Алматыда «Алматы - 2015 жылғы Ислам мәдениеті астанасы» халықаралық конференциясы басталды.Конференция білім-ғылым, мәдениет істері жөніндегі ислам ұйымдары (ИСЕСКО) бастамасымен осы аттас Жыл шеңберінде өткізіліп жатыр. Шараға ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, қала әкімі Ахметжан Есімов, Ислам ынтымақтастық ұйымына кіретін елдердің мәдениет министрлері қатысты.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін жеткізді.
«Алматының ислам мәдениетінің астанасы мәртебесіне 2015 жылы Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше болуына 20 жыл толуы кезінде ие болуы есте қаларлық оқиға. Осы жылдар арасында Қазақстан ортақ мүдделер тұғырнамасын құра отырып, мұсылман әлемі елдерімен өзара қатынасты нығайтуға белсенді атсалысып келеді. Ортағасырлық ислам мәдениеті өзінің гүлденген дәуірінде Орталық Азия мен Жерорта теңізі халықтарының дамуына өлшеусіз үлес қосқанына тарих куә. Қарапайым әрі әр адамға түсінікті рухани және адамгершілік бағдарларға арқа сүйеп, мейірімділік, жанашырлық сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелей отырып, ислам әлемдік діндер ретінде көптеген халықтар мен мемлекеттердің рухани бірлігін қамтамасыз етті. Ислам мәдениетінің астанасы құрметті атағы тарихи сабақтастықты айшықтап, Алматы қаласына ислам мәдениетін дамытуға тың серпіліс береді
», - делінген Мемлекет басшысы жолдаған құттықтау сөзде.
«Қазақстан - тарихы тереңнен бастау алатын мемлекет. Биылғы жыл еліміз үшін айтулы жыл. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады. Қазақ тарихы мен мәдениеті ислам тарихының ажырамас бөлігі екені рас. Сондай-ақ, Қазақстан түрлі сұхбат алаңына айналып отырғаны анық»,- деді ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров.
«Саясаткерлер 21 ғасыр басталғанда ислам өркениеті мен батыс өркениетінің қақтығысы болады деген болжам айтқан болатын. Сол кезде Қазақстан ЮНЕСКО-ға келер ғасырды мәдениеттерді жақындастыру жылы деп атауды ұсынған болатын. Халықаралық ұйым бір жылда атауды ұйғарды. Бірақ, ол аз көрінді де, мәдени ынтымақтастықты 10 жылға созу туралы шешім қабылданды. Келер ұрпақ мәдениеттердің іргесі неге ажырап кеткенін білуі керек. Қазір гомо сапиенс өкілдері сонымен айналысуда»,- деді ақын Олжас Сүлейменов.
Конференция барысында 100-ден аса халықаралық сарапшылар, әлемнің 15 елінен келген саясаттанушылар мен ғалымдар ИЫҰ аясындағы халықаралық интеграциялық процесстерді талқылайды. Ислам әлемі елдерінің тарихы мен мәдениетін зерттеу саласындағы ағымдағы жағдай талқыланып, жан-жақты мәдени ынтымақтастықтың болашақ жоспарлары қарастырылады.
Дереккөз: ҚазАқпарат