Атырау мұнай және газ институтында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және Жастар ресурсы орталығы көмегімен Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкесі өтті.
ИНЖЕНЕРЛЕР КЕРЕК
28 кәсіпорын (мұнай, көлік, құрылыс, қызмет көрсету компаниялары, ірі сауда желілері және басқалар) 230 бос орын ұсынды. Мәселен, Атырау кабель зауыты модуль желісінің, бояу желісінің операторын, ұршықшыны, кабель мен сымдарды бақылаушы-сынаушыны іздесе, Атырау жылу желілеріне инженер-құрылысшы, «Шлюмберже Лоджелко Инк» ЖШС-не жабдықтар бойынша оператор қажет екен. Жұмыс іздеушілердің саны екі есе артық болды – жәрмеңкеге 500-ден астам іздеуші қатысты. Олардың бәрі бірдей колледж бен ЖОО түлектері емес, «тәжірибелі» жұмыссыздар да, тиімді ұсыныс болып қала ма деп үміттенген жұмыс жасап жүрген қалалықтар да кездесті.
Мұхтар аға 55-те, мамандығы бойынша электрдәнекерлеуші, жарты жылдан бері жұмыссыз жүр. Оның айтуынша, ол көбіне осындай кезеңдерде бос болады, оның жұмысы маусымға байланысты, ал суық күндері оның жартылай автоматты аппараты бос тұрады. Құрбылар Настя мен Оляның жұмыстары бар – біреуі есепші, екіншісі туристік компанияда менеджер болып қызмет етеді. Олар өз позицияларынан үйренетін нәрсенің бәрін үйреніп болған, тәжірибе де бар, ағылшын тілін де меңгерген – енді оларға мансаптық өсу мүмкіндігі бар жұмыс қажет.
- Бәрі «кез келген жұмысқа кіріп алыңдар, тәжірибе жинайсыңдар» деп кеңес береді. Жарайды. Бірақ мәселе жұмыс берушінің талаптарында: белгілі бір позицияда 5 жыл жұмыс өтілі, жас ерекшелігі – 25-30 жас. Бірақ біз 23 жасымызда оқу орнын тәмамдадық, бір-екі жыл туристік компанияда тәжірибе жинадық, енді келіп оның керегі болмағаны ма?- дейді құрбылар.
- Көбіне инженерлік позициялар талап етіледі: жоспарлау бойынша, техникалық-коммерциялық ұсыныстар бойынша инженерлер, инженер-механиктер, КИПиА инженерлері, сметашылар, технологтар,- дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Дина ӘБІШЕВА.
«Уорли Парсонс Казахстан» ЖШС-нің кадр іріктеу бойынша маманы Гаухар ӨСКЕНБАЕВАНЫҢ айтуынша, компания осындай жәрмеңкелерге үнемі қатысады. Ол осындай іріктеу нәтижесінде жұмысқа қабылданған 14 жас маман туралы еске салып өтті.
- Қазір бізге қауіпсіздік техникасы бойынша инспектор, еңбек қатынастары бойынша супервайзер, кадр жинау бойынша маман, жоспарлау инженері қажет.
- Ағылшын тілін меңгеру міндетті ме?
- Үміткердің жұмыс өтілі мен әлеуеті болса, ағылшын тілін білгені абзал, бірақ міндетті емес.
- Ал егер тәжірибе болмаса, қайтеді?
- Басқа компанияларда жұмыс өтілін жинау керек, төменгі позициялардан бастау керек, мәселен, ресепшн.
ЖЕРГІЛІКТІЛЕР ЖӘНЕ КЕЛУШІЛЕР
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан ҒАНИМҰРАТ бұрын қатысуға тілек білдірген компаниялардың барлығы келмегеніне наразылық білдірді. Бір жағынан оларды да түсінуге болатынын мойындайды Н.Ғанимұрат. Еңбек нарығы сұраныс жоқ мамандарға толы, жұмыс берушілер олардың арасынан сапалы «тауарды» іріктеуден шаршаған. Гуманитарлықтарға мүлде сұраныс болмайды, ал техниктердің тәжірибесі жоқ. Соңғы кезде өзге өңірлерден мамандар шақыру үрдісі пайда болды: құрылысшыларды оңтүстіктен, инженерлерді Қостанайдан, Павлодардан, Қарағандыдан, геодезистер мен машина құрастырушыларды Шығыс Қазақстаннан тартады. Қымбат, әрине, бірақ компаниялар осыған баруда. Сауатты мамандарды жинаудың тағы бір жолы – таныстардың ол адам ұят жағдайда қалдырмайды деген кеңесі бойынша.
- Сонда тұйық шеңбер болғаны ғой: жұмыс берушілер жергілікті жұмысшыларды алмайды, себебі, олардың тәжірибесі жоқ, сондықтан мамандарды сырттан шақырады, онысымен сол тәжірибені жинақтау мүмкіндігінен айырып отыр. Компаниялар сырттан келушілердің жолы мен тұратын орнын төлегенше, ол ақшаны жергілікті кадрларға неге салмайды?
- Олар жұмысқа алады, салады, бірақ жергілікті жұмысшылар кетіп қалады немесе дұрыс жұмыс жасамайды. Компаниялар қайтарымды көрмейді. Бұл жерде ділдік мәселе болып тұр.
Экономикада «пайдалы қазбалардың қарғысы» деген арнайы термин бар. Өкінішті, бірақ бұл бізге де қатысты: адамдардың иек артушылық мінез бен жалақыға деген талаптары жоғары, - деп жауап берді Н.Ғанимұрат.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор