Атырау, 28 қараша 03:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Дәрігер Айболитте қонақта

6 528 просмотра

Сағид СҮЛЕЙМАНОВТЫҢ (суретте) мамандығы ғасырлар қойнауынан бері сыйлы боп саналған, өйткені, жануарлар адамдарға әрқашан серік болды, ал қалада немесе ауылда тәжірибелі ветеринар қашан да сұранысқа ие.

ШАРИКТІҢ ХИКАЯСЫ

Сағид Ғабиболлаұлымен біз күнделікті жағдайда таныстық: әке-шешемнің үйін бірнеше жыл бойы сенімді қорғаған Шарик есімді ит кенеттен өз үйшігінің бір бұрышына тығылатынды шығарды, ал бірнеше күннен кейін сілекейі ағып, жөтеле бастады. Ас та, басынан сипау да Шарикті қуанта алмады. Белгісіз кеселден жүдеп, тіпті, әлсіреп, өлуге шақ қалған итті отбасымен кеңесіп, қиналудан құтқаруға бел будық, яғни, оны ұйықтатып тастауды шештік.

- Оған екпе салыңызшы, - деп өтіндім ветеринардан. – Ол ұйықтап қалады, сөйтіп, оның ауруы басылады...

Құр сүлдесі қалған Шарикті үстел үстіне жатқызып, ветеринар оны қарай бастады. Бір минуттан кейін:

- Өкпе обасының түрі. Қайдағы ұйықтату, сіз не айтып тұрсыз... Ол емделеді!

Жазып берген дәрілерді қабылдағаннан кейін Шариктің тәбеті ашылып, оның қабырғасы көріне бастаған бүйірі толыса бастады. Ол, әйтеуір, өз үйшігінен шығып, кейін, өз қызметіне қайта оралды: мысықтарды қуды, әлсін-әлі үріп, қақпаның астына тұмсығын тығып, өткен көліктермен жарыса жүгірді, аяқ астына оратылып жүрді – қысқасын айтқанда, өз-өзіне келді.

«ҰЙЫҚТАТЫП ТАСТАҢЫЗ – ОЛ БӘРІН БҮЛДІРДІ»

...Асыл тұқымдысы да, басқасы да бар: мысықтар мен иттер, тасбақалар мен егеуқұйрықтар, тотықұстар мен теңіз шошқалары, атжалмандар мен тіпті, ірі қара мал – бәрін де қырық жылдан бері осы дәрігер емдеп келеді. Әрине, бұл жылдар ішінде ветеринарға жануарлардың көптеген иесі кездесті: секемшіл бүлікшілер, енжар, күйгелек және өз асырандыларын шын жақын көретіндер.

- Бір-екі күн бұрын, мәселен, асыл тұқымды мысығы бар әйел адам келді, - деп ол келесі емделушіні күтіп отырған кезде тәжірибесінде кездескен жағдаймен бөлісті. – Ол да сіз секілді мысығын ұйықтатып тастауды өтінді. Қараймын, кәдімгі мысық, еш жері ауырмайды, бірақ аздап қорыққаны байқалды. Менің «неге?» деген сұрағыма ол мысықтың қымбат тұратын жапқышты нәжісімен бүлдіріп тастағанын айтты. Мен оған жануарды тәрбиелеуге кеңес бердім. Мен эвтаназияға мүлде қарсымын, әсіресе, осындай қисынсыз жағдайларда.

- Ал қандай себептер ондайға баруға итермелейді?

- Дәлелді негіздер. Жануар өте қарт, емделмейтін аурудан қиналып жатса ғана. Қалғаны – емделеді. Шынын айту керек, кейде тіпті өте қарт жануарлар «жасанды» өлімге лайық емес, - дейді С.Сүлейманов. – Менің бір емделушім болды, ол мысықтың жасы 15-тен асқан. Оны асыраған отбасы мысықты қатты жақсы көретін. Бір кезде мысық қатты ауыра бастады, иелері уайымға түсті. Қараған кезде оның сүт бездерінің қатерлі ісігіне шалдыққаны анықталды. Ол қатты қиналды, бірақ жануардың өмірін сақтап қалуға кішкентай үміт болса, мен оны сақтап қалуға тырысамын. Бұл сондай жағдай болды. Ота өте күрделі өтті, екі сағаттан астам уақытқа созылды. Кейін мысық ұзақ оңалтудан өтті. Бір жақсысы, иелері оған күтім жасады. Қазір қарт мысық тәуір және өзін жақсы сезінеді.

Ветеринар, сонымен қатар, Атыраудағы үй жануарларына қатысты тағы бір жағымсыз үрдісті атап өтті. Олардың арасында обаның түрлері, ал ротвейлер, стаффордшир терьері, боксер және доберман секілді асыл тұқымдылар арасында парвовирусты энтерит (иттердің өліміне әкеліп соқтыратын инфекциялық ауру) жиілеп кеткен. Ал, мысықтар зәр шығару орындарының ауруына шалдыға бастаған.

МЫСЫҚ ТА ТІСТЕП АЛАДЫ

Дәрігер әңгімесін айтып отырған кезде есіктен үш мысығы бар қыз кірді:

- Менің мысықтарымды қарайсыз ба? Олардың біреуінде теміреткі бар сияқты... Ал, мынаның көзі былшықтанады.

- О, ескі таныстарым! – деп дәрігер Сағид қуанып кетті.

Бұл жерге жиі келетін клиенттер – қаңғыбас жануарларды қорғау қоғамының мүшелері екені анықталды. Олардың асыраушыларын ветеринар тегін қарайды.

- Олар игі жұмыс жасайды, сол үшін мен оларды сыйлаймын және қолымнан келгенше көмек көрсетемін, - дейді дәрігер.

Кешегі қаңғыбастардың жағдайы жаман емес екен, ал бір-екі күнде оларды жаңа иелері алып кетуі керек.

- Сіз біздің Мангусты қарай аласыз ба? – деп әйел адам мысығын кеудесіне қысып тұрып. Жанында күйеуі бар. Әңгімені сол жалғады: - Кеше оның тұмсығы мен табаны ыстық болып тұрды. Мен оның қызуы көтеріліп тұр деп ойлаймын.

- Тәттім менің, тыныш, тыныш, - деп әйел мысығына қарап, тұмсығынан жай ғана сүйіп алды. - Өткендегі ауырғанынан кейін ол үшін қатты алаңдаймын...

Мангустың қызуын өлшеп, бір-екі екпе салды: ол әлі де «сол» ауруынан емделіп жүр екен. Кейін оны сәбидей орап, үйлеріне алып кетті.

Мен әңгімелесіп отырғанда дәрігердің қолынан алты жануар өтті, бәрі де өздерін тыныш ұстады: ешқайсысы тістеген жоқ, үріп, тырнаған жоқ.

- Емделушілердің түрі болады, - дейді ветеринар. – Біреулері жуас болса, біреулері қатты қорқады: дірілдеп отырады. Ал жақында бір мысық менің әйнегімді сындырды - өзін-өзі ұстай алмады, себебі, ісігі бар екен. Егер сәл күтсеңіз, қазір оны көре аласыз, оны иесі әкелу керек.

Мысықты әкелгенде ол ақиланып, үстелдің үстіне бар денесімен жабысып еңбектеді, бірақ дәрігердің өзін қарауына қарсылық білдірмеді, мейлінше тыныш ұстады.

- Егер қараған кезде немесе емдеу барысында мені біреуі тістеп алса, онда кінәлі тек өзім боламын, - дейді дәрігер. – Негізі, иттердің тұмсығына қап кигіземін, ал елірген мысықтардан қорғануға арналған арнайы қолғаптар бар, оларды тістеу қиын. Түсінесіз бе, егер жануар менің үстелімде жатса, ол ауырады дегенді білдіреді, яғни, жанына батады. Менің қарағаныма олардың реакциясы түсінікті. Оның үстіне жануар тағы болса: ондайларды да әкеледі. Мәселен, мынадай жағдай болды: ер адам бір итті алып келді, ол жол жиегінде жатыр екен – біреу қағып кеткен. Жаз болатын, күн аптап ыстық, ол шөл мен аурудан қиналып жатты, тіпті сүйретіліп жылжуға шамасы болмады – омыртқасына зақым келген. Ыстық асфальтта қиналып қанша жатқаны белгісіз, бірақ әлгі жүргізуші оны аяп, қорықпай көтеріп, маған алып келіпті. Әрине, мен оған тегін көмектестім – менің қағидам солай, шұғыл жағдайларда ақысыз көмек көрсетемін.

- Қала сыртына жиі шығуға тура келеді, сиырларға, қойлар мен ешкілерге барамын – олар да ауырады, бірақ оларды қалаға әкелу иелері үшін қиындау, - дейді Сағид Ғабиболлаұлы.

Оның айтар әңгімесі таусылар емес, бірақ тұйық мінезді екен әрі жұмысы да жетіп артылады.

- Кешіріңіз, шақыртуға баруым керек... Мүмкін, ертең тағы келерсіз? – деп күртесін киіп, қолына чемоданын алып, есіктен шығып кетті. Міне, нағыз дәрігер Айболит.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

5 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.