«АЖ»-ға NCOC теңіз бен құрлық кешендеріндегі мұнай және газ дайындау қондырғысында («Болашақ» МжГКДҚ) бұрынғының орнына орнату жоспарланып отырған жаңа компрессорлардың құны белгілі болды. Осылайша құбырлардың істен шығуына теңіз кешенінде газдың жеткіліксіз құрғатылуы себеп болуы мүмкін деген жорамалдың бірі расталды.
АУЫСТЫРҒАН ЖӨН ЕКЕНІН ТҮСІНДІ
Біздің дереккөздеріміз хабарлағандай, әңгіме «Болашақ» зауытының 4 қондырғысы мен D теңіз аралының 3 қондырғысындағы лезде буланатын 7 газ компрессорлары туралы болып отыр.
Жасалған шартқа сәйкес, жаңа компрессорлардың жалпы құны 79 млн долларды құрайды. Бұл құрылыс-монтаждау жұмыстары мен іске қосу-реттеуге кететін шығындар есебінсіз құны. Ал қоса есептегенде – компрессорларды ауыстырудың жалпы шығындары 100 млн доллардан асып түсуі тиіс.
«NCOC-та қазіргі жабдықтарды қайтадан іске қосу кезінде проблема туындауы мүмкін екендігін түсінгендіктен ауыстырмақ шығар. Ендеше кезінде оны жоба үшін қалайша таңдады деген сұрақ туындайды, - деп хабарлаған еді бұдан бұрын консорциумдағы дереккөздер.
Ғаламтордан біз Аджип ҚКО-ның кейбір жобалау құжаттарының сипаттамасын, атап айтқанда, D теңіз кешеніндегі лезде булану компрессорларын жобалауға қойылатын жалпы талаптарды тауып алдық. Технологиялық процес сипаттамасында мұнай мен газдың бөлінуі параллель технологиялық желілер түрінде орналасқан жоғарғы, орта және төменгі қысымды сепараторлардағы түрлі қысым деңгейлерінде жүйелі орындалатын контактілі дегазациялау операциялары арқылы жүзеге асырылатын болады делінген. Олардың әрқайсысы тәулігіне 150 мың баррель өңдеуге арналған. Қашағанда барлығы тәулігіне 450 мың баррельге дейін өндіру жоспарланған.
«Лезде буланатын газды сығу қондырғысы төменгі және орта қысымдағы сепараторлардан лезде буланатын газды жинайды және оны қайтадан жүктеу немесе жағалауға жіберу алдында әрі қарай өңдеуді (сорғытуды) орындау мақсатында жоғарғы қысымға жеткенше сығады... 1-кезеңде лезде булану газының екі компрессоры орнатылады. Олардың әрқайсысы 100 пайыз өнімділікке ие болуы тиіс (бір жұмыс және бір резервті). Компрессорлардың жалпы саны 4-еу болу үшін (3 жұмыс және 1 резервті) тағы лезде булану газының екі компрессоры 2-кезеңде орнатылады», - делінген сипаттамада.
Алайда, жоғарыда айтылғандай, NCOC теңізде жобада айтылғандай 4 компрессорды емес, 3 компрессорды ауыстырады. Сөйтсек, жобаны жүзеге асыру барысында үш технологиялық желілердің орнында екеуі қалған болып шықты. Сондықтан енді әр желіге бір-бірден және бір резервті - 3 компрессор орнатады.
БІЛДІРМЕЙ КЕЛІСІМ ЖАСАДЫ
Бұдан бұрын «Reuters» агенттігі Қазақстан парламенті мәжілісіне ұсынылған Энергетика министрлігінің материалдарына сілтеме жасай отырып, құбырларды жөндеу құнының екі нұсқасы туралы хабарлаған еді. Базистік нұсқада L360 (X52) ерекшелігі бойынша дайындалған тұрбаларды қолдану жорамалданды. Бұл қайтадан газ кетудің жоғарғы тәуекелділігі жағдайында 1,6 млрд долларға шығар еді. Баламалы нұсқа тоттанбайтын қорытпалармен қапталған L415 (Х60) ерекшелігіндегі құбырларды пайдалануды қарастырады. Бұл шығындарды 3,6 млрддолларға дейін көтереді. «Reuters» дереккөздерінің пікірінше, консорциум анағұрлым шығынды екеніне қарамастан екінші нұсқаны таңдайтын шығар.
Нәтижесінде құбырлар мен компрессорларды ауыстырудың жалпы шығындары 4 млрд доллар шамасын құрайды. Солтүстік Каспий жобасындағы «ҚМГ ҰК» АҚ үлесі 16,88 пайыз болғанда қазақстандық акционердің шығындары 700 млн доллардай шаманы құрауы тиіс. Алайда ҚМГ мен басқа акционерлер арасында осыған қатысты келісімге қол жеткізілуі мүмкін. Естеріңізге салсақ, өткен жылдың желтоқсанында ҚР үкіметі өкілдерінің Қашаған жобасының операторы NCOC-пен, сонымен қатар Солтүстік Каспий Өнім бөлінісі туралы келісімге (СКӨБК) қатысушы компаниялармен кездесуден кейін шарттары құпия деп мәлімделген әлдебір Келісімге қол қойылды. Тек «Қазақстан Республикасы, НКОК және СКӨБК қатысушылары соңғы бірнеше жылдар бойына туындаған бірқатар өндірістік, қаржылық және экологиялық мәселелерді ретке келтірді» деді.
Консорциумның өзі компрессорлар бойынша біздің жолдаған ресми сауалымызға сырғытпа жауап берді: «Солтүстік Каспийдегі қатал теңіз жағдайында осындай күрделі жобаны әзірлеу озат тәсілдер мен технологияларды енгізуді қажет етеді. Өндірістік процесс шеңберіндегі барлық технологиялық жабдықтар бекітілген кестеге сәйкес тұрақты тексеріліп отырады және қажет болған жағдайда ол ауыстырылады немесе жөндеу жүргізіледі».
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА