Оңай Шонаевтың Гурьев педагогикалық техникумында оқып жүргенде жазған конспектілері.Майор Оңай Шонайұлы Шонаев туралы білетіндер аз, ол 330-шы атқыштар полкінің штаб бастығы, 1944 жылдың 25 тамызында Эстонияның Тарту қаласын азат ету операциясы кезінде жау оғынан қаза тапқан. Сол үшін де Шонаев Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі орденімен марапатталады.
Біз Оңай Шонаев туралы көбірек білу үшін Махамбет ауылына қарай жол тарттық. Шонаев атындағы орта мектепте болып, іс-құжаттармен таныстық, туыстарымен тілдестік.
СОРОЧИНКОДАН ШЫҚҚАН САРДАР
Оңай Шонаев 1912 жылы 15 наурызда Махамбет ауданындағы Сорочинко селосында (қазіргі Аққайың ауылы) дүниеге келген. Оның әкесі Шонайдан төрт бала тараған: үлкені Оңай, Кенжебай, Қадірбай және Орынша. Қадірбай 22 жасында ауырып қайтқан. Орынша да өмірден өткен. Кенжебай ұрпағымен бірге Шымкент қаласында тұрып жатыр.
Балалардың үлкені Оңай әке-шешесіне көмектесу үшін 14 жасынан бастап еңбекке араласқан. Алғашында жұмысшының үйренушісі, кейін Сорочинко балық қабылдау кәсіпорнында жұмыс істеп жүріп бастауыш кластарда оқыды. Оңай үнемі білімге құштар болатын. Ол 1930 жылы сол селодағы мектептің орыс сыныбын бітіріп, Гурьевтегі педагогикалық техникумға оқуға түседі. Жылыой ауданында тәжірибеден өтеді, сол жерде аз уақыт жұмыс жасаса да, оған мынадай жағымды мінездеме беріледі: «О. Шонаев аудандық партия комитеті бюросының көмекші секретары, сонымен бірге үгіт-насихат кабинетінің меңгерушісі және кешкі партия - Совет оқытушысы болып жұмыс жасады. Өз ісіне ынталы, үлкен жауапкершілікпен қарайды, тәртіпті және тындырымды». Бұдан кейінгі жылдарда ол аудандық атқару комитетінде, балықшылар одағында жұмыс істейді. Балықшы колхоздардың маусымға әзірлігін тексеру және көмек көрсету үшін оған зор сенім артылды. Оңай педагогикалық техникумды бітірген соң 1934 жылы Гурьев аудандық оқу бөлімінің, кейін Жылыой аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Қызыл әскер қатарына шақырылып, демобилизациядан кейін Гурьев қаракөл совхозы бөлімінде кең таралымды «Социалистік мал шаруашылығы» аудандық газетінің редакторы болып жұмыс істейді. 1936 жылы Бақсай халық ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Партия қатарына қабылданып, Бақсай, Мақат аудандық партия комитеттерінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасайды.
1941 жылы 10 желтоқсанда запастағы офицер ретінде Ақтөбе қаласындағы 101 дербес атқыштар бригадасының 1-ші батальон комиссары болып тағайындалады. Ал, төрт айдан соң бригада штабының комиссары болады.
Оңай әскерге кеткенде оның жары Хадиша төрт қызы - Қоңырша, Үміт, Роза және Бағытымен қалады.
- Менің апам Хадиша техникумда Оңаймен бірге оқыды, - деп еске алады Насиха ЕРМҰХАНОВА. - Жездем ақжарқын, әзілқой, өте тартымды еді. Ол әскерге кеткесін балаларымен атасының қасына келген апам оқытушылықты тастап, аудандық партия комитетіне жұмысқа кірді.
1943 жылы Оңай Шонаев Мәскеудегі Фрунзе атындағы Әскери академияда оқиды. Оны бітіріп шыққан соң үйіне екі аптаға келуге мүмкіндік алады. Бұл 1944 жылдың наурызы болатын.
- Кейін 1944 жылдың қарашасында мен дүниеге келдім, -дейді Аманқос ШОНАЕВ. - Бұл әкемнің соңғы келісі екен, бізге бір-бірімізді көруге жазбады.
Бұл жылдары Кеңес Армиясының неміс фашистерін тықсыра қуып, көп елді азат етіп, күш алған кезі еді. Оңайдың хаттары Балтық жағалауындағы майдан даласынан келе бастаған. Ол соңғы хатын 1944 жылдың 22 тамызында жазыпты, ал үш күннен соң Эстонияның Тарту қаласындағы қиян-кескі ұрыста ерлікпен қаза табады.
Бастапқыда әкелерінің қай жерде қаза болғанын анықтау оңайға түспеді. Сол кезде Оңайдың үлкен қызы Қоңырша пионерлерге хат жазып, көмек сұрайды. Хаттың септігі тиіп, эстондық «қызыл ізшілер» Оңай Шонаевтың бейітін Тарту қаласындағы Раади паркінен табады. Тарту қаласындағы №13 мектепке батырдың атағы берілген.
- Кенжебай ағам Шымкент қаласына кеткеннен кейін біз ата-әжемізбен бірге бәріміз сонда көштік. Кейін Алматыға қоныс аударуға тура келді, - дейді А. Шонаев. - Анамызға бізді аяққа тұрғызу қиын болды. Бірақ біз бәріміз жоғары бідім алдық. Бүгінде төрт апам да дүниеден озған, Роза апам жастай қайтыс болды, Қоңырша апам білім соңына түскен, Үміт жазушы Мағзом СҮНДЕТОВТЫҢ зайыбы, ал кіші апам Бағыт білгір оташы болған еді. Мен Рига авиация институтын бітірдім. Зауытта инженер-механик, бас директор, институтта проректор қызметтерін атқардым. Биыл әке басына тәу етуге барамын деп жоспарлап отырмын. Және балаларым мен немерелеріме аталарының қандай адам болғанын қайта-қайта айтып отырамын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА