Сары түсті тыйым салынған бұл маңдайша жақын арада ғана пайда болған.Жақын күндері облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ ахуалға заңды баға берілуін күтпестен, өзінен бұрын жұмыс істеген тұлғалардың Нұрсая-3 ықшамауданынан жер телімдерін беруін заңсыз деп жұртшылыққа мәлімдеді. Іс жүзінде бұл ахуалды шешуге немқұрайлы қарау Шаңыраққа ұқсас оқиғаларға әкеліп соғуы мүмкін.
ГАЗЕТТЕГІ НАШАР ЖАҢАЛЫҚ
Алайда сол қайғылы оқиғадағыдай, біздің билік жерді олар өздіктерімен басып алған дей алмайды. Нұрсая-3 ықшамауданындағы қырсық шалған телімдердің (бұл Мұз сарайының артқы жағындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын жағалай орналасқан селитебті мақсаттағы жер телімдері) 94 қожайынының әрқайсысының қолдарында «тұрғын үй салу және пайдалану» мақсатында уақытша өтемді жер пайдалануға мемлекет актілері мен құрылыс салуға рұқсаттары бар.
Қожайындардың сорына қарай, уақытша акт. Тағы да өз еріктерімен емес, егер жалға беру актісімен белгіленген 2 жыл ішінде ол тікелей мақсаты бойынша пайдаланылмайтын болса, яғни, игерілмейтін болса, жер телімін алып қоямыз деп қоқан-лоққы көрсеткен шенеуніктердің өздерінің бастамасы бойынша берілген акт. Адамдарды асықтырған. Сөйтіп, олардың бірі іргетасын құйып, енді бірі болашақ үйлерінің қорабын тұрғызып қойды. Ал енді бірі құрылысын салып болып, тек коммуникацияның жүргізілуін күтіп отыр. Өйткені олар жүргізілмей құрылымдарды заңдастыруға болмайды.
Сөйтіп, биліктен қайырым күтпестен, сусыз, жолсыз, электр қуатынсыз ен далаға адамдар отын генераторларын орнатып, құрылыс жұмыстары үшін су сатып алды. Айтпақшы, билік 2013 жылдың наурыз айында журналистерге қаланың бірнеше ықшамауданын, соның ішінде Нұрсая-3-ті газдендіруге және электрмен, сумен қамту желілерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге «100 млн теңге бөлінді» деп хабарлаған болатын. Бұл жаңалық «жоғары жақтан» келген белгі болды, адамдар кешікпей өз отбасыларын жаңа кең үйлеріне алып келеміз деп бұған сенді. Бұл үйлерге миллиондаған теңге, тіпті, осы телімдерді нарық бағасымен – сегіз сотық үшін 20-25 мың доллардан қайта сатып алып алданғандар ондаған миллион табыстарын салды. Осы уақытқа дейін тараптардың әрқайсысы өз міндеттемелерін орындады: бірі құрылыс салды, екіншісі кедергісіз мемлекеттік актілерді ұзартып отырды. Алайда 2014 жылы бұл механизм іркіліп қалды: құрылыс салушылар жалға беру мерзімі өткеннен кейін әдеттегідей оны ұзартуға өтініш берді, алайда мемлекеттік актілерді беру күмәнді түрде ұзаққа созылды. Күтіп жүрген күндердің бір күнінде шенеуніктердің біліксіздігінің тұтқынына айналғанын және олардың мемлекеттік актілерінің сол сәтте бос қағаз боп қалғанын білді. Оны да үшінші дереккөзден, Атырау қаласының әкімдігі 2011-2012 жылдары Азаматтық авиация комитеті мен Атырау халықаралық әуежайымен келіспей, әуежай маңындағы аумаққа жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер бергені туралы хабарланған ҚР Бас көлік прокуратурасының сайтына сілтеме жасаған 2014 жылдың шілдедегі «АЖ» жарияланымынан білді («Әуежай жанынан заңсыз жер берген»).
ЗАҢ АЛДЫНДА БӘРІ ТЕҢ ЕМЕС
Құрылыс салушылардың облыстық және қалалық биліктермен, Атырау халықаралық әуежайымен, Азаматтық авиация комитетімен, бас және көлік прокуратураларымен, президент әкімшілігімен және басқа да ведомостволармен, мекемелермен тұрақты хат жазысу барысында анықталғандай, Атырау халықаралық әуежайының әлдебір комиссиясы көрсетілген учаскелердегі нысандар құрылысы әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндігін анықтаған. Бұл дәйек сенімді естіледі, алайда... Құрылыс салушылар алған хаттардың ішінде қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бір қызықты хаты бар: «Атырау әуежайы маңында Нұрсая-3 ықшамауданында тұрғын үйлер салу үшін 2011 жылы қаладағы барлық қызметтердің келісімімен «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ мен ҚР азаматтық авиациясы комитетінен оң қорытынды алынды. Осы ауданға құрылыс салу жобасы әзірленді және кезектілік бойынша қала тұрғындарына телімдер бөлінді». Шынымен де, Нұрсая-3 ықшамауданының сол жақ бөлігіне толықтай құрылыс салынған, оны әуежай мойындап, қала заңдастырған. Бұған оның ұшу-қону жолағымен тікелей дәл осындай көршілестігі еш кедергі болмаған. Ендеше Нұрсая-3-тің екінші жартысында не бар?
Ресми сауалдар мен оларға берілген жауаптарда айтылғандай, бас тартуға әуежай қызметінің әуежай аумағының маңына тұрғын үй нысандарын салуға «кеңес бермейтіндігі» негіз болған. Алайда әуежай маңындағы аумақ, ҚР азаматтық авиациясының әуежайды пайдалануға жарамдылық нормасына сәйкес, әуежайдың бақылау нүктесінен 46 шақырым... радиустағы жер бетіндегі телім. Соған орай, егер заң әліппесіне жүгінсек, әуежай Атырау қаласында емес, бүкіл Атырау қаласы әуежайдың «желкесінде» орналасқан. Ендеше, әсірелегенім емес, Нұрсаядағы тұрғын үй массивтерін айтпағанның өзінде, Мұз сарайы да, облыстық кітапхана мен жаңа мектеп, толған қонақ үй кешендері мен біріккен кәсіпорын кеңселері, тіпті әуежайға жақын маңда орналасқан Назарбаев Зияткерлік мектебі де әуежайға барып тағзым етіп, аяғына бас ұрып, рұқсат сұрауы тиіс еді. Алайда менің бұған күмәнім бар.
«БІЗДІҢ ШЫҒЫНДАРЫМЫЗДЫ КІМ ӨТЕЙДІ?»
