Индер ауданының Индербор поселкесінде Батыс Қазақстан облысындағы алғашқы Кәсіпкерлерді қолдау орталығы (КҚО) ашылды. Ол ісін жаңа бастаған және жұмыс жасап жатқан бизнесмендер үшін «бірыңғай терезе» принципі бойынша жұмыс істейді.
ЕНДІ ЖЫЛҚЫ ӨСІРЕДІ
Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАННЫҢ айтуынша, соңғы жылдары ауыл тұрғындарының іскерлік белсенділігі едәуір артқан: тек өткен жылдың өзінде 70 индерлік жалпы сомасы 212 млн теңгеге бизнес ашуға несиелер аған. Ауданда экономикалық белсенді тұрғындар саны 17 мың адамды құрайды, олардың 10,2 пайызы – шағын және орта бизнес субъектілері. 2014 жыл ішінде олардың қызметінен мемлекет қазынасына 172 млн теңгеден астам салық түскен.
Кәсіпкерлерді қолдау орталығында бірқатар қызметтер – шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау, кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау, бизнесті дамытуға қолдау көрсету бойынша кеңестер тегін көрсетілмек. Атап айтқанда, бизнес-жоспарларды әзірлеуге және сүйемелдеуге көмек көрсетіледі, салық, заң, бухгалтерлік және көптеген басқа да мәселелер бойынша консультациялар өткізіледі.
Орталыққа келген алғашқылардың бірі жас кәсіпкер Ренат МЫРЗАҒАЛИЕВ болды. Өткен жылы ол «мал шаруашылығы» бағыты бойынша өз ісін ашқан. Бүгінде оның шаруашылығында 80 қой бар. Жылқы өсіру таяудағы жоспарында бар, ал ол үшін жер телімі қажет.
– Бұрын әлдебір құжаттарды ресімдеу үшін бірнеше сатыларды аралап, кейде облыс орталығына да бару керек болатын. Енді бизнеске қатысты барлық мәселелерді бір жерден шешетін боламыз, - дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерлікті қолдау орталығында Кәсіпкерлердің өңірлік палатасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Халық банкі, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары, аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері жұмыс істейді. Бұдан басқа, бұл жерде өз ісін ашқысы келетіндерге «Бизнес-мектеп» жұмыс істемек.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА КӨП
КҚО ашылуы туралы өңірлер бойынша жұмыс сапары шеңберінде Атырауда жүрген ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан ӘЛТАЕВ түсінік берді (суретте):
– Жыл басында біз тек облыс орталықтарындағы ғана емес, ауылдардағы кәсіпкерлікті қолдауды қамтуға да уәде берген едік. Қазір уәдемізді орындап жатырмыз. Мұндай КҚО қазір еліміздің бес өңірінде ашылуда. Бүгін Құлсарыға бардық, ол жерден де жақын арада КҚО немесе біз атап кеткен - Кәсіпкерлер үйі ашылады. Жоспар бойынша наурыздың аяғына дейін Кәсіпкерлер үйі еліміздің 188 ауданында ашылады. КҚО ашудағы біздің негізгі проблемамыз бен мақсатымыз қандай? Мәселе мынада, бізде ауыл кәсіпкерлеріне көмек ретінде мемлекеттік бағдарламалар көп, бірақ олар туралы білетіндер аз. Агробизнесті қолдау бағдарламасымен ауыл шаруашылығы басқармасы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасымен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы айналысады және т.б. Әрқайсысы өз бағыттары бойынша жұмыс жасайды және басқа басқарма айналысатын бағдарламалар туралы білмейді. Біз есептеп шықтық – осы бағдарламалармен 13 мемлекеттік орган айналысады екен. Кәсіпкер КҚО-ға келіп, өзіне не қажет екенін айтып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша бар мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат алса деген мақсат болды. КҚО-да біздің өкілдерімізден басқа «ҚазАгро», оның еншілес кәсіпорны «Қазагромаркетинг» аудандық филиалдарының, аудандық кәсіпкерлер бөлімінің және т.б. қызметкерлері болады. Ал Құлсарыда, мәселен, екінші деңгейлі үш банктің қызметкерлері отырады.
Бәлкім, қаладағы кәсіпкерлер үшін қажетті құжаттарды толтырып, толық пакетті жинау қиын болмас. Ал ауыл тұрғындары үшін бұл проблема. Сондықтан біздің қызметкерлер, соның ішінде заңгерлер кәсіпкерлерге құжаттарды ресімдеу бойынша кеңестер береді. Құжаттарды осы жерден ХҚО өкілдеріне тапсыруға болады.
Ал бизнес мектебіне келер болсақ, біз оқытушылар ретінде теориялық білім ұсынатын консалтингтік компаниядан келушілерді емес, өз ісі бар бизнесмендерді тартуды ұйғардық. Құлсарыда 4 бизнесі бар жергілікті кәсіпкер дәріс береді.
– Аудандардағы КҚО қызметкерлерінің штаты қандай болады және Кәсіпкерлер үйі кімнің есебінен қызмет етеді?
– Бастапқы кезеңде әр КҚО-да біздің үш қызметкерімізден ұсынылады, кейіннен бес қызметкерге дейін болады. Олар палата есебінен қызмет етеді. Құлсарыдағы ғимаратқа келер болсақ, оны бізге аудан әкімі ұсынды. ХҚО, мемлекеттік қаржы институттарының, банктердің қызметкерлері және т.б. жалақыларын өз мекемелерінен алады.
Лаура СүЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор және облыстық кәсіпкерлер палатасынан алынды