Атырау, 28 қараша 04:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ісікке қарсы жалғыз амал

2 469 просмотра

Облыстық онкологиялық диспансерде 3 мыңдай адам есепте тұр. Мұндай сан осы медицина мекемесінде өткен баспасөз-конференциясы барысында айтылды.

Бас дәрігердің орынбасары Руслан РАСҚАЛИЕВТІҢ (суретте) айтуынша, 2014 жылы қатерлі ісік ауруына алғаш шалдыққан 846 жағдай анықталды. Алғашқы орында өкпе ісігі (99), одан соң сүт бездері ісігі (95), асқазан (83), жатыр мойыны (58), өңеш (52). Сонымен қатар бауырда, бүйректе, т.б. пайда болған қатерлі ісіктер де кең таралған.

Мамандар скринингтік тексерулер басталғалы бері ауруды алғашқы сатысында анықтаудың жиілегенін айтады, бұл науқастарға мүмкіндік сыйлайды.

- «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша бізге өте қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Осы айда біз сандық маммографты іске қоспақпыз, ал наурызда науқастарды компьютерлік томографта тексеруді бастаймыз. Өткен жылы облыстық аурухана мен біздің диспансерге бейнеприставкасы бар екі гастроскоп жеткізілді, бұл өте жақсы аппаратура,- дейді Р.Расқалиев.

Сүт бездерінің қатерлі ісігін анықтау бойынша алғашқы скринингтік бағдарлама Атырау облысында 2008 жылы басталды. Тексеруге 50-ден 60 жасқа дейінгі әйел адамдар екі жыл сайын жіберіліп отырады. 2011 жылы жатыр мойны ісігін анықтау бойынша скринингтік тексеру басталды, тексеруге 30-дан 60 жасқа дейінгі әйелдер жіберіледі. 2012 жылы ішек ісігін анықтау бойынша бағдарлама іске қосылды (50-ден 60 жас аралығы). 2014 жылы бірден үш бағдарлама жүзеге асты: асқазан мен өңеш, қуық асты безі, бауыр ісігін анықтау бойынша. Соңғы жағдайда скринингке вирусты және вирусты емес гепатит бойынша есепте тұрған науқастар жіберіледі.

- Біздің емханада сүт безі ісігіне 496 әйел тексерістен өтті, 2 сырқат жағдай анықталды. Жатыр мойны ісігі бойынша тексерістен өткен 537 әйелдің 18-інен сырқат анықталды. Тік ішек пен тоқ ішек ісігіне тексерістен 1 790 адам өтті, олардың үшеуі науқас екен, өңеш ісігіне  тапсырған 1 020 адамның біреуі ауырады екен, - дейді №5 емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі Әсет ХАМИТОВ.

Емхана қызметкерлері үнемі бір мәселеге тіреледі – адамдар скринингтік тексерістен өтуге құлықсыз, себебі, олардың жұмыс күндері бос уақыттары жоқ. Дегенмен, медиктер тексерістен өтуге кеңес беріп отыр – уақытында басталған ем соңы қайғылы аяқталатын жағдайлардың алдын алады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор 

«АЖ» анықтамасы Скрининг (ағылш. screening – іріктеу, таңдау) – денсаулық сақтау ұйымдарындағы клиникалық сиптомдары білінбейтін тұлғалардан ауруларды анықтауға бағытталған стратегия. Скринингтің мақсаты – ауруды барынша алғашқы кезеңдерінде анықтау, ол емді ерте бастап, науқастың жағдайын жақсартып, өлімге соқтыратын жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. 

6 ақпан 2015, 10:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.