Энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК, инвестиция және даму министрі Әсет ИСЕКЕШОВ, мәжіліс депутаты Мейрам ПІШЕМБАЕВ және энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН Атырауға жұмыс сапары аясында үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағадарламасының кейбір нысандарына барды.
ЕКАТЕРИНБУРГТЕН ӘКЕЛІНГЕН ТАУЫҚТАР
Олар ең алдымен «Алмалы құс» ЖШС құс фабрикасына барды. Карантинді сылтауратып құс қорасына журналистерді кіргізбеді. Оған арнайы халат, бас киім және бахил киіп қонақтар ғана кірді.
Естеріңізге салсақ, құс фабрикасы – «Атырау» ӘКК » (49%) пен «Жігер» ШҚ-ның (51%) бірлескен жобасы. Оның жобалық қуаты – жылына 30 млн жұмыртқа.
«Алмалы құс» ЖШС атқарушы директоры Виктор ПАЦТЫҢ айтуынша, жұмыртқаның алғашқы партиясын сәуір айында алу жоспарланып отыр.
- Жобалық қуатқа біз бір жылдан кейін шығамыз. Ал биыл 20-21 млн жұмыртқа алуды жоспарлап отырмыз. Тұқымы жақсы тауықтар бізге Екатеринбург зауытынан жеткізілмек.
- Жұмыртқа мен құс етінің өзіндік құны қандай?
- Ет бойынша әлі есептеген жоқпыз, ал жұмыртқаның өзіндік құны – бір данасы 11,8 теңге, - деп жауап берді «Алмалы құс» ЖШС құрылтайшысы Мұрат НАҚПАЕВ.
- Қазақстандық құс өсірушілер өніміміз ресейлік өнімдермен бәсекеге қабілетті емес деп дабыл қағуда.
- Осындай өзіндік құнмен бәсекеге қабілетті боламыз деп ойлаймын, - деп есептейді М. Нақпаев. – 8 жылдан кейін өзімізді ақтаймыз. Сонымен қатар, 20 млн-ға жеткенде мемлекеттен бір жұмыртқаға 2 теңге есебімен субсидия ала аламыз.
Ол құс фабрикасы қызметкерлері жарты жылдан бері жалақы алмаған деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, ақшалар уақытында төленеді, орташа жалақы - 50-60 мың теңге.
ЕСТЕЛІККЕ - ФОТОСУРЕТ
Қонақтарға «АтырауАгроӨнімдері» ШҚ-ның ешкі фермасы қатты әсер етті. Школьник телефонын шығарып, суретке түсірумен болды. Тәулігіне 4 тонна жем өндіретін жем цехы да мақтауларға ие болды. Шаруашылықтың басшысы Владимир РОЗМЕТОВТІҢ жемге көкөніс қосылатындығы туралы әңгімесіне істі білетінін көрсеткен облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ түсінік берді:
- Сәбіз бен алма ешкі сүтіне айрықша иіс береді. Сондай-ақ біз биыл бірінші рет күздік дақылдар ектік.
Розметов өз жаңалықтарымен бөлісті: ешкілердің біреуі үш лақ туыпты. Бір айдан кейін фермада 400 лақ төлдейді деп күтілуде.
Қонақтардың келуі автоматты режимде өтетін сауын уақытымен дәл келді. Барлық ешкілер нөмірленіп, чиптармен жабдықталған. Розметовтың айтуынша, сүттің тәуліктік мөлшеріне бақылау жасалады екен.
- Егер өндірілген сүттің мөлшері төмендесе, зоотехниктер себебін іздейді, - деп атап өтті Б. Ізмұхамбетов. Ол қонақтарға сәйкесінше компьютерлік бағдарламаны көрсетті. Школьник қызметкерлердің өнімділігіне бақылау жасаудың осындай бағадарламасын кез келген компания армандайтын болар деп әзілдеп қойды.
Розметовтың айтуынша, фермада жұмыс жасайтындардың көпшілігі Ресей мен Еуропада өзі оқытқан туыстары екен. Осылайша ол, кәсіпкердің айтуынша, кадрлардың тұрақсыздығынан сақтанады екен.
- Әйтпесе, оқытасың-тоқытасың, үйреніп алған соң кетіп қалады. Алайда сауыншылардың барлығы Мәскеуден оқып келді.
Министрлерге ферма өнімдері, соның ішінде ірімшіктердің түрлері де көрсетілді. Оларды дайындаудың технологиясымен танысу үшін Германиядан үш айға маман шақырылған екен. Сапар соңында Школьник былай тұжырым жасады:
- Небары алты айда жем базасын жасаудан лақ төлдету, сауу, көбейту және денсаулыққа пайдалы өнімді өткізуге дейін толық технологиялық циклді кәсіпорын салынғанына таң қалып отырмын. Әкім мен осы бизнеспен айналысып отырған адамдарды шын жүректен құттықтаймын.
Қонақтар сондай-ақ «Первомайский» ЖШС-тің сүт-тауарлық фермасына да барды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор