Атырау, 28 қараша 03:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Әркім өзінше бақытсыз

3 774 просмотра

Мұнай бағасының құнсыздануы ірі жобаларға қалай әсер етеді?

Мұнай бағасының рекордтық құлдырауы қазірдің өзінде билік алдына ел бюджетін кері есептеу, ал, «Самұрық-Қазына» қорына шығындарын қысқарту қажеттілігін қойып отыр. Мұнай компанияларына да етек-жеңдерін жинап, үнемдеуге тура келетін шығар. Осы жағдайларда Теңізді болашақ кеңейту және Қашағанды қайта іске қосу сияқты қымбат жобаларды жүзеге асыру пайдалы іс бола ма және ҚМГ БӨ АҚ тәрізді отандық мұнай кәсіпорындарын алда не күтіп тұр?

ТЕҢІЗ

Болашақ кеңейту жобасының құны екі рет өзгерді: бастапқы $16 млрд-тан 2013 жылы $23 млрд-қа және қазір $40 млрд-қа дейін көтерілді. Бұл - ТШО-ның Екінші буын зауыты және Шикі газды айдау жобаларынан кейінгі үшінші бастамасы. Оның көмегімен «Теңізшевройл» мұнай өндірісі көлемін жылына 25 млн тоннадан 36 млн тоннаға дейін арттырмақ.

Осыған дейін «Теңізшевройл» мұнайдың жоғары бағасы арқасында жобадан үлкен табыс тауып отырды. Теңіз кен орнын әзірлеуде 50%-дық үлесі бар Шевронның ашық жылдық есебіне көз жүгіртсек, 2013 жылы ТШО-ның шикізат сатудан түсірген табысы $25 млрд-тан асты, ал 2012 жылы $23 млрд болған еді (барлық сандар акционерлердің табыс үлестерін көрсетпестен берілген – Л.С.). ТШО-ның 2013 жылғы шығындары $11,2 млрд-ты құраған, нәтижесінде аталған жылдағы компанияның таза табысы - $9,9 млрд. ТШО-ның таза капиталы $10,8 млрд-ты құрады. 2013 жылы ТШО 27,1 млн тонна мұнай (216 млн. баррель) өндірді. Ал, 2014 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында шикі мұнай өндіру көлемі 19,8 млн тоннаны (158 млн баррель) құрады. 2014 жылдың желтоқсанында компания 27 күнге жоспарлап, 37 күнде аяқтаған жоспарлы күрделі жөндеу жүргізуге байланысты мұнай өндіру жоспарланған 27,1 млн тоннаның орнына 26,2 млн-ды құрады.

2014 жылға арналған есеп әлі жарияланған жоқ, алайда ТШО-ның соңғы тоқсандағы табысы 2014 жылдың қазанынан бері түсіп келе жатқан мұнай бағасына байланысты бірталай төмендеді деп болжам жасауға болады. Айтпақшы, жоғарыда атап өткен есепте Шеврон мүмкін болар тәуекелдердің қатарына мұнай бағасының төмендеуін де атап өткен. Ал, бұл жалпы экономикалық жағдайлардың, ОПЕК белгілеген квоталар мөлшерінің және т.б. әсерлерден өзгеруі мүмкін.

Айта кетсек, теңіз мұнайын өндірудің өзіндік құнын білетін болсақ, мұнай бағасының түсуі ТШО табыстарына қаншалықты әсер ететінін жорамалдауға болар еді. Өкінішке орай, Шеврон есебінде мұндай сандар жоқ, ал осы жөнінде ТШО-ға жіберген ресми сауалымыз жауапсыз қалды. Осыдан 15 жыл бұрынғы ресми ақпарат бар. Сол кезде Шеврон Оверсиз Петролеум компаниясының Еуразиялық бөлімінің бас директоры Ник ЗАНА KIOGE’99 «Мұнай және газ» халықаралық конференциясы делегаттарына 1999 жылы мұнай өндірудің өзіндік құны бір баррельге $2-ды құрады деп айтқан болатын. Өкінішке орай, осыдан кейін компания өкілдерінің ішінен ешкім мұндай әңгіме айтпады.

Қалыптасып отырған жағдайда Болашақ кеңейту жобасын жүзеге асыру қаншалықты тиімді деген ресми сауалымызға ТШО былай жауап берді: «Ірі жобалар, Әріптестердің келісімімен, жобаның қауіпсіз, рационалды және өз уақытында жүзеге асырылуына дайын болуын қамтамасыз ету үшін мұқият тексеруден өтеді. Қазіргі уақытта Болашақ кеңейту жобасы (БКЖ) және Сағалық қысымды басқару жобасы (СҚБЖ) бойынша мұқият тексеру жүргізіліп жатыр. ТШО БКЖ және СҚБЖ жобалары бойынша ақырғы инвестициялық шешімді сәйкесінше уақытта Әріптестермен келісілгеннен кейін хабарлайды».

Естеріңізге салсақ, ТШО-ның 20%-ы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тұлғасында қазақстандық тарапқа тиесілі, яғни, БКЖ-ге қатысу үлесі $8 млрд-ты құрауы керек. Ұлттық компанияның бүгінгі жағдайда нашарлаған бюджеті үшін бұл үлкен сома болуы керек.

Бүгінде ТШО жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалардың тағдыры белгісіз болып қалып отыр. Мәселен, «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасының 2014 жылғы бюджеті $25 млн-ды құрады. Қаражаттың негізгі бөлігі Атырау қаласы мен Жылыой ауданында балабақшалар мен мектептер салуға бөлінді. Тағы $1 млн Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына бөлінді. Біз ТШО-ға осы бағдарламалардың 2015 жылғы бюджеттері туралы сұраныс жібердік, алайда әлі жауап ала алмай отырмыз.

 

ҚАШАҒАН

Аралдар мен «Болашақ» зауытындағы магистральды құбыр желілері мен компрессорларды ауыстыру бюджеті, біздің деректеріміз бойынша, $4 млрд-ты құрайды. Жұмыстар осы көктемде басталады. Мұнай өндіруге келетін болсақ, ҚР энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН бәрі ойдағыдай өтсе, өндіріс 2016 жылдың алғашқы жартысында қайтадан басталатынын хабарлады. Қазір қайтыс болған Total мұнай компаниясының басшысы Кристоф де МАРЖЕРИ кен орнын кері іске қосу 2017 жылы ғана мүмкін болады деп болжап кеткен еді. «Арзан мұнай» дәуірінің басталуы туралы болжамдар аясында, қашағандық мұнайдың жоғары өзіндік құнын есепке ала отырып, жобаға жаңа инвестициялар салудың тиімділігіне қатысты біздің сауалымызға NCOC дәстүр бойынша былай жауап берді: «Біз жобаның табыстылығы жөнінде түсінік бере алмаймыз, өйткені, бұл мәселе компания қатысушыларының және өкілетті органның жеке меншігі болып табылатын коммерциялық және құпия ақпараттарға жатады».

Қалай дегенмен де, Қашаған жобасының акционерлеріне кері шегінер жол жоқ. Жұмыссыз тұрған әр жыл сайын жабдықтар ескіреді, ал 2013 жылғы 1 қазаннан бастап акционерлердің шығындары шикі мұнаймен өтелмейді. Алайда, бұрынғы жылдар тәжірибесі көрсеткендей, Қашаған және осы сияқты үлкен көлемді жобаларда батыс компаниялары ақшаны тек мұнаймен ғана «қайтармайды». Бұл - өздерінің өнеркәсіптік кәсіпорындарын Қазақстандағы жобаларға арналған миллиардталған тапсырыстармен толтыру, өздерінің мұнай кәсіпшілігі д сату, патенттелген түрлі технологияларын дамыту және сату, саяси аспектілер (Қашағанға кезеңдермен жоғары шенді шетелдік тұлғалардың келуі, ірі саммиттер, пайдалы қарым-қатынастарды қалыптастыру) және тағы басқалар. Сондықтан да, олардың шығындарын шартты деп атасақ та болар. Жобадан кетуге болады, алайда кеткен инвестордың үлесін қытайлықтар мен үндістер тез «қағып» алады. Мұны американдық «КонокоФилипс» компаниясының үлесімен болған оқиғадан көруге болады.

 

ҚМГ БӨ

Отандық мұнай кәсіпорындарына келетін болсақ, ҚМГ БӨ-нің біріктірілген аралық қаржылық есебіне сәйкес, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «CCEL»  және «ПетроҚазақстан Инк.» (ПҚИ) үлестерін қосқанда 2014 жылдың алғашқы тоғыз айында 9,2 млн тонна мұнай (тәулігіне 250 мың баррель) өндірген, осы кезеңдегі табыс - 690,3 млрд теңге ($3,9 млрд). Таза пайда 242 млрд теңгені ($1,4 млрд) құрады.

«Бұл 2013 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 160%-ға артық. Мұндай табыстылыққа негізінен 2014 жылғы ақпандағы теңге девальвациясы нәтижесінде болған курстық айырмашылық арқасында қол жеткізілді. Курстық айырмашылықтан 107,7 млрд теңге көлемінде таза табысты қоспағанда, 2014 жылдың алғашқы тоғыз айындағы табыс салықтарды ұстамас бұрын 2013 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 53%-ға өсті. 2014 жылдың алғашқы тоғыз айындағы өндірістік шығындар 144,6 млрд теңгені (811 млн АҚШ доллары) құрады. Ал бұл 2013 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Мұны негізінен өндірістік бөлімшелер қызметкерлеріне сыйақы беру бойынша шығындардың артуымен түсіндіруге болады», - деп компания сайтында                          хабарланған.

«АЖ»-ның «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның қоғаммен байланыс жөніндегі департаментіне ресми жіберген сауалдарына келесідей жауаптар келді:

- Мұнай бағасының құлдырауын есепке ала отырып, жаңа есептеулер жүргізілді ме? Компания үшін мұнай бағасының ең жағымсыз әсер ететін шегі қандай? Компания шығындарды қалай қысқартпақ?

-Қазіргі уақытта компания 2014 жылғы желтоқсанда директорлар кеңесі отырысында қабылданған бюджетке сәйкес жұмыс жасауда. Бекітілген бюджетте ҚМГ БӨ 2015 жылға арналған капиталдық салымдарды төмендетті. Мәселен, өндіріс деңгейіне әсер етпейтін инвестицияларды, инфрақұрылымдық жобалар шығындарын азайту, сондай-ақ, модернизация бағдарламасының кейбір ұзақ мерзімді жобаларының мерзімдерін ұзарту. Атап айтсақ, 2015 жылғы капиталдық шығындар 115 млрд теңге (621 АҚШ доллары) мөлшерінде жоспарланып отыр, ал бұл бір жыл бұрын бекітілген бизнес жоспарда көрсетілгеннен 14% төмен. Сонымен қатар, компанияның экономикасына тек мұнай бағасы емес, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, экспорттық кеден алымдары және басқа да факторлар әсер етеді. ҚМГ БӨ директорлар кеңесі жаңа бюджетті бекіту керек деп шешсе, компания мұны нарыққа міндетті түрде хабарлайды.

- Мұнай бағасының төмендеуі ҚМГ БӨ қызметкерлерінің, оның ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның атыраулық бөлімшелерінің қатардағы қызметкерлерінің кірісіне кері әсер етпей ме?

- 2014 жылғы желтоқсанда директорлар кеңесі бекіткен 2015 жылғы бюджетте кәсіпорындарымыз қызметкерлерінің тұрақты жалақы деңгейі мен әлеуметтік төлемақылар бұрынғы деңгейінде сақталған. Компанияның ұжымдық шарттар аясындағы барлық міндеттемелері орындалуда: бұл қызметкерлер мен олардың отбасын медициналық сақтандыру, балаларды сауықтыру лагерьлеріне жіберу, шипажайлық-курорттық емдеу, жалақыны инфляция деңгейіне индексациялау және т.б.

 

«ЖОБАЛАР ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙДІ»

Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірі бойынша, мұнай бағасының тұрақсыздығы жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға әсер етеді. Экономист Тұрлан НҰРЖАНОВТЫҢ пікірі мынадай: «Мұнай бағасына қазір айтылып жатқан болжамдар бағаны түзеудің қазіргі кезеңі (price adjustment) аясында оның құлдырау шегіне ғана қатысты. Ал, оның деңгейі көптеген факторларға байланысты. Теңіз де, Қашаған да ұзақ мерзімді жоба болып табылады, алайда Қашағанның жағдайында оның толық өндірістік қуатқа шығуы 2-3 жылдан кем емес уақыттан кейін жоспарлануда, оған дейін мұнай бағасы белгілі бір деңгейге дейін, қазір айқын болмаса да, кемінде бір баррельге 60-70 долларға дейін өзгеруі тиіс. Дәл осындай бағалардың ұзақ мерзімді деңгейінде АҚШ-тағы тақтатасты кен орындарында өндіріс тиімді болады. Осы өндірістің күрт өсуі нарықтағы қазіргі түзетулерге әсер еткен еді. Осыған байланысты түзетулер сұраныстың артуы деңгейінен емес (Қытай және бірқатар дамыған елдер экономикасының бәсеңдеуіне, еуропалық экономиканың созылып кеткен тоқырауына қарамастан тұрақты болып тұрған), мұнай ұсынысының артуымен өзгеріп отырғанын түсінген жөн. Бір жағынан, әлемдегі мұнай және мұнай өнімдерінің басты нарықтарының бірі болып табылатын АҚШ экономикасының өсу қарқыны (2014 ж. қорытындысы бойынша 5%) жақын уақытта мұнай бағасының бұрынғыдай жоғары болмаса да, жаңа тұрақты деңгейі қалыптасатынына үміттендіреді. Маусым айының басында Вена қаласында өтетін Мұнай өнімдері экспортшылары ұйымының (ОПЕК) келесі жоспарлы отырысында қазір қиын қаржылық жағдайда жүрген мүшелерінің бірі (бәрінен бұрын Венесуэла) барлық консорциум аясында өндіріске берілетін квотаны төмендетіп, бағаны көтеру жөнінде шешім қабылдауға күшін салуы мүмкін. Бұл шешімге Парсы шығанағындағы араб елдері – Сауд Арабиясы мен БАӘ қарсы шығады. Олардың ұлттық қорларында жинақталып қалған үлкен резервтер бір баррельге 20-30 доллар деңгейінде де екі-үш жыл «шыдауға» мүмкіндік береді. Олар өздерінің әлемдік мұнай нарығындағы рөлдеріне үлкен қауіп төндіріп тұрған АҚШ-тың тақтасты мұнай кен орындарында жұмыс жасап жатқан жас жігерлі компанияларды тұқыртуға мүдделі. Өндірісті азайту немесе азайтпау туралы ОПЕК Кеңесі қабылдайтын шешім ОПЕК-тің осы екі полюсі мүдделерін қорғайтын келіссөз командаларының сендіре білу қабілеттеріне байланысты болады. Сауд Арабиясының королі Абдулланың кездейсоқ ажалы және таққа Салманның отыруы саудиялықтардың келісімін алуды жеңілдетуі мүмкін, өйткені, жаңа корольге өз саяси беделін көтеру үшін саудиялықтардың нарықтағы үлесі (мұны кез келген уақытта кері қайтара алады) емес, ел бюджетін қорғау маңызды болуы мүмкін.

Болып жатқан оқиғалардың барлығы - нарықтың белгілі ойыншылары (ең алдымен ОПЕК-ке қатысушы елдер) тарапынан «тастақтасты төңкеріске» беріп жатқан жауаптары. Басқа қалған әлемге осы айқасты сырттан қадағалап, арабтар мен америкалықтар шауып жатқан ағаштың жарқыншақтары тиіп кетпеудің амалын жасау ғана қалып отыр».

«Арабтар мен америкалық-тардың айқасы» Қазақстанға қаншалықты әсер ететінін түсіну үшін біз ТШО-ның 2013 жылғы есебі деректерін негізге алып, шамамен мұнайдың өзіндік құнын есептедік. Бір баррельдің өзіндік құны $51,8-ғашықты.Бұл - доллар курсының 2013 жылы 153-154 теңгені құраған кезіндегі нәтижелер.

Өткен жылдың қазан айында ҚР энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН Қазақстандағы мұнай өндірісінің орташа өзіндік құны $50 деп мәлімдеген еді:

- Дәстүрлі өзіміздің кен орындарымызда 50 доллар шамасында өзіндік құнмен өндіреміз деп айтуға болады. Кейбір жағдайларда ол не төмен, не жоғары көтерілуі мүмкін. Яғни, бұл мұнай бағасының құны мен өзіндік құн арасында әзірге оң алшақтық бар екенін білдіреді.

Бүгінгі жағдаймен қарасақ, өзіндік құн мен баға арасындағы қатынас теріске қарай кеткен сияқты.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

29 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.