Қазақстан елдегі бірінші АЭС құрылысы жөнінде америкалық Westinghouse атом корпорациясын басқаратын жапониялық Toshiba компаниясымен келіссөздер жүргізуді бастады, - деп хабарлайды Коммерсантъ. Басылым тараптардың наурыз айының соңына дейін 3,7 миллиард долларға 1 гигаватт қуаты бар реактор жеткізу жөнінде келісімшарт бекітуі мүмкін екенін жазады.
Toshiba директорлар кеңесінің басшысы Масаси Муромати кеше, 22 қаңтарда Қазақстанға республикадағы тұңғыш атом электр станциясы үшін жабдықтар жеткізу жөнінде келіссөздер жүріп жатқанын ресми түрде растады.
Ал "Емиури симбун" жапон газеті Westinghouse Electric америкалық еншілес компаниясы өндірген AP-1000 (1 гигаватт) ядролық реакторының Қазақстанға жеткізілуі мүмкін екенін қаңтар айының басында хабарлаған болатын. Басылымда "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының 2014 жылы желтоқсан айында болған келіссөздерден кейін жапон құрылғысының жеткізілуіне келісім бергені айтылған. Бұл тапсырыс мерзімі 31 наурызға белгіленген, ал АЭС-тің 2030 жылы іске қосылатыны белгілі болды.
Ресейлік басылым Қазақстандағы тұңғыш АЭС-ты "Росатом" салады деп жоспарланғандығын жазады. Сонымен қатар, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы мен ҚР Энергетика министрлігінің АЭС салудағы әріптестік туралы жобаны 2014 жылы қыркүйек айында дайындап, құптауға жіберілгені анықталды. Құжат 2015 жылы бекітілуі керек еді. Қазақстандық тарап қуаты орта деңгейдегі реакторды сұратқан болатын, бірақ бұл реактор "Росатом" компаниясында жоқ. Мұндай құрылғы Westinghouse америкалық компаниясында да болмаған.
Кеңес Одағының құрамында болған елдердің барлығында дерлік АЭС-тер "Росатом" технологиясымен салынатын болған және қазірде де осы компаниясының отынына тәуелді. Бірақ соңғы жылдары Westinghouse ресейлік мемлекеттік корпорациямен бәсекелестікке ұмтылып жүр. 2014 жылы ақыр соңында тоқтап қалған CEZ Group (компанияның 70 пайызы - Чехияның меншігі) тендерінде "Темелин" АЭС-на жалпы қуаты 2 гигаватт болатын екі блокты соғып бітіруге Westinghouse, "Росатом" консорциумы және Skoda JS чех компаниялары таласқан еді. Болгария 2012 жылы ресейлік жобамен соғылуы керек болған "Белене" АЭС құрылысынан бас тартты, бұл құрылыстың келісіміне 2006 жылы қол қойылған болатын. Украинаның жаңа үкіметі де Westinghouse корпорациясымен әріптестігін кеңейтіп жатыр.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың мамырында Астанада Қазақстанда тұңғыш АЭС салу жөніндегі шартқа қол қойылды. Құрылысқа Курчатов қаласы таңдалды, құрылыс 2018 жылы басталуы мүмкін.
Дереккөз: tengrinews.kz