Фото: ИА Новости-КазахстанАлматы. 30 қаңтар. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Қазақстан ұлттық пантеон салатын деңгейге жетті, деп есептейді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Сіздер Францияда, Австрия мен Германияда, және көптеген белді мемлекеттерде ұлттық пантеон барлығын білесіздер, Қазақстан да ұлттық пантеон салатын деңгейге жетті, себебі пантеон адами қарым-қатынас саласының негізі болып табылады», - деді А. Мұхамедиұлы жұма күнгі брифингте.
Бұл ретте ол пантеон дегеніміз – ол «келешек ұрпаққа деген алғыс», деп атап кетті.
«Егер біз осы орасан зор үлес қосқан тұлғалардың есімдеріне тағзым танытсақ, онда келешек ұрпақ үшін алғыс сақталады», - деп атап көрсетті министр.
Оның айтуынша, пантеон тұжырымдамасын жасағандағы бір күрделі мәселе – конфессиялық қатыстылығын ескеріп отыру.
«Біз қазір ғалымдармен бірге пантеон тұжырымдамасын дайындап жатырмыз: кімдер лайықты, онда ескеретін тұстары көп қой. Оның үстіне Қазақстан - көпконфессионалды мемлекет. Бұл оңай мәселе емес, осы бағытта біз белсенді жұмыс атқарудамыз», - деді А. Мұхамедиұлы.
Министр өмірден өткен кімдер ұлттық пантеонға жерлене алатынын нақтылап кетті.
«Біз қазір ұлттық пантеон тұжырымдамасын дайындап жатырмыз. Онда мемлекеттік сыйлық алғандар, немесе Фариза Оңғарсына сынды ақын-жазушылар, ауыл шаруашылығында, ғылымда үлкен табыстарға қол жеткізген ғалымдар, немесе бізде жанып жатқан үйден 5 баланы құтқарған сержант бар, міне, сондай адамдар Ұлттық пантеонға ене алады», - деді А. Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша, ұлттық пантеонға жерлеу мүлкі жағынан сараланбайды, және онда тек бай қазақстандықтар жерленеді деген ұсыныстар қабылданбайды.
Онда халыққа қызмет еткендер жерленеді, онда ақшасы көптігіне қарап жерленбейді», - деді министр.
Еске салсақ, мемлекеттің ғылымдағы, мәдениетіндегі көрнекті қайраткерлерін, сондай-ақ Қазақстан дамуына үлес қосқан тұлғаларды мәңгі есте сақтау үшін, ҚР үкіметі ұлттық пантеон нысанын салу туралы ұсыныс енгізді. Соған байланысты пантеон орнын анықтау туралы тапсырма берілді.
Дереккөз: ҚазТАГ