Облыстық әкімдікте оқушылар арасында діни экстремизмнің алдын алу бойынша селекторлық кеңес өтті.
Әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты дін жолына түскен отбасылар балаларына ерекше көңіл бөлініп жүр. Қалада 56 мектеп бар, оларда басқа оқушылармен қатар дін жолындағы 169 бала оқып жатыр. 162 жағдайда бұл балаларға ата-аналары үлкен әсер етсе, жасөспірім жасқа келіп қалған 7 бала дін жолын өздері таңдаған.
- Оқу жылының басында 40-тан аса қыз бала мектепке хиджабпен келген. Ата-аналармен балалардың сыртқы киім үлгісі мектеп талаптарына сәйкес келу керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - дейді қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА.
Педагогтар мен басқа да мемлекеттік ұйымдар өкілдерінің бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуін кей жағдайларда ата-аналардың діни наным-сенімдеріне байланысты балаларды оқу құқығынан айыруы сияқты келеңсіздіктерге баратындығымен түсіндіруге болады. Мәселен, оқу жылының басынан бастап облысымызда 20 бала еш дәлелсіз сабаққа қатыспаған. Қабылданған шаралардан кейін 5 бала (барлығы Атырауда тұрады) мектепке келіп, қалған 15 баланың 12-сі дәстүрлі емес діни ағымға ерген ата-аналарымен бірге шет елге кетті. Тағы үш бала ата-аналары мен мұғалімдері қанша үгіттесе де, оқығылары келмейді. Олардың екеуі Атыраудан, біреуі - Мақат ауданының тұрғыны.
Бұлармен қатар, осындай фактілерді жасырып қалған оқиғалар да анықталды. Мысалы, Мақат ауданындағы Абай мектебінің 10-сынып оқушысы екі айдан бері мектепке келмегені анықталды. Құрманғазы ауданында 1-сынып оқушысы мектепке қазан айынан бері бармай жүр екен: тұратын үйлері өртеніп кеткен, қазір отбасының жағдайы ауыр. Алайда мұғалімдер екі жағдайда да дабыл қағуға асықпапты.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зылиха ДҮЙСЕКЕНОВА кеңеске қатысушыларға «Қамқорлық» айлығы өткізілгені туралы хабарлады. Бұл айлықтың негізгі мақсаты жетімдерге, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жылы сыртқы киіммен, аяқ киім және мектепке еш кедергісіз келуге мүмкіндік беретін басқа да бұйымдармен көмектесу болып табылады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА