Атырау, 28 қараша 03:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Нұрлыбек Ожаев: «Мен өз ісіме берілген мемлекеттік қызметшімін»

10 050 просмотра

Қала әкімімен сұхбат өткізу туралы біз оның жеке өзімен желтоқсан айының ортасында келіскен едік. Менің таңғалғаным, ол кездесіп, сөйлесуге бірден келісті, бірақ кездесу уақытын шартты түрде белгіледік: мен жыл сайынғы демалысқа кетіп бара жатқан едім, ал ол жоспарланған есеп берулер мен түрлі деңгейдегі кездесулердің арасынан бос уақытты бірден таңдай алмады. Мен қаңтарға жоспарланған сұхбат ақпан айына ауысатындығына уайымдай бастағанмын, бірақ аптаның соңында жұмыс уақыты аяқталарға таман маған әкімдіктен қоңырау шалды. Әңгімелесу 31 қаңтар, сенбі күні таңертең орын алды – ақыры оның жұмыс кестесінен бос уақыт табылыпты, біз кезекпен жөтеліп (қарғыс атқан тұмау), шай іше отырып әңгімемізді бастадық.

КОМБАЙНШЫ, АППАРАТ ЖЕТЕКШІСІ, "АДЖИП" МЕНЕДЖЕРІ

- Сіз қала әкімі болып 2014 жылдың 19 маусымында тағайындалдыңыз. Ресми дереккөздерден белгілі мәліметтердің бары осы. Өзіңіз туралы өзіңіз айтып өтіңізші.

-Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлы, 1964 жылы Махамбет ауылында ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келдім, сол жерде орта мектепті тәмамдадым, кейін Орал Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына «инженер-механик» мамандығы бойынша оқуға түстім.

- Сізде бір ғана білім бе?

- 2010 жылы мен екінші диплом алдым: Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай оқып тәмамдадым. Мемлекеттік емтиханды «үздік» бағаға тапсырдым, дипломдық жұмысымды да солай қорғадым.

- Сіз ол кезде 46-да едіңіз, оған дейін бірнеше жыл мемлекеттік қызметте еңбек еттіңіз, шыныңызды айтыңызшы – емтиханға бардыңыз ба?

- Әрине, бардым! Мемлекеттік емтихан қабылдау комиссиясының төрағасы мені мақтағаны әлі есімде: «Көптен бері мынадай сырттай оқушылар болмаған едідеді ол!» - деп күлді Ожаев.

- Мансабыңыз қалай басталды?

- Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң мені өзім оқыған институтым мен Батыс Қазақстандағы тағы екі техникум оқытушы ретінде жұмысқа шақырды. Бірақ мен аудан орталығынан шыққан жігітпін, қала өмірін таныдым, бірақ совхозда, өндірісте жұмыс жасап, өзімді сынағым келді. Менің балым жоғары болатын, сондықтан тәжірибеден өтетін өңірді таңдауыма рұқсат етті. Сөйтіп, мен Қарағанды облысына келдім. Совхоздың машина-трактор шеберханасы меңгерушісінің орнына жолдама берген, бірақ ол жерде мені қабылдамады – өте жаспын, еңбек кітапшамда ешқандай жазба жоқ... Мені орып-жию бөліміне комбайншылардың шебері-жөндеушісі етіп жіберді. Менің бригадам ол бөлімдегі жұмысты уақытынан бір апта ерте аяқтады. Сол кезде машина-трактор шеберханасының меңгерушісі етіп тағайындады. Кейін ол жерде бәрі өз орнына келді: жұмыс болды, пәтер берді, комсомол желісі бойынша тез көтере бастады. Ол кезде комсомол ұйымының беделі жоғары, қажетті тетіктер жеткілікті еді, біз соның аясында жұмысты белсене жүргіздік. Нәтижелер көп кешікпей болды, Қазақстан ЛКЖО-ның Қарқаралы аудандық комитетінің екінші хатшысы лауазымына дейін көтерілу үшін бір айлық тәжірибеден де өттім. Отбасылық жағдайға байланысты екі жарым жылдан соң туған өңірімізге оралдық. Жарты жылдай жұмыссыз жүрдім. «Сельхозхимзащита» мекемесіне агроном болып жұмысқа тұрдым. Бір жылдан кейін мені инженерлікке дейін көтерді. Тағы жарты жылдан соң комсомол ұйымының хатшысы етіп тағайындады. Шенеуніктік мансабым 1989 жылы Махамбет аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігінен басталып, облыс әкімі аппаратының жетекшісіне дейін көтерілді. 2007 жылы қала әкімі аппаратының меңгерушісі қызметінде отырған кезде қызметтен кетуге бел будым – балалар өсті, оларды аяққа тұрғызып, лайықты білім алуларын қамтамасыз етуім керек болды, ол кезде менің алатын жалақым 56 мың теңге болатын. Маған шетелдік қатысы бар компания ұсыныс жасады, олар 10 есе көп төлеуге дайын еді. Тіпті келісімге қол қойдым, бірақ мені жібермеді, тағы шамалы уақыт жұмыс істеуімді сұрады. Мен 2009 жылы ғана кеттім. Маған жаңа келісімшарт ұсынды, бұл жолы «Аджип» компаниясы. Оларға халықпен жұмыс жасайтын, еңбек заңын білетін және мемлекеттік орындарда беделі бар адам керек болды. Мен «Болашақ» зауыты құрылысының жерүсті жо-баларындағы демобилизациялық процестерге жетекшілік еттім. Бұл жұмыс жасаған уақытымда 800-ге жуық мердігер мекеме мен 27 мың жұмысшы мен маман демобилизацияланды деген сөз. Бұл жерде жұмыс көп болатын: еңбек даулары, таластар, ереуілдер, еңбек заңын бұзушылықтар... Көп жағдай болды. Шетелдік мердігерлер келісімшарттарын аяқтап, өз жұмысшыларының алдындағы өздерінің міндеттерін орындамай, ақырғы есеп төлемдерінен жалтарып отырды. Тіпті кейбіреулерін ұшақтан түсіріп алып, ұжым алдына әкеліп, тиісті өтемақыны төлеуге мәжбүрлеген жағдайлар да орын алды.

Сіздің лауазымыңыз қалай аталды? Және сіз ағылшын тілін меңгергенсіз бе?

- Шақырған кезде тіл білу міндетті емес деген болатын, дегенмен жұмыс барысында тілді үйреніп алдым, әрине, жетік білем дей алмаймын, бірақ сөйлей аламын және түсінемін, басқаша болуы мүмкін емес еді, себебі, барлық құжаттар ағылшын тілінде жүргізіледі, сондықтан үйренуге тура келді. Менің лауазымым «еңбек заңдылықтарын сақтау және мердігер мекемелермен жұмыс жасау жөніндегі координатор» деп аталды.

ТҮЗЕЛМЕЙТІН МЕМҚЫЗМЕТШІ

- Сіз жоғары санаттағы менеджер болдыңыз, бұл жоғары жалақы, әлеуметтік пакет, бонустар, кепілдендірілген еңбек демалыстары мен аптасына 40 сағаттан аспайтын бес күндік жұмыс күні, мерзімнен

артық жұмыс үшін төленетін еселенген жалақы болғанын білдіреді...

- Бәрі де болды, барлығы да көңілімнен шықты.

- Бірақ сіз қайтадан мемлекеттік қызметке оралдыңыз.

- Мен қазір де нақты білмеймін – дұрыс жасадым ба? Мен, шамасы, қаныма дейін мемлекеттік қызметкер шығармын. Мұны түзете алмайтын сияқтымын. 2013 жылы реформа басталып, «А» корпусын жасақтай бастағанда құлағымды түріп жүрдім, өзімді сынағым келді. Барып, құжаттарымды тапсырдым, бір жақсысы, сол кездегі командадан мені ешкім танымады. «А» корпусы тестісінде 537 сұрақ болды. Жауап бердім, «нәтиже» деген тетікті басып едім, «тестіден өттіңіз» деген жазу шықты. Әрі қарай кеттім. Мені танысу үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы Дүйсембаев, кейін облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов шақырды, олар мені жоғары жаққа, сол кезде Кәрім Қажымханұлы Мәсімов төрағалық еткен ұлттық мемлекеттік комиссияға ұсынды. Сейсенбі күні маған Астанадан мемлекеттік қызмет агенттігінің өкілі қоңырау шалды – сіздің құжаттарыңыз қабылданды, бейсенбіде тест өтеді, ұшып келіңіз деді, менің дайындалуға екі күнім болды. Жақындарым жұбатып жатыр – «ештеңе етпес, өтпесең – ештеңе жоғалтпайсың, жұмысың бар, сынап көр» дейді. Ұшып бардым, тестіден өттім! Мені «А» корпусына тіркеді. Бірнеше күн өткен соң облыс әкімі Ізмұхамбетов шақырып алып, «Исатай ауданының әкімі болып жасайсың ба?» деп қатқылдау сұрады. Біздер әскерилер сияқтымыз ғой, «барамын» дедім. Төрт жыл жұмыс жасаған «Аджиптен» жұмыстан шығып, ауданға кеттім. Бір жылдан соң ойламаған жерден қала әкімінің лауазымын ұсынды.

- Қала әкімінің жалақысы қанша?

- Қолға алатыным 383 мың теңге.

- Меншігіңізде қандай жылжымайтын мүлік бар?

- 2010 жылдан бері тұратын үйім бар. Нұрсаяда. Үш жыл бойына салдым. Іргетасы бұрын құйылған болатын, бірақ үйді «Аджипке» жұмысқа кіргесін салып бітірдім.

- Отбасылық жағдайыңыз?

- Үйленгенмін, бірінші некеден үш ересек балам бар және екінші некеден Аийана есімді кішкентай қызым бар. Әлихан, Әдия есімді екі немерем бар.

- Әңгімеміздің алдында әлдекіммен жаттығу уақытын келісіп жаттыңыз – сіз спортпен шұғылданасыз ба?

- Ес білгелі. 1981 жылға дейін еркін күрестен Атырау облысы құрамасының мүшесі болдым, Орал құрамасының күрестің 4 түрі бойынша мүшесімін – дзюдо, самбо, еркін және қазақша күрес, тоғызқұмалақ пен қазақша күрес бойынша Қарағанды облысы құрамасының мүшесімін. 1985 жылы Қазақстан құрамасының сапында бүкілодақтық жарыстарға барып жүрдім, еркін күрестен Қазақстанның екі дүркін чемпионымын, ҚР спорт шеберімін. Қазір аптасына үш рет татамиде жаттығамын – дзюдо мен самбоны ұнатамын. Спорттан бөлек, поэзияны жақсы көремін, әсіресе М.Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқимын.

«ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАТҚАН» ТӨРТ НҮКТЕ

- Немен мақтанасыз?

- Өзім үшін негізгі екі жобаны айта аламын: 2004 жылы Сарықамыс тұрғындарын көшіру жобасын басқардым, техникалық қадағалау мен қауіпсіздік техникасы бойынша инженерлер құрамына жетекшілік еттім, әкімдіктен қаладағы Сарықамыс ықшамауданының құрылысына басшылық жасадым. Күні бойы тұрғындармен жиналыстар, келіссөздер өткізіп, түнімен жұмыстардың есептемелерін жазып, ертеңгі күні оларды ТШО-ға тапсырамын, ал үзілістерде облыстық сайлау комиссиясы хатшысының қоғамдық жұмысын атқардым. Бұл жобаны мен басынан бастап ықшамаудан толық тапсырылып, тұрғындар қоныстанғанға дейін жүргіздім.

Ал мен үшін екінші ірі жоба, жоғарыда айтқандай, Болашақ зауыты құрылысының жобасы бойынша жұмыстар.

- Сізді әкім ретінде не үшін сынауға болады?

- Қала әкімі ретінде мені сынауға болмайтын тұстар әзірге жоқ шығар деп ойлаймын, бәрі де сыналуы тиіс. Қала дамып келеді, халық пен талаптар да көбейіп келеді... Қала дамуының деңгейі талаптардың деңгейіне жеткенде, бәлкім, сын азаяр. Ал өмір бар жерде мәселелер жетерлік. Кез келген сынды мен қабылдай аламын – себебі ол орынды. Дегенмен, біздің жұмысымыздың нәтижесі көп кешікпей көрінеді деп сенемін.

- Өз орныңызда сіз жемқорлыққа қалай төтеп бересіз, соның ішінде бағынышты адамдардың ортасында?

- Қала әкімі лауазымын ұсынған кезде мені бірінші мазалаған ой осы болатын – өткір тұрған мәселені қалай жойса болады және оларды мейлінше ашық ету: сәулет; баспана; жерге орналастыру; білім беру. Жұмыс жасаймыз, соның ішінде мамандармен. Жемқорлықпен күрес бойынша қалалық комиссия жұмыс жасауда (Ожаев оны басқарады – З.Б.). Жемқорлыққа көбіне жұмысы халықпен байланысты учаскелер бейім. Қазіргі кезде біз барлық мүмкін мәліметтерді қалалық әкімдіктің сайтында жариялаудамыз: баспана алған тұлғалардың тізімі құпталғаннан кейін 10 күн бойы жарияланып тұрады. Жер телімін алу үшін кезекте тұрғандарды да жариялаймыз. Біртіндеп көптеген құрылымдардың жұмысын мейлінше ашық етуді жоспарлап отырмыз.

- Айтпақшы, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері қашан беріле бастайды? Оқырмандар бізге қазіргі мораторийге байланысты жер телімдерін ресімдей алмай жүргендеріне жиі шағымданады.

- ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 21 маусымдағы №821 «Қолжетімді баспана-2020» Бағдарламасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін берілген жер телімдеріне жеке тұрғын үй салу ол жерлерге инженерлік коммуникациялар жүргізілгеннен кейін ғана мүмкін болмақ.

Қазіргі таңда біз 17 ықшамауданды дайындап жатырмыз – қажетті коммуникацияларды жүргізудеміз, соның ішінде өткен жылдары құрылыс жүргізуге рұқсат берілген жер телімдеріне де. Адамдар жарықсыз, сусыз, газсыз үйлерін салып алған. Қазір ондай үйлердің саны, шамамен, 13 мыңдай. Сонымен қатар қазіргі кезде алдағы уақытта берілетін бос жер телімдері де дамып келеді: Көкарна ықшамауданының ар жағындағы бекіре зауыты бағытында 1 275 телім берілуге дайын, Талғайраңда 330 телім дайын – ол жерге газ бен жарық жүргізілген, енді су құбырын жүргізу қалды. Дамбыда – 133 телім дайын, бірақ Дамбы қалалықтарды қызықтырмайды. Бірлікте 20 телім, Ақжарда 85 телім дайын, т.б. Дайындалып жатқан жер телімінің жалпы саны – 3 700. Коммуникациялар жүргізіліп болған бойда оны 2000-2003 жылдары кезекке тұрғандар алатын болады. Бірақ бұл жерде мынаған назар аударыңыздар – бұл ықшамаудандарға жол салынады дегенді білдірмейді, жол салу қазіргі кезде тіпті қалаішілік ықшамаудандар үшін өзекті мәселе болып қалуда. Жер телімін алуға кезекте барлығы 62 мың адам тұр.

- Биылғы жылға қала инфрақұрылымын жақсарту және қалалықтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қандай жобалар жоспарланды?

- Биылғы жылы Өркен-2, Жұлдыз-3, Атырау, Бірлік, Ақсай елдімекендеріне жалпы ұзындығы 85 шақырым болатын су құбырының құрылысы жалғаспақ. Сонымен қатар көше шамдарын ауыстыру мен көп қабатты тұрғын үйлердің қасбетін декоративті жарықтандыру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары, жылу желілерінің күрделі жөндеу жұмыстары жалғасын табады. 2015 жылы қала сәулетін жақсарту және абаттандыру мақсатында көшелер мен қала алаңдарын жасыл желекпен көмкеру жұмыстары жүргізіледі. Көлік жолдарын қайта жасау, қала және қала маңындағы елді мекендер көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, бағдаршам нысандарын, жаяу жүргіншілер өткелінде арнайы жол белгілері мен арнайы дыбыс және жарық қондырғыларын орнату жоспарланған.

НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

- Егер қолыңызда қалаға толықтай жеткілікті деген бюджет болса, не істер едіңіз? Қаржыдан шектеу болмаса, қаражатты қандай жобаларға бөлер едіңіз?

- Егер бізде шектеусіз бюджет болса, біз келесі бағыттағы жобаларды жүзеге асырар едік:

2 ауысымдық оқуды жою үшін мектепке дейінгі мекемелер мен орта мектептердің құрылысын салу; өңірдегі жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардың өсу себебін анықтау бойынша зерттеу орталығын ашу; аллергия орталығын салу;

Қаланың жол, коммуналдық, білім, құқық қорғау қызметтерін автоматтандыру («Ақылды қала» жобасы); жол айырықтарын, дренаждық жүйелерді, барлық отырғызылған жасыл-желектерді тамшылатып суару; қалалықтар мен балаларға арналған жақсы демалыс саябағы; қаладағы жасыл желектерді көбейтіп, оны алға қарай жеке сенімді басқаруға тапсыру; мүгедектерді қолдау бойынша жобалар (қаланың барлық мекемелеріне пандустар салу),

Жайық өзені бойымен қаланың екі басты магистралына электрлі темір жол тарту, бұл автокөлік аз жүруіне мүмкіндік беріп, жүріс уақытын да қысқартатын еді. Айтпақшы, біз қаланың Бас жоспарына осындай ұсыныс енгіздік;

Қаланы техникалық сумен қамту үшін суару жүйесін салу. Бүгінде сүзгіден өткізіп тазалаған сумен көлік жуу бекеттерінде машина жуады, бақша суарады, сондай-ақ, құрылыс материалдарын (цемент, гипс) езеді. Алайда бұл мәселе шешіле бастады. Қазірдің өзінде жобалау-сметалық құжатты әзірлеу үшін 60 млн теңге бөлінді, алайда алдын ала аудит жүргізіледі. 

Сондай-ақ, қоқысты өркениетті кері өңдеуге көшуді қалар едім. Еуропада әр үйде құрғақ және ылғал қоқыс салатын себеттермен қатар темір, қағаз және пластик қоқыстарды салатын тағы үш жәшік болады. Сол жақта қайталама шикізатты кері жарату 70 пайызға жетеді! Оны сатып, табыс табады, әлемде қоқыс бизнесін табысты деп бекер айтпаған болар. Алайда біз бұған әлі дайын емеспіз. Ділімізді, тұрмыстық салтымызды өзгертуіміз керек. Бұл мәселелер әкімдікте талқыланып жатыр. Бізде қалалардың санитарлық тазалау жүйесінің үздік тәжірибелерінің бірінен үлгі алу үшін шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнату жоспарымызда бар. Біз 2017 жылға дейін жаңа қоқыс полигонын іске қосуды жоспарлап отырмыз, сол жерде қоқыстарды іріктеу қарастырылады. Таяу арада жеке сектор тұрғындары үшін қоқыстарды іріктеудің – құрғақ және ылғал қоқыстарды бөлек жинауға арналған пилотты жоба енгізгіміз келеді. Қазірдің өзінде өнімдерді биогумуста кері өңдеуге ұсыныс беріп жатқан компаниялар бар. Әзірге уақыт барда атыраулықтарды қоқыстарын бөлек жинауға үйрете беру керек. Өйткені, өкінішке орай, басқа қалаларда осы жобаларға қаражат бөлініп, қоқыс жинаудың сауатты жүйелері ұйымдастырылса да, халықтың қолдауы мен қатысына ие бола алмай, бұл жобалар нәтижеге қол жеткізбеді.

«ЕҢ БАСТЫСЫ «ДІЛДІ» ӨЗГЕРТУ КЕРЕК»

- Қоғамдық көліктердегі мәселелерді: кондукторлардың билет бермеуін, дөрекілігін, қарт адамдар мен балаларды отырғызбауын, жүргізушілердің жылдамдықты арттырып, жол қауіпсіздік қағидаларын бұзуын, қозғалыс интервалдарын сақтамауын да біздің осы «ерекше ділімізге» байланыстыра салады...

- Бұл барлық әкімдер үшін үлкен проблема, өзім бұл мәселелерді маршруттар операторларымен, жүргізушілермен, кондукторлармен жеке кездесіп талқыладым, айқай шуға дейін барған кездер болды. Алайда біз мәселе шешіле басталды деп үміттенеміз. Биылдың өзінде шұғыл басқару орталығы (ШБО) сияқты бірыңғай диспетчерлік бекет ашамыз. Сол жерден шынайы уақыт режимінде маршруттарда не болып жатқанын, яғни, қалай қозғалып келеді, қандай жылдамдықпен келе жатыр, интервалдың сақталуын көруге болады. Біз бұл жобаға 31 млн теңге бөлеміз. Әр автобусқа GPS салынады, біз осындай 250 құрылғы сатып аламыз. Әрқайсысында қозғалыс кестесі мен аялдамалар атауын хабарлап тұратын автоинформаторлар қондырылады. Автобус салонында не болып жатқанын көріп отыру үшін бейнекамералар, кіріп-шыққан жолаушыларды есептейтін фиксаторлар орнатамыз. Өткен жылдың қарашасында біз №4 маршрутта пилотты жобаны бастадық, нәтижелері жаман емес. Осылайша біз қоғамдық көлікте болып жатқан жағдайларды толық көреміз және кінәлілерді жауапқа тарту үшін дәлеліміз де болады. Біз тасымалдаушылардың жұмысын реттегіміз келеді және олардың шынайы табыстары мен шығындары жөнінде білгіміз келеді. Әзірге мұны жасау қиын, алайда бұл салада алдау, ақпараттарды ауыстыру, сыбайлас жемқорлық, талаптарды сақтамау фактілері кездесетіні ешкімге құпия емес. Шынайы жағдайды білгенде ғана біз операторға инвестиция салу, автопаркті заманауи жабдықтармен қамту туралы негізделген талап қоя аламыз.

-Осындай бақылау жасалса, тасымалдаушылар қашып кетпей ме? Қоғамдық көлік нақты табыс әкеле алмайды және тек дотациялық сала болып табылады деген пікірлер де жоқ емес.

- Иә, біз мұндай пікірлерді естігенбіз. Дотациялау мәселесін де қарадық, алайда ол жоқ болса, жолақыны 80-85 теңгеге көтеруге тура келеді! Бұған жол беруге болмайды. Осы бағытта жұмыс жасаймыз, ойланамыз, шешеміз. Бүгінгі таңда біздің беларустық автоөндірушілермен келісіміміз бар, алайда істі бастау үшін нақты жағдайды, шынайы жолаушылар ағынын анықтауымыз қажет. Сондай-ақ, аялдамаларда ақпараттық электронды табло орнатылатын болады.

- Өткен жылы әуежайдан Сәтпаев даңғылына дейін биік гүлзарлар орнатылды. Осы гүлзарлардың нақты бағасы қанша? Тапсырысты қандай компания жасады? Бұрынғыларды ауыр бетонды гүлзарларға ауыстыруға қандай қажеттілік болды? Ескі ағаш жәшіктер эстетикалық тұрғыдан әдемі және қалаға арзанға шығатын еді ғой. 

- Атырауда Сәтпаев даңғылы, Владимирск, Абай көшесі, Әуежай трассасы бойына, Жеңіс саябағына 167 шағын сәулет нысаны (ШСН) орнатылды. Мұның барлығы көшелерге сәйкесінше эстетикалық келбет беру үшін жасалды. Ал оларды ауыстыру темір-бетонды гүлзарларды ұзақ уақыт қолдануға болатындығымен байланысты. Ағаш гүлзарлар 2007-2008 жылдары алынған, олар үш-төрт жыл ғана өңін ұстайды, содан кейін өзгерту керек.

- Бұзылған бордюрлер қайда кетті? Есептен шығарылды ма, әлде сатылды ма? Жалпы инфрақұрылымның бұзылған нысандарын не істейді? Мәселен, гүлзарларды, бордюрлерді, жыл сайын ауыстыратын тас төсемдерді қайда пайдаланады?

- Пайдаланылған гүлзарлар утилизацияланады. Тас төсемелерге келетін болсақ, жарамдыларын мемлекеттік мекемелерге береміз, жарамсыздары да кері кәдеге жаратылады. Бордюрлер тез бұзылатын қасиетке ие, оларға атмосфералық жауын-шашындар да қатты әсер етіп, бетонның тез бұзылуына әкеп соғады. Оларды ауыстыру керек, өйткені, бетон құрылғыларды қалпына келтіру оңай емес. Ауыстырылған бордюрлер утилизацияланады. 

- Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

(Оқырмандардың алдыңғы нөмірлердегі хабарландыру бойынша жіберген сұрақтарына Атырау қаласы әкімінің берген жауаптары «АЖ»-ның келесі нөмірінде).  

5 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.