Атырау, 28 қараша 06:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Үкімет ауыр сынаққа қалай дайындалуда

3 005 просмотра

Қазақстан Парламенті Мәжілісінде 2015 жылға арналған мемлекеттік бюджетті қабылдағанына небары үш ай өткенмен, 25 ақпанда үкімет делегациясы парламент қабырғасына ағымдағы жыл бюджетінің нақтыланған сандары мен 2015-2019 жылдардағы елдің экономикалық дамуына жасалған болжамдары қайта пайда болды.

Ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ 2014 жылдың қорытындылары туралы хабарлады: мұнай бағасы мен металдар құны екі есе құлдырағанмен, Қазақстан экономикасы, ресми статистика бойынша, 4,3%-ға артқан. Үкіметтің ескертуінше, бұл «алдын ала шығарылған баға», алайда экономикадағы өсім алғаш рет шикізат емес сектормен қамтамасыз етілді. Саудадағы өсім 9%-ы құраса, байланыс қызметтері (8,5%), көлік және қоймада сақтау қызметтері (7%) өсті. Мұнай өндіру де жатқызылатын тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,3%-ға төмендеген.

 

ҚАШАҒАНҒА ҮМІТ ЖОҚ

Жалпы алғанда, үкімет көңіл-күйінде аз да болса пессимизм бар: 2015 жылдың бюджеті мұнайдың базалық бағасы 50 доллардың шеңберінде қойылған, өнеркәсіптік өндіріс, күтілгендей, 0,3%-ға қысқарады (рубль бағамының құлдырауына байланысты туындаған қазақстандық автопромның проблемасы басты рөлде), ал мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж салығының төмендеуі 939,6 млрд теңге шығын әкеледі. Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі де шамамен осындай 964,6 млрд теңгеге азайтылды (Ұлттық қор трансферттерінсіз).

Бұдан байқағанымыздай, үкімет 2017 жылға дейін Қашағаннан коммерциялық мұнай алу үмітімен қоштасқан сияқты, өйткені оқиғалар қалай өрбісе де, қазақстандық мұнай өндіру көлемі 2015 жылы 80,5 млн тонна, 2016 жылы 80,8 млн, 2017 жылы 86,0 млн, 2018 жылы 90,0 млн және 2019 жылы 93,0 млн тоннаны құрайды.

Тіпті дағдарысты 2007-2009 жылдары үкімет жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) құлдырауын жоспарламап еді, алайда 2015 жылы өнеркәсіптік өндірістің төмендеуін күтумен байланысты және «экономикадағы ахуалдың алға қарай нашарлау мүмкіндігін есепке ала отырып», үкімет номиналдық ЖІӨ 2,4 трлн теңгеге төмендеп, бюджеттің 3 пайыздық «еуропалық» дефицитінде 41,3 трлн теңгені құрайды деп болжап отыр.

 

ЭКОНОМ-КЛАСПЕН ҰШУ КЕРЕК

Нұрсұлтан Назарбаевтың 11 ақпанда ағымдағы жыл шығындарын 4 млрд долларға дейін төмендету туралы тапсырмасына қарамастан, 20 ақпанда «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВ Астанада ұлттық холдинг тек 337 млрд теңгеге дейін қысқарта алды, соның ішінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы шығындарын 134 млрд теңгеге қысқарту да бар. Әкімшілік шығындарды оңтайландырудың өзі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына 64 (!) млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берген.

Қорытындысында, 25 ақпанда парламентте мемлекеттік қаржыларды жалпы қысқарту 610,7 млрд теңгені құрап, ал 2015 жылғы республикалық бюджеттің жалпы шығындары 7,2 трлн теңге көлемде болады деп болжануда деп жарияланды. Дағдарысқа қарсы үнемдеуге жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен тиімсіз мемлекеттік бағдарламаларды кейін шегеру, 2016 жылға дейін халықтың әлеуметтік төлемдерін индексациялауды болдырмау және әкімшілік шығындарды (іссапарлар мен форумдар) қысқарту, аналитикалық және консалтингтік зерттеулерден бас тарту есебінен қол жеткізіледі.

Парламенттегі алдын ала талқылау барысында депутаттар құны 5,5 млрд теңге болатын мерзімінен бұрын президент сайлау шығындарын үнемдеу нұсқаларын талқылады, бұл қаржы бюджеттің басқа статьяларынан алынбай, үкіметтің резерв қорынан қаржыландырады. Депутаттар сөз арасында үнемдеу тұрғысынан референдум жасау сайлаудан тиімдірік деп келісімге келген, алайда 25 ақпан күні кешке бұл мәселенің ақырғы нүктесі қойылды.

Ұлттық банктің төрағасы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ депутаттарға 2014 жылғы дағдарысқа қарамастан, алтын-валюталық резерв көлемі 17%-ға өскенін, алайда топ-шенеуніктер – қандай керемет адамдар! – рейстік ұшақтармен ұша бастағанын хабарлады. Бұл сөз жүзінде ғана емес. Мәселен, Қазақстан Жоғары Сотының төрағасы Қайрат МӘМИ 20 ақпанда Атырауға кешігіп жетті. Оны чартерлі рейспен келеді деп күткен еді, алайда ол рейстік ұшақтың бизнес-класын қанағат тұтты.

 

ДАЛАҒА КЕТКЕН ҚАРЖЫЛАР

Мәжіліс депутаттары сәрсенбіде мемлекеттік қаржыны үнемдеудің бұлардан да тиімді мүмкіндіктерін тапты. Депутат Нұртай СӘБИЛЯНОВ Қазақстан Есеп комитетінің ҮИИДМБ-нің 2012 және 2013 жылғы индустриялық жобаларының шығындарын тексеру қорытындылары деректеріне сәйкес, екі жылда сәйкесінше 76 млрд және 43 млрд теңге мақсатсыз шығындар анықталғанын үкіметтің есіне салды. Бюджет салығына бір тиын да бермеген және бір де бір жаңа жұмысшы алмаған жаңа өндірістер бар.

- Мен 15 жыл бизнеспен шұғылдандым, біз сол кездерде осындай мемлекеттік қолдауды армандай да алмайтын едік, ал қазір қаржы құралдары «өз адамдарымыз» арасында бөлінетіні әдетке айналды,- деп үкіметке наразылығын білдірді ол. Оның пікірінше, жаңа индустриалдық жобаларды іріктегенде өндірісті қолданысқа бергеннен кейін салық, жалақы төлеп, бәсекеге қабілетті тауарлар шығару керектігіне басты назар аудару қажет. Парламенттің коммунистік фракциясы депутаты Владислав КОСАРЕВТІҢ сөзі де осындай сезімге толы шықты. Ол мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланудың тағы бір мысалын келтірді.

- 2014 жылғы 18 ақпанда үкімет мал шаруашылығын дамытуды инвестициялау туралы қаулы қабылдады. Жыл өтті, ал қой саны 2,5 млн басқа азайып кетті,- деді ол 17 беттік қаулыны беттеріне басып. – Бұл инвестициялау кімге керек және аналық қойлар басын қалай инвестицияламақшысыңдар, біздің есеп-қисаптарымызда «аналық қой» деген бір жазу жоқ?! Бізде қой мен ешкі ғана бар! – деп, залды бір күлдіріп алды.

Сондай-ақ, «халық коммунистерінің» есептеулерінше, экспорттық астықты сатудан түскен 4,5 млрд доллардан саланы дамытуға тек 20%-ы ғана жұмсалады, ал қалған табыстар белгісіз жаққа кетіп жатыр. Бұл фактілерден, Косаревтің пікірінше, «жауапсыздық пен біліксіздік иісі аңқып тұр».

«Ақ Жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ бұқаралық балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға бөлінетін бюджет қаржыларын үнемдеудің ешкім күтпеген жолын тапты. «Ең үздік жетістігі тек Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде соңғы орынның алды болған футболға облыстық спорт басқармасы Олимпиадалардан алтын әкеліп жүрген боксқа қарағанда он есе көп мемлекет қаржысын бөледі екен!- деп ол 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен қосымшаларды талқылау барысында наразылығын білдірді. – Жақша ішінде ғана кәсіби, ал іс жүзінде бюджеттік футболға бокс пен ауыр атлетикадан 10 емес, 100 есе артық ақша аударатын облыстар бар,- деді ол. – «Бұл жердегі ең үлкен әділетсіздік – бокс немесе күреске қазақстандық балалар баратын болса, футбол клубтарында жергілікті бюджеттің қаржысына шетелдік легионерлер қамтамасыз етіледі, ал олардың жалақысына келсек, мұндай ақша қазақ спортшыларының түсіне де кірмеген шығар».

 

ҰЛТТЫҚ БАНК ПЕН ДОЛЛАР

Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов экономиканы «долларсыздандыру» қарқыны туралы сұраққа жауап бере отырып, реттеуші теңгенің тұрақтылығына қол жеткізумен қатар ұлттық валютаны нығайту үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамытқысы келетінін хабарлады. Бұл үшін болашақта азаматтардың жылжымайтын мүлік пен автокөлікті қолма-қол ақшаға алуына тыйым салу жоспарланып жатқанын да жасырмады. Сонымен қатар, үкімет банктердің мөлшерлемесі 3%-дан артық шетелдік валюталы депозит қабылдауына тыйым салғысы келетінін, ал теңгелік шоттары иелеріне өтелуге жататын кепілдендірілген соманы 10 млн теңгеге дейін көтеретінін айтты.

Парламенттегі талқылау кезінде 2014 жылдың желтоқсанында президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қол қойған «Салық ісі бойынша өзара әкімшілік көмек туралы» конвенция және «деофшоризация» туралы мәселе көтерілген де жоқ. Естеріңізге салсақ, конвенцияда 29 офшорлық аймақтағы 2 млн теңгеден жоғары сомалық төлемдер бойынша ақпараттардың қолжетімділігі көрсетілген. Қазақстандық резиденттердің осындай төлемдері анықталғанда төлем көзіне 20%-дық мөлшерлеме бойынша салық салынуы керек. Қазіргі уақытта бұл конвенцияға Швейцарияның, Ұлыбританияның, Сингапур, Британ Виргин аралдарының офшорлық юрисдикциялары қол қойған.

Депуттармен кездесулері аяқталғаннан кейін үкімет мүшелері баспасөзге түсінік беруден үзілді-кесілді бас тартты. Тек сыртқы істер министрі Ерлан ЫДЫРЫСОВ қана бір сәтке тоқтап, Рахат ӘЛИЕВТІҢ өзіне қол жұмсауы туралы шағын ақпарат беріп кетті. «Нұр Отан» парламенттік фракциясының жетекшісі Дариға НАЗАРБАЕВА республикалық бюджеттің жаңа редакциясын талқылауға қатысқан жоқ.

Жасұлан КӨЖЕКОВ, арнайы тілші, Астана қ.

Суретті түсірген автор

27 ақпан 2015, 14:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.