АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (ҰҚА) тыңшы бағдарламалық қамтамасыз етулерді өшіруден және форматтаудан қорғалған қатты дисктерге жасыруды үйреніпті. Әңгіме ірі өндірушілердің дисктері жайында. Әдетте, бұл әдіс арнайы қызмет өкілдеріне әлем бойынша пайдаланылатын кез келген компьютердің мәліметтерін ұрлауға мүмкіндік береді, деп жазады Reuters.
Жаңа «шпион» бағдарламаны ресейлік «Касперский зертханасы» анықтап отыр. Антивирус өндіруші компания осындай әдіспен инфекцияланған компьютерлерді әлемнің 30 елінде анықтағанын алға тартуда. Бұл тізімде алғашқы орында Иран тұр, соңынан Ресей, Пәкістан, Ауғанстан, Қытай, Мали, Сирия, Йемен мен Алжир бар.
Зертхананың нақтылауынша, тыңшылықтың нысанына үкіметтік және әскери мекемелер, телекоммуникациялық және энергетикалық компаниялар, банктер, атом зерттеу орталықтары, БАҚ пен ислам белсенділері жиі іліккен. Тыңшылықты ұйымдастырғандар техникалық тұрғыдан кез келген компьютерді бұзып кіре алатын әлеуетіне қарамастан, тек белгілі бір қызықтырған тұлғалардың ізіне түсіп отыратын көрінеді.
Фирма мұндай тыңшылықтың соңында қай ел тұрғанын дөп басып айтпағанымен, оның Stuxnet вирусымен байланысы барын алға тартты. Естеріңізде болса, АҚШ ҰҚА Ирандағы уран байыту зауытына шабуыл жасау кезінде дәл осы вирусқа тапсырыс берген болатын. «Касперский» жүргізген талдаудың шындыққа жанасатынын ҰҚА бұрынғы қызметкері де растады.
Зерттеушілердің айтуынша, осындай әдіспен орнатылатын бағдарламалардың алдында ондаған алдыңғы қатарлы компанияның өнімдері әлсіз екен. Мәселен, Western Digital, Seagate Technology, Toshiba, IBM, Micron Technology және Samsung Electronics сынды әлемдік брендер мұндай кибертыңшылыққа төтеп беруге қауқарсыз.
Дереккөз: bnews.kz
17 ақпан 2015, 12:40
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.