«Жылыой-Тазалық» ЖШС-нің директоры Бауыржан АБДРАХМАНОВТЫҢ ақпаратына сәйкес, Жылыой және Индер ауданындағы қоқыс төгетін алаңдар талапқа сай емес. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату мәселесін, оның айтуынша, уақыт оздырмай ойластыру қажет.
70 мыңға жуық халқы бар Жылыой ауданындағы қоқыс төгетін алаң Құлсарыдан алты шақырым жерде орналасқан. Мұнда қала және жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қоқыс төгеді. Мал және ит өлекселерін тастайтын шұңқыр толып қалған. Аумағы 10 гектарға жететін қоқыс полигонының әзірге 4 гектары ғана пайдаланылуда.
- Полигонды күтіп ұстау бізге белгіленген, -дейді Б.Абдрахманов - Мұнда күніне бірнеше көлікпен қоқыс әкелінеді. Экология тұрғысынан қоқысты өртеуге болмайды, сол себепті қоқыс көлемін азайту үшін трактормен үстін басып, нығыздаймыз. Бірақ бұл тығырықтан шығар жол емес. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату жағын ойластыру керек. Ол үшін соған сай арнайы жабдықталған полигон керек.
Индербор кентіндегі қоқыс алаңы сын көтермейді. Қоқыс алаңы қоршалмаған, айналасында ұшқан қағаз, целлофан, сынған бөтелкелер шашылып жайрап жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА