Атырауда өткен жылғы өңіраралық Форумға дайындық аясында салынған ең ірі екі нысан айналасында түсініксіз жағдайлар қалыптасты – көрме кешені сатуға шығарылса, Неке сарайын... жеке тұлға басқарып отыр.
НЕКЕ САРАЙЫ
...Немесе бұлар жеке кәсіпкердің «терісін» жабынған облыстық әкімдіктің шенеуніктері. Барлығы мүмкін, өйткені бүгінде Сарайды басқарып отырғандар айналасы тылсым құпияға толы. Айта кетсек, өзін Сарай директоры деп таныстырған күлімкөз Мұхтар ЖАЙСАНБАЕВ мені қуана қарсы алды. Ол АҚАЖ бен Салтанат сарайы арасында үлкен айырмашылық бар екенін түсіндірді. АҚАЖ бұрынғысынша өзінің тікелей қызметін атқарады, яғни, некені тіркейді және жастарға сәйкесінше куәлік береді. Ал олардың қажетті мөлшерде – 100 мыңнан 130 мың теңге аралығында - сомасы болса, куәліктерімен Салтанат сарайына барады және ақ-алтын хан сарайы стилінде салынған керемет ауан ішінде сол куәліктерін салтанатты түрде кері алады. Алайда менің сарайдың кімге тиесілі екендігі, басқару түрі және оларды басқаратын меншік құрылымының нысаны туралы сұрақтарым оған мүлдем ұнамады.
- Кімге, кімге? Маған тиесілі! - деп қатқыл жауап берді.
Ол, сондай-ақ, Сарай ішіндегі мейрамхана мен банкет залын жалдау ақысы туралы сұрақтарға жауап бергісі келмеді. Білмейді-мыс. Біздің әңгімеміз ол біреуге телефон соғып, оған журналист телефон соғып, «бізге қатысты емес, оғаш сұрақтар қойып жатырғанын» хабарлағаннан кейін кілт үзілді. Телефонның арғы жағындағы біреу келесі күнге кездесу белгіледі, алайда ол сөз күйінде қалды. Мұхтар бірнеше күн бойы телефонға жауап бермеді, ал көтергеннен кейін:
- Сәл күте тұрыңызшы, сізге бәрін айтамын, жақсы мақалаңыз болады, бірақ қазір емес, - деп өтінді.
Бұл екіұштылау шақыртуға көңілім толмай, кездесу күнін белгілеуді ұсындым:
- Мұхтар, қанша күтейін, бір күн, апта, ай?...
- Әзірге білмеймін, айтып тұрмын ғой, өзім шақырамын деп...
- Қандай құрылымнан боласыз, жай ғана соны айтыңызшы? Бұл, менің ойымша, қарапайым сұрақ қой.
Мұхтар ренжіп, енді телефон соқпауымды сұрады.
Алайда мейрамхананы жалдау құнын білудің сәті түсті. Сарайдың бұл бөлігіне жауап беретін Бибігүлдің телефон номері кіреберісте ілініп тұр. Бибігүл телефон арқылы бұл туралы ақпарат бергісі келмеді, ол да жеке кездесуді ұсынды. Мейрамханаға төленетін соманы қиналып болса да шамалап айтты: 300 адам сыятын мейрамхананың әр қонағына «әзірге 20-25 мың теңге». Банкет залы бойынша ештеңе айтпады. Айта кетсек, ақылға сыймайтын бағаларға қарамастан (зал түгел толса, бір кешке 7,5 млн теңге), Бибігүлдің айтуынша, көктемнің ортасына дейін бос күн жоқ.
Мен басқа жолмен баруды жөн көрдім. Менің нақты ресми сауалыма облыстық әкімдік облыс әкімінің орынбасары Тимуржан ШАКИМОВТЫҢ қолы қойылған жауапта дәл осылай нақты жазылған:
«“Салтанат сарайы” нысанының құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 1 838 793 225 теңге бөлінді. Тапсырыс беруші – Атырау облыстық әкімдігінің құрылыс басқармасы, мердігер – «БатысАльянсСтрой» ЖШС. Облыс әкімінің 5 желтоқсандағы №374 қаулысы бойынша баланс ұстаушы ретінде қаржы басқармасы тағайындалды. Нысанға қызмет көрсету сомасы қазір анықталып жатыр». Алайда әкімдік «Егер нысан басқаруға берілсе, кімге (басқаруды жүзеге асырып отырған фирманың (мекеменің) шаруашылық жүргізу нысанын және қандай негізде) берілгенін көрсетуіңізді сұраймын» деген №5 сұраққа жауап бермепті.
...Шытырман оқиға: сарай әкімдік мәлімдеген тәртіппен жұмыс жасап жатыр: облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ уәде бергендей, екі президентті қабылдау үшін салынған Салтанат сарайы Форумнан кейін өз есігін жас жұбайларға айқара ашты. Тапсырыс беруші мен баланс ұстаушы – мемлекеттік (ғимарат салынған қаражат та), ал пайдалушылары - құпия.
1,9 млрд теңге тұратын сарай кешенінің тиімділігі жөніне келетін болсақ, жазда облыс әкімдігі берген мәліметтер бойынша былай делінген: «сарай кешеніне азаматтардың азаматтық халдерін тіркеуге арналған орынжайды, салтанатты неке қию залы, келіссөздер залы, мейрамхана, 300 қонаққа дейін сыятын түстенетін зал, банкет залы, түстенетін VIP-зал кіреді. Ауданы – 5,4 мың шаршы метр».
Ал қазіргі жағдай қалай? Тіркеу, естеріңізге салсақ, бұрынғы жерде – ескі АХАЖ-да жүргізіледі. Салтанатты неке қию, мейрамхана және банкет залдары бөлек төлем бойынша беріледі (олар қаржы басқармасының кірісіне қандай баппен түседі екен?). Тікелей мақсатына қолданылмай тұрған аудандарды неге пайдаланып жатыр екен? Бұлар да мыңдаған шаршы метрлер ғой, оларға қызмет көрсету керек – жылыту, тазалау, жаңарту деген сияқты... Облысымыз тарихында болған оқиғаларды есімізге алсақ, бұл даңғойлық, даңққұмарлық ескерткіші бір-екі жылда бәсекелестік ортаға тапсыру түрінде үлкен жеңілдікпен сатылып кетпесіне кім кепіл? Оған сылтау көп: амортизациялық шығындар, ескіру, мемлекет есебінен қамтамасыз етудің тиімсіздігі... Бұған қарапайым халықтың қолы жетпесі белгілі, ал қалталы бизнесмендерге керемет мүмкіндік екені сөзсіз.
КӨРМЕ КЕШЕНІ
Форумға тартылған тағы бір сый – көрме кешені – бұл да ақыл дәмететін сынақ. Естеріңізге салсақ, біздің тамыз айындағы Форумға бюджет есебінен салынатын нысандар туралы мақаламызда («Маса шақпасын деп...») әкімдік көрме кешенінің құны туралы (1 млрд теңге) және жобаның нақты мазмұны туралы барлық мәліметтерді қуана ұсынған. Сонымен қатар, 2014 жылғы 17 қазандағы Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте астаналық журналистердің сауалдарына жауап берген Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов болған факт жөнінде келесідей мәлімдеген болатын: «Көрме кешені ӘКК-ға берілді, ол жерде түрлі іс-шаралар, бірінші кезекте көрмелер өтетін болады». Алайда нысанның, кенеттен кейін анықталғандай, мемлекетке еш қатысы жоқ екені туралы ауыз ашпаған. Естеріңізге салсақ, орындаушы - ABS Modular Limited ЖШС нысанды 4 айда бітіріп, Форумға үлгерген еді. Алайда, инвестициялық көрме өткен (сол үшін Форум Атырауда өткен еді) көрме кешені, облыс әкімінің орынбасары Шакимовтың айтуынша, жеке меншік қаражатына салынған. Сәйкесінше бүгінде оны жеке тұлғалар басқарып отыр және олар оны сатуға шығарған. Пайдаланушы – ӘКК-ға не болды? Оған жеке меншік нысан қалай берілді? Берілді ме? Ал егер жоқ болса, Астанада журналистерге қате ақпарат берген әкімді кім, не үшін шатастырды?
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА