Индер ауданы Жарсуат ауылдық округіне қарасты Кетебай ауылы болашағы жоқ ауылдардың бірі саналады. Мұнда небары он шақты үй бар, ал, инфрақұрылым жоқ.
Жарсуат ауылдық округінің әкімі Нәсіпқали АЗҒАЛИЕВ болса, ауыл халқын көшіру мәселесі күн тәртібінде тұрғанымен, тұрғындардың бәрін баспанамен қамту жағы қиын болып тұрғанын айтады. Тұрғындарды көшіру жұмысы сол себепті де қазір тоқтатылған.
- Кетебай ауылы осыдан 50 жыл бұрын қалыптасқан. Ол бүгінде елді мекенге жатпайды, бұл атау биыл алынып тасталды. Мұнда бұрын совхоздың малшылары мен механизаторлары тұрған. Қазір Кетебайдың болашағы жоқ, - дейді Н.Азғалиев.
Кетебай ауылы (Кетебай қыстағы деп те аталады) аудан орталығы Индербордан 30 шақы-рым, Жарсуат ауылдық округінен 60 шақырым жырақта жатыр. Біз ауылға тез жету үшін Индербор арқылы баратын жолды таңдадық.
Индер тауына барар жол қиқа-жиқа, әбден тозығы жеткен. Міне, ешкімге керексіз болып қалған тереңдігі 300 метр №99 тұз шахтасы маңынан өтіп барамыз, ол бір кездері бүкіл бір аудан халқын асыраған. Оның бетін 2012 жылы бір ер адам оған құлап мерт болған оқиғадан кейін ғана бетонмен жапты. Шахтадан әрі қарай қара жолға түсіп, Кетебай ауылына тез жетіп алдық.
Жерде қар жоқ, бірақ қатты суық жел өңмеңіңнен өтердей дамылдауға мұрша бермейді. Ауылдан алғашқы болып шәуілдеп қарсы алатын иттері де шықпады алдымыздан. Он шақты үйдің мұржасынан шыққан қою түтін ауыл тірлігін білдіріп тұрды. Үйді айнала бере құдық басынан мал суарып жатқандарға бұрылдық. Екі жігіт кезек-кезек қауға шелекті жеңіл көтерген күйі астауға су құйып жатты:
- Осы құдықтан өзіміз де, мал да ішеді. Су болмаса, бұл жерді тастап кетуге тура келеді.
Біз осылайша әңгімелесіп кеттік. Жазда құдықты дамылсыз пайдаланғандықтан жерасты су қорының бөлінуіне мүмкіндік бермейді. Сол аз су жеткілікті тұнбағандықтан ащылығы кәдімгідей сезіледі екен. Бірақ басқа амал жоқ.
2008 жылы мұнда су қоры мен құрамын анықтау үшін үш скважина қазылған екен. Содан кейін бұл жерге ешкім келмепті. Жергілікті мамандар да скважина туралы ашып айта алмады. Ауылдан алыстау жерде канал бар, мүмкіндігі жеткен кейбір тұрғындар жылқыларын сонда жаяды.
Біз Оңай әжеде қонақтамыз. Ол өзінің шалымен бірге өмірбақи совхоз малын баққан.
Оңай әже- Біз бұрын қыстақ, жайлау, қырықтық деп көшіп-қонып жүретінбіз. Баяғыда қыс қатты болатын, - дейді Оңай әжей. - Түтеген боранда қонақ та көп болатын. Қазаның оттан түспейді.
Оңай әже он баланы тәрбиеле-ген. Екі қызын және сегіз ұлын. Кетебай ауылы, негізінен, мал өсіріп-сатумен ғана күнелтіп отыр.
- Балаларым қожалық құрғысы келеді, ай сайынғы салығын төлеу оңай болмайтын болды, үй совхоздан қалған, ескі. Шаруа қожалығы болмағасын жерді де жалға ала алмай отырмыз. Бара-бара жер дауы өрши түсе ме деп қорқамын, - дейді Оңай әже.
ҚЫР АДАМДАРЫ
Кетебай ауылында табиғи газ атымен жоқ, қыста үйді мал тезегімен жылытады. Тұрғындар ауылды көгілдір отынмен қамтуды сұрап, аудан әкімдігіне бірнеше рет өтініш жазғанымен, ондағылар үй саны санаулы болғандықтан газ құбыры жүргізілмейтінін ашық айтқан. Мұнда ұялы байланыс та жоқ, адамдар спутниктік телефонды тұтынуда. Өткен жылы ауыл Отау ТВ спутниктік арнасына қосылған.
Қазір ауыл тұрғындары шаруа қожалығын құрып, жерді жалға алуға көшкен. Көбі осы ауылдан кеткісі келмейді. Солардың бірі кезінде совхоз механизаторы болған 65 жастағы Сабырғали ТЕМІРАЛИЕВ:
- Мен осы ауылдан шығып, қалаға немесе Индерге барсам, басым ауырып, берекетім кетеді. Ол жақтан кеткенше асығамын. Қыстаққа келдім, көңіл сарайым ашылып, рахаттанып сала беремін, - дейді Сабырғали аға.
Талжібек НҰРШАРИПОВА.Ол бізді үйге кіріп, дәм татуға көндірді. Ниетінен асып кете алма-дық. Сабырғали ағаның жұбайы Талжібек НҰРШАРИПОВА бірден дастархан жаюға кірісті:
- Біздің бес баламыз бар. Әрқайсысының өз отбасылары бар. Біздерді шақырады, бармаймыз, бұл туған жер ғой, қимаймыз, - дейді Талжібек апа. -Қолымдағы 87 жастағы енем үшеуміз тұрып жатырмыз. Жағдайымыз біркелкі, сырқаттана қалсақ, фельдшер ауылда. Көшу туралы ойлағымыз да келмейді. Біз қырдың адамдарымыз, бізге басқа жерге сіңісіп кету қиын. Кең дала, жұпар ауаға не жетсін! Кезінде ән де салғам, совхоздың аспазшысы да болғанмын.
Біз қаланың шуынан біраз демалып, таза ауа жұтып, шағын қыстақтан шығып бара жаттық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА