Атырау, 27 желтоқсан 23:56
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Сынаққа айналған сәтсіздіктер

7 866 просмотра

Юрий Александрович ПАСТУХОВ (суретте) – аймағымызға танымал өлкетанушы, палеонтолог. Назарларыңызға оның алуан түрлі экспедициясының біріндегі бастан кешкен оқиғасын ұсынып отырмыз.

Қазанның ертелетіп жеткен суық түні басталды. Шатырымызды екпіндеген желдің құтыра жұлқығанынан оянып кеттім. Түн ортасында басталған нөсердің шелектеп жауғанына бес сағат болды. Бір кезде темір қазық суға езілген борлы жыныстан атылып шығып кетті де, су болған шатырымыз ауыр салмағымен ұйықтап жатқан біздің үстімізге жалп етіп құлап түсті. Мұндай тосын сыйды күтпеген едік. Сөйтіп мұздай болған брезенттің астында қалдық. Алай-түлей болған сұрапыл нөсер үстімізге құйып кетті. Мұздай болған брезенттің астынан қалай еңбектеп шыққанымызды қазір түршіге есіме аламын. Шатырымыз сол сәт суға толды. Заттарымызды, ұялы телефондарымызды тастай салып, машинаның салонына тығылдық.

Экспедициямыздың үшінші түні осылайша есте қалды. Далалықта өткізген жиырма бес маусым ішінде аяқ аттаған сайын сәтсіздіктер бірінен соң бірі орын алған жағдай бірінші рет кездесті...

АҚТОЛАҒАЙ ТАҢЫ

Мұның бәрі күнделікті күйбің тірлікпен басталды. Жазда алматылық жас жігіт Тимур Нұртаев қоңырау шалып, менімен әкесі Таймас Қуанышұлы Нұртаевтың сөйлескісі келетінін айтты. Ол танымал құрылысшы екен, қазір зейнеткерлікке шыққан. Ірі құрылыс мекемелеріне басшылық етіп, Алматыдағы көптеген нысандарды салуға атсалысқан адам. Зейнеткерлікке шығарда жер шарының қызықты жерлеріне: Бразилияға, Чилиге, Аргентинаға, Кенияға, Непалға (Гималай), Камчаткаға аяқ басыпты. Өз сапарында ол планетамыздың түкпір-түкпіріндегі таң қаларлық әдемі жерлерді фотосуретке түсіріп алған екен. Бір күні ол өзіне: «шынымен де Қазақстанда осындай ерекше әдемі жерлер жоқ болғаны ма?» деп, сұрақ қойыпты. Сөйтіп ол өзіміздің Қазақстан жерінің табиғатындағы сұлулықты суретке түсіріп алуды ұйғарған. Ақтолағай үстірті туралы естіген Таймас Қуанышұлы осынау ғажап көріністі суретке түсіріп алу үшін қалай еткенде де осы жерге барғысы келген. Ұлы мені ғаламтордан іздеп тауып алыпты (қаламыздың сайтында менің бетшем бар). Біз сөйтіп экспедицияға шығу туралы келісім жасадық. Күздің белгіленген бір күнінде серіктесім, тәжірибелі турист Николай Голубев екеуміз таңғы сағат бестен бастап алматылықтарды күттік. Таймас Қуанышұлымен бірге оның досы Евгений Нұрғалиұлы Секеманов та ұшып келуі тиіс еді. Екі сағаттан астам уақыттан кейін олар ұшып келгенін, джипке заттарын тиегеннен кейін келетіндерін айтып, қоңырау шалды. Сөйтсе, ұшаққа отырғызу хабарланғаннан кейін олар ұшаққа отырыпты. Содан бірнеше уақыт өткен соң олардан шығуды өтінген. Ұшақ ұшуға жарамсыз боп шыққан екен. Екі сағаттан кейін оларды басқа ұшаққа отырғызыпты.  

Атырауға ұшып келген соң экспедицияға арналған аппаратуралар мен азық-түліктер тиелген олардың көліктері қызбай қалды. Оны жөндеу қолдарынан келмей, көлік жөндеу орнына жету үшін эвакуатор шақыруға тура келді. Таң сәрісінде шығамыз деген сапарға түстен кейін шықтық. Ақырындап жүріп, 60 шақырым қашықтықтағы әулие басына аялдап, кешкісін алғашқы тұрағымыз Ақкерегешін үстіртіне келіп жеттік. Сол жерге түнедік. Табиғат сұлулығын серіктеріміз таң атпай фотосуретке түсіріп алып жатты. Сапалы фотосуреттерді тек таңғы немесе кешкі фототүсірілімдер кезінде ғана дөп басуға болады. Ал күндіз күн қызған шақта ерекше көріністердің бедерлі суретін түсіру мүмкін болмай қалады.

Шаңқай түсте түсірілімдер арасындағы үзіліс кезінде алматылықтарды үстірттің оң жақ құлама бөктерімен, содан кейін әдемі борлы шатқалдан көктемгі еріген сулар үстірттің жоғарғы жағынан сорғалап ағып жатқан енсіз құзға дейін жағалатып жүргіздім. Біз шатқалмен көтеріліп, жоғарғы жағына қарай шықтық. Меймандар осы саяхатқа масаттанып, қатты әсерленді. Лагерьге оралған соң, уақыттарын жоғалтпай бірден кешкі түсірілімге кірісіп кетті. 

Ертесіне қайтадан жолға шықтық. Иманқара тауының етегінде меймандар «Нобель үңгірімен» танысты. Ал әрі қарай жүрген кезде жаңбыр жауа бастады. Қырықмылтық мұнай кәсіпшілігінен өткен соң, Ақтолағайға бұрылдық. Үстіртке аяқ басқанда күн шықты. Біздің фотографтарымыз уақытты текке өткізбестен осыны пайдаланып қалды. Ал біз Николаймен және жүргізуші Русланмен бірге шатыр тіге бастадық. Біз үшін бұл қиын емес еді, тез орнаттық. Сол кезде ауа-райы бұзыла бастады, күн көзі де бұлттар арасына жасырынып қалды. Алматылықтардың көңіл-күйлері түсіп кетті, бірақ таңертеңмен, уақыт жоғалтпай жұмысқа кірісуді ұйғарды. Ауа-райы оларға жаңа сынақ дайындап қойғанын білгенде ғой...     

Күн батпай тұрып, кешкі асымызды ішіп алдық. Сол кезде джиптің артқы сол жақ дөңгелегінің тесіліп қалғаны анықталды. Оны жөндеу мүмкін болмай, тесілген жерінен біртіндеп ауа кете бастады. Дөңгелегін ауыстырдық.

ҮРЕЙЛІ ТҮН

Сағат он бірге қарай ұйқыға кеттік. Бір кезде алай-түлей болған сұрапылдың гүрілінен оянып кеттім. Қолыма шам алып, сыртқа көз салсам, жел біздің шатырымызды жұлқып аударып тастардай долданып, уілдеп жатыр екен. Шамның жарығымен қарағанда, нөсердің молдығынан жер беті бөртіп жатқандай болды. Жел мен жауынның салдарынан болған сұмдықты көрмес үшін салқындап кеткен төсегіме қайта жатып қалдым.

Әрі қарай не болғанын әңгімемнің басында айтып өткенмін. Жылытқышы қосылған джиптің салонында бойымды жылыта алмадым. Аяқтарым өзін еріксіз жерге ұрғылай берді, оларды тоқтата алмадым. Іште Таймас Қуанышұлы отырған еді. Ол жатқан шатыр біздікінен бұрын құлапты. Ал сол кезде Евгений Нұрғалиұлы алаңсыз ұйықтап жатты. Оның шатыры дүлей желге шыдап тұрды. Біз бойымызды жылытып, салон ішінде қалғып отырған кезде, таң рауандап келе жатқанда ол да бізге қосылды.

Жаңбыр басылған соң, жер дегдіп, жол кеберсігенше бір сағаттай уақыттан соң, кері жолға шығамыз деген тоқтамға келдік. Бесін ауғанда жаңбырдың арыны әлсірей бастады. Біз осыны пайдаланып, су болған шатырларымызды, заттарымызды жинап, машинамыздың жүксалғышына тиеп болған кезде қайтадан жауын жауды. Ол тек уақытша ғана тынып қалған екен. Жаңбыр қашан жауып бітеді деп күтіп отырғымыз келмей, кері жолға шықтық. Қара жолмен 50 шақырым жол жүрген соң, Қырықмылтық кәсіпшілігінен асфальт жолға шықтық. Алайда асфальт жол деген аты болмаса, үлкен жүк машиналарының салмағынан ойқыш-ойқыш болған трассадан көлігіміздің дөңгелегі тесіліп қалды. Жамалмаған дөңгелекті ауыстыруға тура келді. Оны әр он бес минут сайын үрлеп түруға мәжбүр болдық. Қаңтарылып тұрғаннан, осының өзі жақсы еді.

Біртіндеп құлсарылық трассаға қарай жылжыдық. Бірінші түн басталғанда, тағы да бүлінген ойқыш жолдан өткен кезде, джип бәленбай машинаның ізі қалған балшықтың ортасына батып қалды. Машинаны алдан да, арттан да итеріп шығарғымыз келгенімен, онымыздан түк шықпады. Тек басымыздан аяғымызға дейін балшыққа малындық. Оның жабысқақ, жағымсыз болғаны сондай, әр қадамымызды қинала бастық. Бұл қоймалжыңның ішіне аяқ киімдерімізді қалдыруға қорықтық. Осы балшықтың ортасында түнеуге тура келеді деген ойға бойұсынған кезде кәсіпшілік жақтан көлік шамының жарығы көрінді. Жолаушы уазигі біз үшін Алланың жіберген көмегі болды. Ол қоймалжың арасынан джипті шығарып алды. Сөйтіп қайтадан моторымызды қосып, жолымызды жалғастырып, құлсарылық трассаға жақындадық. Ұялы байланыс пайда болып, Атыраудың жөндеу қызметінен көлігімізге дөңгелек әкелуін өтіндік. Бірнеше сағаттан соң жөндеу көлігі тоқтап, екі дөңгелекті түсірді. Бірақ оның бірде-біреуі сәйкес келмеді. Машина қажет дөңгелек үшін қалаға кері бармақ болған кезде меймандармен бірге мен де Атырауға қайттым. Осымен біздің сынақтарымыз аяқталды деп ойлайтын боларсыз? Жоқ, олай емес екен, тағдыр бізге соңғы кезеңде де соққы дайындап қойған екен.

АЖАЛ АУЗЫНАН ҚАЛУ

Таңертең жөндеу қызметкерлері қажетті дөңгелекті әкеліп берді. Жігіттер оны ауыстырып, қаланы бетке алды. Джип жүйткігенмен, Николайдың назарын бөгде дыбыс алаңдатты. Тоқтап, машинаны қарап шықты. Бәрі де дұрыс секілді. Әрі қарай кеттік, бірақ бөгде дыбыс кетпеді. Руслан мен Николай сағатына 160 километр жылдамдықпен жүргізіп келе жатты. Жолдың қалташықтарының бірінен қозғалтқыштың қосалқы бөлшектерін тексеруге арналған эстакаданы байқап, не болғанын қайта қарап шығуды ұйғардық. Тоқтап, эстакадаға барып, алдыңғы жүргізуші дөңгелегінің тек екі үлкен винтпен ғана ұсталып тұрғанын білдік. Қалған екеуі бұралып шығып кетіпті. Көз алдыңызға елестетіңізші, 160 км жылдамдықта алдыңғы дөңгелегі ұшып кетсе не болар еді... 

Болған жайттарды ой елегінен өткізген соң, мұндай сәтсіздіктердің тізбектеліп қатарынан бірінен соң бірінің орын алмайтынын түсіндім. Көк әлемі де осы сапарға шығуға жол бермеуге тырысқан еді. Не үшін? Неліктен? Бәлкім, әрі қарай бізді одан өткен қауіп күтіп тұрғандықтан болар. Сондықтан аман-есен үйімізге оралғанымыз үшін тағдырыма алғысым шексіз.

1 қыркүйек 2011, 23:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.