Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Жылыой ауданынан майданға аттанған 3 600 жауынгер үйлеріне оралмады. Сол боздақтардың қатарында Ағын ТІЛЕПИЕВ те бар еді.
- 1942 жыл. Қыс кезі. Жылыой өңірінен 17 адам майданға бір күнде кетті. Әкем Ағын майданға аттанғанда шешеміз Торқа (суретте) жас босанып, қоштасып шығарып сала алмапты. Шешеміз сонысын өмірбақи өкінішпен еске алып, көзіне жиі ерік беретін еді, - дейді 71 жастағы Амангелді ТІЛЕПИЕВ (суретте). - Сол кезде дүниеге келген қыз бала бес-алты ай ғана өмір сүріп, қайтыс болып кетті. Ағынның одан бұрын туған ұлы Ақанай 27 жасында мотоциклден құлап мерт болған. Ағын әкеміздің ұрпақтары тұрмаған соң Торқа анамыз Тастемірдің үш баласын: мені және екі апамды бауырына басып алды.
Ағын соғыс басталғанға дейін мал шаруашылығымен айналысқан. Ол майданда жүргенде үйіне жиі хат жазатын. Бірақ хат алысу көпке ұзамады.
- Біздің үйдегі сандықта көне Құран кітабы жатты. Бұл арғы атамыз Кетебайдан қалған мұра еді. Қасиетті құран кітабына тәу еткендер аз болмады. Бір туысымыздың қыз баласы көтеріліп ауырғанда осы кітапты жастанып, сауығып кеткен. Сол себепті кітапты ерекше дүние ретінде сандықта сақтайтынбыз. Жақында кітап ішінен мына хат шықты, - дейді Амангелді ақсақал.
Дала поштасынан келген сарғайған хаттан сағыныштың лебі есіп тұрды. Ағынның госпитальдан жазған соңғы хатынан: «Ардақты артық көруші ата-анамызға сағынышты сәлем. Торқаға және бізді сұраған аға-жеңгеге, Саудабайдың, Іңірбайдың, Үсеннің үй-ішіне сәлем. Біз де аманбыз. 12|VI күні жаралы болдық. Оқ менің басымнан, қарымнан тиді. Жарам жеңіл, құдайдан дәметіп қойыңдар. Сырлыбайдың көзі соқыр болып қалды. Сәлем айт, сұрағандарға. Қош сау, балаң Ағын. 17/VI. 1942 ж».
Бұл хат Тамбов облысы Мичурин қаласындағы госпитальдың 7-ші палатасынан жазылған, Ағыннан одан кейін хат-хабар болмай, дерексіз кеткен.
- Анамыз Торқа мен атамыз Тілепі оны өмірбақи күтті. Себебі, онымен бірге соғысқа кеткен 17 адамның 10-ы қайтпаса, 7-уі елге келді. Бірде әкемізбен бірге кеткен бір адам өз қадесінің үстінен түсіп, аман-есен келіп тұрған. Бұған таңданбаған адам қалмапты. «Кебін киген емес, кебенек киген келеді» деген осы. Сондықтан ешкім күдерін үзбейтін. Анамыз Торқа бізді шақалақ күйімізде бауырына басып, Ағын әкемізді күтумен ғұмырын өткізді. Енді балаларым аталарын іздеуді қолға алмақшы. Дерегі табылып, басына тәу етсек, анамыздың алдындағы борышымыздың ақталғаны деп есептейміз, - дейді А. Тілепиев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА