Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ.Өткен жылы екінші деңгейлі банктер жалпы сомасы 299,5 млрд теңгеге несие берген, ол 2013 жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға артық.
Несиені көбіне шетелдік валютадан гөрі ұлттық валютамен (248,1 млрд теңге) алған екен, бірақ өткен жылы шетелдік валютадағы несиенің динамикалық өскенін (21,3 %) айтып өткен жөн. Облыс тұрғындары тұтынушылық мақсатта 91,7 млрд теңге несие алса, шағын бизнес иелеріне 28,6 млрд теңге берілген. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу 2014 жылдың желтоқсанында қараша айымен салыстырғанда 56,5%-ға өсіп, 3,6 млрд теңгеге жетті.
- Адамдар ұзақ ойланып, тек жыл соңына қарай несие алып, жобаны бастауға шешім қабылдайды. Екіншіден, бізде шетелдік компаниялар да, мемлекеттік компаниялар да көптеген тендерді келесі жылға көздеп өткізеді, конкурс жеңімпаздары жұмысты бастап, несие алады. Және елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда, сондықтан барлығы оған бөлінген қаржыны жыл соңына дейін игеруге тырысады. Бұл жыл сайын қайталанатын тәжірибе,- деп жағдайды түсіндірді «ҚР Ұлттық Банкі» ММ Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ.
Облыс бойынша 2014 жылғы желтоқсан бойынша несиелеудің жалпы көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 19,3%-ға азайғаны түсінікті.
Облыстың әр тұрғынына орташа есеппен алғанда 155,6 мың теңге салым келеді екен.
2014 жылы банктер 2 045,7 млрд теңге депозит тартқан, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге көп. Салымдардың басым бөлігі – 90,3% - заңды тұлғаларға тиесілі. Салымшылардың көп бөлігі ақшаларын шетелдік валютада сақтағанды жөн көреді (78,5%).
- Компаниялар қысқа мерзімді депозиттер ашып, бір-екі ай ақша салады да, кейін оны қайтадан айналымға жібереді, - дейді Қ.Құлбарақов. – Осылайша 2015 жылғы 1 қаңтарда депозиттер бойынша қалдықтар 187,5 млрд теңгені құрады.
Депозит бойынша сыйақының орташа сараланған мөлшерлемесі өткен жылы 1,2 пайыздық пунктке түскен, соның ішінде ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 7,5%-ға дейін, шетелдік валюта бойынша 2,2%-ға дейін.
Банктер өткен жылы рубльге деген ерекше қызығушылықтың артқанын байқады. Егер 2013 жылы халық 2 331 млн рубль сатып алған болса, 2014 жылы 4 673,9 млн рубль алған екен.
Екінші орында еуро сатылымы – 21,8 млн (23,2%-ға өскен), үшінші орында АҚШ доллары – 781,3 млн (19,1%-ға өскен). 2014 жылы айырбастау пункттері халықтан 157,6 млн доллар сатып алған, ол 2013 жылғы көрсеткішпен тепе-тең. Халық еуросын көп сатпапты – азаматтар 4 млн еуро сатуға келісіпті (8,3%-ға төмендеген), ал ресей рублінің айналымы көтерілді – халық 974 млн рубль тапсырыпты (өсім - 11%).
2014 жылдың желтоқсанында банктердегі долларды сатып алу-сатудың орташа сараланған бағамы сәйкесінше 182,33 және 183,32 теңгені, еуроныкі – 223,81 және 225,96 теңгені, рубльдікі – 3,41 және 3,45 теңгені құрады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА