмірін сұрайды. Сөйтіп, ай сайын 5 мың теңгеден төлеп тұрады. 50 мың теңге болса да, 250 мың доллар болса да, қарыз сценарийі бірдей. Міне, сол кезде адамдар заңның дәрменсіздігінен шаршап, жеке із кесушіге жүгінеді. Менің өндірісімде қазір төрт іс бар, олардың бірі құқыққорғау органдарына жеткізілді, екеуі – аяқталу сатысында.
- Полицияға немесе жеке детективке жүгіну туралы баламалы жағдайда ауқатты адамдар сізге хабарласуды жөн көре ме?
– Иә, солай. Жоғарыда айтып өткенімдей, сот орындаушылары мен полиция алаяқтарға миллиондаған соманы қарызға берген біздің аңғал азаматтарымыздың шағымдары-мен көміліп қалған. Мұндай істерді егер полицейлер арамза болса, олар қалай жүргізеді? Олар мұндай шағымдарға қуана ма? Алдымен олар шағым берушіден «откат» талап етеді, әсіресе, олар үшін оған қатысты қандай да болмасын әшкерелеуші материалдар болса, тіптен жақсы. Содан кейін істі жабу үшін алаяқтан пара талап етеді. Егер әлгі төлесе, бас тарту ұйғарылады. Сызба осындай. Сондықтан шетелдік компаниялар полицияға емес, құпия ақпаратты жұртшылыққа шығармау үшін және құқықорғау органдарының майлы шелпегіне айналмас үшін бізге жүгінгенді жөн көреді.
ЕСЕПШІЛЕРДІ ТАРТАДЫ
– Рейдерлік істер бойынша еске салдыңыз...
– Маман ретінде маған осындай істермен жұмыс істеген ұнайды. Бұл - өте күрделі мәселе. Менің жеке тәжірибем осындай істерден басталды. Атап айтқанда, оған бірнеше жыл бұрын орын алған жанар-жағармай құю бекеттерінің желісін рейдерлікпен басып алуға және бір кездері дүркіреп тұрған «Интернефтегазстрой» трестінің ғайып болуына қатысты оқиғалар жатады. Әрине, бұл істердің егжей-тегжейін аша алмаймын. Мұндай істерге ортақ нәрсе: әрбір қылмыскер әшкере болудан емес, баспасөзде жария болудан қорқады. Рейдердің, әдетте, «крышасы» болады. Егер із кесуші рейдерді дер кезінде тауып, өзіне не белгілі екенін, оған кімнің қамқор болып жүргенін көрсетсе, ол бірден шүберек қуыршаққа айналады. Қайталап айтамын, бұл меншігіндегі кәсіпорынды сақтауға болатын немесе оны нарық бағасымен сатуға болатын дер кезінде араласқан жағдайда көмектеседі. Жалпы, мен кандидаттық диссертация қорғай алар едім.
– Бәлкім, кейбір құпияларыңызбен бөлісерсіз?
– Мәселен, енгізу. Егер әңгіме табысты ірі кәсіпорын туралы болса, ештеңе төлеместен меншік иесін түрмеге тоғытып, оны қолына алуға тырысатын адамдар немесе бәсекелес бизнестің меншік иелері қай уақытта да табыла кетеді. Әдетте, рейдерлік сатқындыққа негізделген. Ол үшін рейдерлер тапсырыс берушілерге ақпарат «құя» бастау үшін кәсіпорынға есепшіні немесе қаржы директорын тартады. Осы ақпараттың негізінде рейдерлер әкімшілік ресурсты іске қосады. Мемлекеттік органдар тарапынан көптеген тексерулер жүргізіп, соның салдарынан кәсіпорынның жұмысы бұзылады немесе тоқтатылады. Кейде кәсіпорын қарыздары бірнеше миллионға жеткен кезде мәселе меншік иесін қылмыстық қуғындауға дейін жетеді. Сондықтан, бұл жерде бастысы – ақпараттың кетуін дер кезінде сезіп, жеке із кесушіні бірден жалдау керек немесе кәсіпорынды тез сатып жіберу керек.
РАҚЫМСЫЗ ИМПЕРИАЛИЗМ АКУЛАЛАРЫ
– Сіздің шетелдік компаниялармен жұмыс тәжірибеңіз болды ма?
– Олар туралы әңгіме бөлек, сақ болып жүру керек. Мәселе мынада, олар қосалқы мердігерлер ретінде тартылған біздікілерді екінші сұрыпты адамдар деп есептейді. Оларға жобаның аяқталу кезеңінде киім-кешегін жинап, өз елдеріне кетіп қалу түк те емес. Орындалған жұмыс көлемі үшін 11 млрд теңге төлемеген жергілікті жол компаниясына қатысты жағдайда осылай болды. Оның қожайынының бір түнде шашы ағарып кетті. Қазір Парижде сот отырысы өтіп жатыр, бірақ біздің компаниямыз ештеңе шығара алмайтын секілді деп ойлаймын. Өте алыста ғой. Өз атымнан лирикалық, дәлірек айтқанда, патриоттық шегініс жасауыма бола ма?
Біздің заң шығарушылардың назарын жемқорлықпен күресу анағұрлым қиындап кеткеніне аударғым келеді. Заң жемқорларды таңбаланған купюралармен ұстап алуды талап етеді. Нәтижесінде, олар пара алудың жаңа сызбасын ойлап тапты. Өздерінің орнына белгіленген жерге құрбандыққа қосымша психологиялық әсер ететін делдалдарды, көбінесе әккі жандарды жібереді. Жемқорларға олармен параны бөлісуге тура келеді, есесіне олардың «қолдары таза» болып шығады. Заңда жаңа саңылау пайда болды. Біз сыбайлас жемқорлықты жүгендеуге тиіспіз, әйтпесе, ол елімізді барлық маңызды институттарын жегідей жеп, олар нашар жұмыс істейтін болады немесе мүлдем жұмыс істемей қалады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА