Өткен жылдың соңында әлеуметтік желі қолданушылары атыраулық пиццериялардың бірінде ішік ұрлау оқиғасы түсіп қалған бейнебақылау камерасының ролигін таратып жіберді. Бүгінгі күнге дейін ұрылар ұсталған жоқ. Бірақ бұл істің шешуі сотта табылды.
Ұрлық 2014 жылдың 14 желтоқсанында «Пицца Хаус» пиццериясында орын алған. Жазбада жігіт пен ішік киген қыздың пиццерияға кіріп, оны гардеробқа тапсырғаны көрініп тұр. Аздан кейін қыз гардероб нөмірін көрсетпестен гардеробшы әйелден өлшемі үлкендеу әрі бұрынғысынан қымбаттау басқа ішікті алады. Оны айна алдында киіп қарап, қасындағы жолдасының «жаңа киімді» мақұлдағанынан кейін онымен бірге ғимараттан шығып кетеді.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 175 бабымен («Ұрлық») қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікті тұлғалар анықталмады. Осы себеппен іс тоқтатылды.
Бұл оқиғада зардап шегуші қала тұрғыны Т.Үмбетова болып шықты.
- Бұл мекемеге мен оқиға орын алмас бұрын бірнеше мәрте келгенмін. Сол күні кеште танысыммен кешкі ас ішу үшін барған едім. Әдеттегідей, құндыз ішігімді гардеробқа тапсырдым. Ал кетерде оның жоқ екені анықталды,- дейді ол. – Мен мекеменің әкімшісін шақырдым, бейнежазбаны қарауды талап еттім. Кейін полиция шақыртып, арыз жаздым. Полицейлер ұрыларды іздеп жүргенде мен пиццерия басшылығымен келіссөздер жүргіздім. Оларға бейбіт келісімге келуді ұсындым, олар тек ішіктің құнын төлесе жеткілікті екенін айттым. Тіпті, ақшаны бөліп төлеулеріне де келістім. Бірақ пиццериядағылар соңына дейін гардеробқа тапсырылған заттарға мекеменің жауап бермейтінін айтып бақты. Амалсыз, сотқа жүгінуге тура келді.
Соттың істі қарауы барысында пиццерия директоры клиентке шығынды гардеробшының келтіргенін айтумен болды. Оның айтуынша, ішікті клиентке берер кезде ол ұялы телефонмен сөйлесіп отырған, сол алаңғасарлығынан затты жетонсыз ұстата салған. Сәйкесінше, директордың ойынша, шығынды гардеробшы өтеуі тиіс.
Арызданушы ұрланғанына дейін екі апта бұрын Түркиядан сатып алған ішіктің құнын сотқа дүкеннің шот-фактурасын ұсына отырып дәлелдей алды. Ішіктің құны мен оны сатып алғанын сол кезде жанында болған оның танысы да растады.
Нәтижесінде Атырау қалалық соты пиццерия иесінен 473 200 теңге материалдық шығын (ішіктің құны), 50 000 теңге моральдық шығын және 55 000 теңге сот шығындарын өндіруге шешім қабылдады. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
- Бұл оқиға әркімге сабақ болуы керек,- деп есептейді Т.Үмбетованың адвокаты Талғат МҰҚАТАНОВ. – Біздің қалада түрлі мекемелердің гардеробтарында немесе супермаркеттердегі затты сақтау жәшіктерінде әкімшіліктің клиенттердің заттары үшін жауап бермейтіндігі туралы хабарлама ілініп тұратынын жиі кездестіруге болады. Бірақ бұл заңға қайшы. ҚР Азаматтық кодексінің 768 бабының 1 бөлімінде сақтау келісімшарты бойынша бірінші жақ (сақтаушы) екінші жақтың (заттың иесі) берген затын сақтауға және оны сау күйінде қайтаруға міндетті екені айтылған. Сақтау келісімшарты затты сақтауға берген мезеттен бастап жасалған болып есептеледі. Сонымен қатар, дәл осы Кодексте айтылғандай, назар аударыңыз – затты қысқа мерзімде сақтау үшін вокзал, әуежай, театр, мұражай, асхана және өзге де мекемелердің сақтау камералары мен гардеробтарына тапсырғаннан басқа жағдайда, сақтау келісімшарты жазбаша түрде жасалу керек. Сот менің клиентімнің арызын қараған кезде дәл осы нормаларды басшылыққа алған.
Тамара СУХОМЛИНОВА