Атырау, 28 қараша 04:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Бір ауладағы жеті жоба

3 383 просмотра

Мұнайхимия технопаркіндегі министерлер экскурсиясы  

Атырауға сапарлары барысында энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК, инвестиция және даму министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ, мәжілісмен Мейрам ПІШЕМБАЕВ және энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» құрылысына ат басын бұрды.

 

17 МЫҢҒА АРНАЛҒАН ЖҰМЫС

Еркін экономикалық аймақ аумағында қазіргі таңда 7 жоба жүзеге асырылуда. Олардың төртеуі – жүйе құраушы: газ-химиялық кешеннің екі кезеңі (полипропилен мен полиэтилен өндірісі), бутадиен өндірісі («Бутадиен» ЖШС) және полимерлік үлдір өндірісі («Полимер Продакшн» ЖШС). Бутадиен – синтетикалық каучук өндірісіне арналған шикізат, өз кезегінде ол резіңке-техникалық өнімдер өндірісінде шикізат болып табылады. Қалған үш жобаны инфрақұрылымдық деп атауға болады: қуаттылығы 310 МВт жылу электрстансасы (ЖЭС) («Karabatan Utility Solutions» ЖШС оңтүстік кореялық Doosan Heavy Industries & Construction компаниясымен серіктес ретінде), Техникалық газ өндірісі бойынша кешен және Су даярлау және су тазалау бойынша кешен.

Инвестициялық жобалардың жоспарланған құны – 1,7 трлн теңгеден астам, қазіргі кезде оның 110 млрд-тан астамы бөлінді. Құрылыс қызған кезде 17 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған, нысан аяқталған соң бұл жерде 1,6 мың адам еңбек етпек. Полипропилен мен полиэтилен өндірісіне келетін болсақ («KPI» ЖШС), бұл жобалардың мәртебесі бұрынғыша белгісіз сияқты. Министрлердің «Біріккен химия компаниясы» (БХК) ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дәурен ЕРДЕБАЙМЕН әңгімесінен полипропилен өндірісі бойынша кешен құрылысына мердігер биылғы жылдың наурызында анықталатыны белгілі болды (еске салсақ, өткен жылы KPI қытайлық «Синопек Инжиниринг (Груп) Ко. ЛТД» компаниясымен келісімшартты бұзған болатын). Қазақстанның Даму Банкінде (ҚДБ) жақында өткен жиында қаржыландыру мәселесі талқыланды, соның ішінде, теңгелік несие ұсыну мүмкіндігі де қарастырылды.

Қазіргі таңда бұл жобаның құны 2,6 млрд долларға бағалануда. Қолданысқа беру 2018 жылдың 4 тоқсанына белгіленген. Кешен қуаты жыл сайын 500 мың тонна полипропилен өндірісіне есептелген. «KPI» ЖШС-нің 51 пайызы «БХК»-ға, қалған 49 пайызы «АЛМЭКСПлюс» ЖШС-не тиесілі.

Полиэтилен өндірісі құрылысының құны – 5,12 млрд доллар. Соңғы ақпараттар бойынша жобадан акция меншіктенушілерінің бірі шыққан. 50 пайызы бұрынғысынша корейлік LG Chem. Ltd компаниясына тиесілі, ал «SAT&Company» АҚ-ның 25 пайыз үлесі «БХК»-ға өтті, енді онда акциялардың 50 пайызы бар.

Бас мердігерді таңдау 2015 жылдың 3 тоқсанына, ал, зауытты қолданысқа беру 2019 жылдың 3 тоқсанына белгіленген. Құрылыс кезеңінде 10 мың жұмысшы, қолданысқа енген соң 700 жұмысшы қажет болады. Кешен жоғары тығыздықты полиэтиленнің 400 мың тонна өндірісіне және төменгі тығыздықты желілік полиэтиленнің 400 мың тонна өндірісіне есептелген.

 

ШИКІЗАТ АУЛА АРҚЫЛЫ

Полимерлік өнімдер шығаратын «Полимер Продакшн» ЖШС («БХК»-нің еншілес компаниясы) зауыты туралы ЖШС бас директоры Ғабит ЗАКАРЬЯ (суретте) айтып берді. Оның айтуынша, полиэтилен үлдірлер мен полипропилен қаптар шығаратын алғашқы екі өндіріс тәжірибелік-өнеркәсіптік режимде іске қосудан кейін осы жылдың ақпан айының аяғында іске қосылады.

- Біздің өнімдеріміз - полипропиленді және полиэтиленді қапшықтар, негізінен, құрылыс материалдарын, жылыжайларды, сүт өнімдерін орау және топтамалық орамалар, т.б. үшін қолданылады. Бізде өнімдердің қанша түрі болатынын дәл қазір нақты айта алмаймын, әр өнімнің қосымшалар мен рецептураларға байланысты бірнеше түрі болады. Жазда биаксиалдық-бағыттаушы полипропилен үлдірінің өндірісі іске қосылатын болады. Олар темекі, азық-түлік, гүл орауда, өнімдерге затбелгі және т.б. дайындағанда қолданылады. Көбіне араб, ішінара түркімен және Ресей шикізатын әкелеміз.

- Газ-химиялық кешен әлі іске қосылған жоқ. Өз-өзінің өтелімділігіне қашан қол жеткізесіздер? Және ресейлік өндірушілермен бәсекелестік болады деп қауіптенбейсіз бе, өзіңіз олардағы қазіргі «жайлы» бағалар туралы айтып едіңіз.

- Өтелімділікке 5 жылдан кейін қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бәсекеге қабілетті болатынымызға сенімдімін. Соңғы жыл ішінде біз еліміздегі ірі тұтынушылармен кездесіп, меморандумға қол қойдық. Дәл осы өнім түрі тестілеуді қажет ететіндіктен, біз оларға тәжірибелік үлгілерді жібереміз. Біздің қаптарға күкіртті де, химикаттарды да сала беруге болады, дегенмен, біз цемент және басқа да құрылыс материалдарын өндірушілермен жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз.

- Газ-химиялық кешен іске қосылғаннан кейін сіздің өніміңіздің өзіндік құны қаншаға төмендейді?

- Бізде тек бір ғана негізгі компания барын ескерсек, шикізат құны жайлы болады деп ойлаймын. Газ-химиялық кешен «ауладан тыс» жерде орналасады. Шикізат тікелей біздің цехтарға түсу үшін олардың арасында пневмотранспорт орнату жоспарда бар. Бұл процесті мейлінше арзандатады.

- Сіздің өндірістің қоршаған ортаға әсері қалай бағаланады? Сіздің қанша жұмысшыңыз бар және олардың жалақысы қандай?

- Бұл - өте экологиялық және қауіпсіз өндіріс. Қазіргі кезде бізде 70 жұмысшы еңбек етеді, мамандар жинап жатырмыз, 371 адамды еңбекпен қамтимыз. Ресейден шақыртқан кеңесшіден басқасы – жергілікті тұрғындар. Орташа айлық жалақы – 200-300 мың теңге. Өндіріс 3-4 ауысым есебімен тәулік бойы жұмыс істейді. Жұмысшылардың барлығы жергілікті болғандықтан және қаланың 30 шақырымда екенін ескере отырып, вахталық әдістің орнына ауысымдық әдісті таңдадық.

Одан соң министрлер «Жігермұнайсервис» ЖШС зауытына барды, ол жерде оларға жеке қашау сыйға тартты – бұл кәсіпорын өнімдерінің бір түрі.

- Біз Қазақстандағы PDC қашау жасауға рұқсат берілген бірінші қазақстандық кәсіпорынбыз, - дейді бас директордың орынбасары Александр ЯКОВЛЕВ мақтанышпен. - Өткен жылы біз 300 қашау дайындадық, биыл, дағдарысқа қарамастан Қазақстан, ТМД және алыс шетел нарығына 500-700 данаға дейін шығаруды көздеп отырмыз. Бағасы бойынша біздің қашау шетелдік баламаларынан 30%-ға арзан. Біз сондай-ақ, көлбеу бағыттай бұрғылау қызметін көрсетеміз, бұған Қазақстанда да, ТМД-да да сұраныс көп. Қазіргі уақытта біз мұндай қызметтерді Батыс Сібір және Ставрополь өлкесінде көрсетіп жатырмыз. Сонымен қатар, өткен жылы 5 000 метрден аса тереңдікке арналған ауыр типті бұрғылау қондырғысын жасауды бастадық, наурызда аяқтаймыз.

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАЗМҰН ЖӘНЕ БАЖ САЛЫҒЫ

«АтырауНефтеМаш» ЖШС зауытында қазақстандық мазмұн бойынша кеңес өтті. Инвестиция және даму министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ орталығы Атырауда болатын Ұлттық мұнай және газ кластерін жасау бойынша жоспарлар туралы хабарлады. Оған Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары кіреді:

- Бұл – мұнай мен газды өңдеу, мұнай және газ машиналарын салу, сервистік бұрғылау. Үкімет қолдау көрсетіп, ақша, несие беріп, салықтық жеңілдіктер беретін болады.

Энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИКТІҢ айтуынша, кластер аясындағы барлық бизнесті ірі жер қазбаларын пайдаланушылардың айналасына жинақтау жоспарлануда:

- Алға қойған ең басты мақсатымыз – бізде жұмыс жасайтын жер қазбаларын пайдаланушылар арқасында өзіміздің нарыққа да, олардың нарықтарына да шыға алатындай сапалы және өзіндік құны арзан өнім шығаруды бастауымыз керек. Шикізатті емес, машина жасау өнімдерін экспорттауды қамтамасыз етуіміз қажет.

Бизнесмендерге өз проблемаларыңмен бөлісіңдер деп өтініш білдірді. Белгілі кәсіпкер, «АNACO» ЖШС мұнай компаниясының, «АтырауНефтеМаш» ЖШС машина жасау зауытының, «ЗаманЭнерго» ЖШС сервистік бұрғылау компаниясының құрылтайшысы және акционері, «T&T» ЖШС компаниясының басқарушысы Сағат ТҮГЕЛБАЕВ баж салығы мен пайдалы қазбаларды өндіру салығын (ПҚӨС) төмендету қажеттілігін мәлімдеді:

- Баға түсті, алайда келісімшарттар жасалып қойылды, біз енді тоқтата алмаймыз. Осы мәселені ең болмаса дағдарыс уақытында қараса деген өтініш бар.

Түгелбаевтың айтуынша, оның компаниясы мұнай өндіріп жатқан кен орны суға кеткен. Школьник оған үкіметке өндірісті оңтайландыру, қаржылық модельдер бойынша жүргізілген іс-шаралары есептері мен өткен жылғы нәтижелер көрсетілген хат жазуға кеңес берді.

- Сіздегі 90%-дық сулануды есепке алып, өндірісті қысқартпай, жылдық қаржылық нәтижелерге қол жеткізу үшін ұсыныстар жіберіңіздер. Ақпан айының аяғында салық комитеті мен ұлттық экономика министрлігімен біріге отырып, әр кәсіпорын бойынша жеке-жеке барлық ұсыныстарды қарайтын боламыз.

Кәсіпкер Әділ ЖҰБАНОВ («БатысАльянсСтрой» ЖШС) шеттен әкелінетін құрылыс материалдарының қымбатшылығын атап өтті. Осының салдарынан тұрғын үй шаршы метрінің өзіндік құны жоғары. «Тұрғын үй - 2020» мемлекеттік бағадарламасының қатысушысы ретінде темір жол тасымалы тарифтерін төмендету немесе салынып жатқан үйлерге дифференцияланған баға белгілеу туралы мәселені қарауды ұсынды.

ТШО, NCOC және КПО жүргізетін тендерлердің «ашық еместігі» туралы кәсіпкерлердің шағымдары бір сарынды болды. «ТШО» бас директорының орынбасары Әнуарбек ЖӘКИЕВ өткен жылдың желтоқсанында компания тендерге қатысуды қалайтын әр әлеуетті қатысу тіркеліп, өз деректерін ұсынып, біліктілік талаптарынан өтіп, сұрақтарға жауап бере алатындай веб-сайтты іске қосты.

- Біз жүйені жетілдіреміз, олар (компаниялар) тізімге тіркелді ме, өтті ме, өтпеді ме, қандай жұмыс көлемдерін ала алады деген сияқты тендер нәтижелері бойынша деректерді жасаймыз. Бұл үшін уақыт керек, сайт өткен жылдың соңында іске қосылды.

Форум соңында жұмыс орындарын сақтау және жалпы сомасы 64 млрд теңге жергілікті мазмұндағы тауарларды сатып алу бойынша 70 меморандумға (ҚР инвестиция және даму министрлігі мен облыс әкімдігі, әкімдік пен мұнай және сервистік компаниялары арасында) қол қойылды.

Қарбалас күн геология бойынша кеңеспен аяқталды. «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ өз сөзінде мұнайға салынатын экспорттық-кедендік баж салығы мөлшерлеріне дифференциалдық тұрғыдан қарау керектігі туралы айтты.

- Қазіргі уақытта ЕМГ 41 кен орнын әзірлеп жатыр және біз өз қаржылық-шаруашылық жағдайымызды көріп отырмыз. Біз бір баррель 70, 50, 40 және 30 доллар болатын жағдайларды есептедік. Өкінішке орай, баға 50 доллар болса, біздің жағдайымыз қиындайды. Алайда біз жұмыс орындарын қысқартпаймыз, әлеуметтік төлемдерді жүргізе береміз. Осыған байланысты экспорттық-кедендік баж салығын дифференциалдық етсе дейміз. Қазіргі баж салығы және бір баррельдің 50 доллар болған кезінде ЕМГ 14,5 млрд теңге минуспен шығады. Ал, біз қаладағы маңызды кәсіпорын болып табыламыз.

Есқазиев, сондай-ақ, Каспий маңының оңтүстік батысында, Астрахан және Ақтөбе биіктік аймақтарындағы тұз асты шөгінділерін барлау бойынша 5 стратегиялық әріптестермен меморандумға қол қойғаны жөнінде хабарлады. ЕМГ жалпы құны $826 млн болатын 11 іздеу және бағалау бұрғылауларын жүргізуді жоспарлауда.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

10 ақпан 2015, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.