Даулы ықшамауданның елу шақты теліміне дерлік ішінара немесе толықтай құрылыс салынған. Адамдардың көптен күткен баспанамыз, өз үйіміз болады деген үміттері болды. Осы 8 ай ішінде хат түрінде күрес жүргізген қырсық шалған тағдырлас көршілер айырылып қалуы ықтимал үйлерінің алдына жиналды:
- Біз 2001-2002 жылдары жер телімдерін алуға арыз бердік, яғни, 10, тіпті одан да көп жылдар бойына кезегімізді күттік. Біздің алдағы өмірге жоспарымыз, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы осымен байланысты. Құрылысқа бар жиған-тергенімізді жұмсадық, көпшілігі банктерден жоғары пайызбен несиелер алды, туыстарынан, достарынан қарыз алды. Бізге бұл қаржыларды қалай өтейді? Өтеле ме? Неліктен көлік прокуратурасы мен азаматтық авиация комитеті тек үш жыл өткеннен кейін ғана әрекет етіп отыр? Әуежай дуалының сыртында құрылыс 2011 жылдан бері жүріп жатыр, мұның заңсыз екенін білген болса, оның басшылығы қайда болды? Неліктен қалалық әкімдік тиісті құзырлы органнан лайықты түрде, уақытында рұқсат алмаған? Тұрғын үйлер халықаралық әуежайдың жұмысының қауіпсіздігіне қандай қауіп төндіреді? – осы сұрақтардың барлығына адамдар дауға қатысты органдардан айлар бойына жауап ала алмай келеді. - Әуе кемелері тікелей біздің үйлеріміздің төбесінен ұшпайды, олар қону үшін Лесхоз ықшамауданының үстінен өтеді. Құрылыс салу туралы тыйым ұсыныс-кеңес түрінде айтылған, алайда ешкім негіздеген жоқ. Біздің жағдай - әлемде кең таралған тәжірибе. Мысал ретінде айтсақ, алысқа барудың қажеті жоқ. Алматыда, Ақтөбе мен Мәскеуде тұрғын үйлер ұшу жолағына іргелес орналасқан. Бұл жағдайға біздің кінәміз жоқ. Мемлекет жерді алып қойған жағдайда біз шығындарды құжат ретінде негіздеу қажет болатын ұзақ та күрделі өндіріп алу процедурасынан өтуге мәжбүрміз. Біз бұған дайын емес едік, өйткені шығындарымызды растайтын құжаттарымызды сақтаған жоқпыз.
Ал қалалық және облыстық биліктер неліктен екені белгісіз, біз үшін күрескілері келмейді. Біз олардың тарапынан ешқандай қолдау сезіп отырған жоқпыз. Алайда шенеуніктердің кінәсінен біз өз телімдеріміз бен үйлерімізден айырылып қалуымыз мүмкін.
«БІРЖАҚТЫ ҚАТЫНАСҚА ҚАТТЫ ҰҚСАЙДЫ»
Адамдар торығуға жақсы негіз болатын белгісіздік күйінде ұзақ болды.
- Менің көршілерімнің бірі, оның айтуынша, қолындағы барын сатып, үйін салу үшін 200 000 доллар жұмсаған. Егер үйін күреп тастаса, ол өзінің асылып өлетінін айтты, - дейді білімі бойынша заңгер Руслан МАХМУТОВ. – Осынау белгісіздік, айқынсыздық, бізбен сөйлескілері келмейтіндігі адамды титықтатады екен. Өз қорытындысында әуежай «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 90-бабына сілтеме жасайды. Бірақ онда әуежай маңындағы аумаққа тұрғын үй нысандарын салуға тікелей және айқын салынған тыйым жоқ. Әлдебір түсініксіз және негізсіз себеппен әуежай басшылығы дәл біздің ықшамауданнан тұрғын үй нысандарын салуға оң қорытынды беруге қарсы болып отыр. Біржақты қатынасқа қатты ұсқайды. Біздің құрылысымыз заңсыз-мыс деген ақпаратты біз сәулет бөлімінен немесе қалалық әкімдіктен емес, сіздің газетіңіздегі мақаладан білдік. Екі жыл бойына қалалық әкімдік ештеңе жасамады, әуежай комиссиясына хатты «Ақ Жайықтағы» сол мақаладан кейін ғана жолдады.
Бұл контекстте Атырау қалалық әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі секілді атқарушы билік құрылымының заңгерлері мен басшыларына қатысты «біліктілік» деген сөз орынды бола қояр ма екен?! Және неліктен олардың «қателіктері» үшін заңға бағынатын азаматтар зардап шегуі тиіс?
Менің егде жастағы барлық адамдар секілді діндар марқұм әжем торыққан сәттерінде бойұсынып: «Құдай өзі берді, өзі алды» дейтін еді. Алайда жергілікті атқарушы билік институты шіркеу емес, ал әкім құдай емес қой. Мемлекеттік қызметшілердің міндеттемелері мен азаматтардың конституциялық құқықтары бар. Енді бұл азаматтар осы құқықтарын пайдаланып, сотқа жүгінбек.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