Индер ауданы Жарсуат ауылында жаны жайсаң, кең пейілді, өте еңбекқор адамдар тұрады деседі. Әсіресе, әйелдер жағы екен. Әйелдер мерекесі қарсаңында біз оларға қонаққа бардық.
ТІЛЕКТЕС АПАНЫҢ ЕКІ АРМАНЫ
Менің бірінші кейіпкерім - 69 жастағы Тілектес ҚҰМАШЕВА. Ол зейнетке шықпас бұрын Жамбыл атындағы совхозда есепші болып жұмыс жасады. Енді оның қазіргі жұмысы басқа, бірақ ол да жауапкершілікті талап етеді - үй тірлігі және сүйікті жұмысы - іс тігу.
- Бәрі ұсақ жұмыстан басталды. Қазір мен түрлі оюлармен көмкерілген көрпеше, төсектерді тігемін, - дейді Тілектес апа. – Ұлттық «қошқар оюлардың» түрі бар ғой. Мен былтыр шымкенттік «Биболаттың оюлары» деген кітапты сатып алғанмын, ол маған ойларымды іске асыруға көмектесті. Жақында аққулардың кескіні бар көпшік тысын жасап шығардым.
Оның бірінші арманы – барлық тілек білдірушілерге ұлттық тігіс тігу сырларын үйрету.
Ал, екінші арманы – бір бөлмені ұлттық нақышта безендіріп шығу. Ол үшін өткен жылы текемет жасап шықты. Сандық пен жер үстел де дайын. Үстелге арналған ою-өрнекті жабыны да тігілген.
АНА, АНА, АНА,
МӘҢГІ ДОС СЕН ҒАНА!
Гүлжан ЖҰМАШЕВАНЫҢ алты баласы бар, сол үшін оған «Күміс алқа» төсбелгісі табысталған болатын. Бала күнінде Гүлжан әскери қызметкер болуды армандапты, бірақ тағдыры оны басқа арнаға бұрып әкетті, қазір ол жәй ғана біреудің анасы, жары дегендей. Сонымен бірге, ол ауылға тәтті тағамдар әзірлейтін аспаз ретінде де таныс.
- Мен тапсырыспен торттар пісіремін, кейде бір күнде он тортты дайындауым қажет болады, - дейді Гүлжан.- Ондайда балаларым көмектеседі. Біз қарапайым тұрамыз, балаларым ақша табудың қиындығын көріп, өсіп келеді. Бірақ олар еңбек етсең, табысқа жетуге болатынына болашақта көздері жетеді деп ойлаймын.
ШҰБАТ ДАЙЫНДАУ ШЕБЕРІ
Жарсуаттағы ең тәтті шұбат аудандық статистика бөлімінің қызметкері Қайша ҚАБДЫҒАЛИЕВАДА деседі.Олсоның бәріне үлгеруге тырысады.
- Мен таңертең бес-алтыда тұрып, сиыр сауып, оны өріске айдаған шақты ерекше жақсы көрем. Бұл сезім маған қанат бітіреді, - деп күледі Қайша.
ОТБАСЫНЫҢ БАС ӘНШІСІ
Мағрипа КАРИМОВАНЫ үйіне іздеп барғанымда қонақтықтың үстінен шықтым.
- Үйге кір, айнам-ау! Дәл шайдың үстіне келдің! Дәм татпай болмайды! -деп бізді жылы қарсы алды үй іші.
Қонақтар Мағрипа апаны 66 жасымен құттықтап келген екен. Ол - алты баланың анасы. Сондай-ақ, оның үш келіні бар, оның айтуынша, ол бәрімен де тату екен.
- Келіндердің бір-бірімен тату болуы енеге байланысты. Ене ретінде айтсам, келін түсті деп, бар шаруаны оған итере салу, меніңше, дұрыс емес. Мен келіндеріме әлі күнге дейін көмектесемін, білгенімді үйретемін. Жазда аулаға бақша саламын, содан келіндеріммен бірге піскен көкөністер мен жемістерді жинап, жабамыз.
- Мұндай үлкен отбасында татулықты сақтап қалудың сыры неде?
- Ешқандай сыр-құпия жоқ. Бәрі де бірін-бірі түсінуде, сыйластықта жатыр. Тұрмыс-тағы қыздарым төркіндетіп қонаққа келсе, оларды кеткенше асықтырамын. Және оларға келіндерімді сынауға жол бермеймін, олар турасында әңгіме айтқызбаймын. Қыз - қонақ, орнын білсін (күлді). Менің ұстанымым осындай.
Мағрипа апаның керемет бір өнері бар. Ол ән салғанда тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді. Әсіресе, той-томалақтарда ауылдың алты ауызы атанған Шәмшінің әндерін айтқанда сүйсінбейтін адам жоқ.
- Шалым да қатарластары-мен сахнаға шығып ән салып жүр. Жақында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Атырауға да барып, өнер көрсетіп қайтты. Біз бақыттымыз, - дейді Мағрипа апа.
АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАН
Гүлжан СҰЛТАНҒАЛИЕВА биыл ауылдың үздік медицина қызметкері болып танылды.
- Өзім туралы не айтайын? –деп қысылды Гүлжан. – Медицинада 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Биыл зейнетке шығамын.
Мен бұл жігерлі әйелдің өзінің ауылдастары секілді кәсіпсіз отырмайтынына сенімдімін, расында да олар жаны жайсаң, кең пейілді, өте еңбекқор жандар екен.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА