Атырау облысының кәсіпкерлері және жұмыс берушілері одағының конференц-залында бизнесмендер мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерімен кездесу өткізді. Салық заңнамаларындағы өзгерістер талқыланды.
Адамдарды алғашқы кезекте мораторий аяқталғаннан кейін мемлекеттік органдар, соның ішінде мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан тексерулер қалай жүргізілетіні алаңдатады екен. Департаменттің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Батырбек ЮСУПОВ былай деді:
- Салық органдары бұрын жүргізгендей жоспарлы тексерулер енді болмайды. Ішінара және «тәуекел негізінде» деген сияқты тексерулер жүргізіледі. Осындай ішінара тексеру туралы кәсіпкерге 30 күнтізбелік күн бұрын хабар беріледі. Тәуекелдер негізіндегі тексерулер кәсіпкерлер қызметтеріне жүйелі талдау жасау қорытындылары бойынша жүргізіледі. Яғни, бизнес субъектілерінің кірістері мен төленген салықтар сомасы қадағаланатын болады.
Тексерулердің кезеңділігіне келетін болсақ, оны тәуекелді бағалау жүйесі анықтайтын болады. «ҚР-дегі мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік органдар, соның ішінде салық органдары тексеру субъектілерін жоғары, орташа және болмашы тәуекел топтарына жатқызады. Тәуекелдің жоғары дәрежесінде жоспарлы кездесу кезеңділігі жылына бір рет, орташа дәрежеде үш жылда бір рет, болмашы дәрежеде бес жыл да бір рет болады.
Тәуекелдер дәрежесін есептеу әдістемесінің 7 критериі бар. 1. Салық төлеушінің салықтық жүктемесі коэффициенті салалық орта мәннен төмен болуы. 2. Субъект жалған кәсіпорындармен, әрекетсіз салық төлеушілермен және тіркелуі сотпен жарамсыз деп танылған кәсіпорындармен мәміле жасайды, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәміле жасау. 3. Корпоративтік табыс салығы немесе қосылған құн салығы бойынша салықтықтық есеп-қисап тапсырғанда нөлдік көрсеткішпен немесе деректердің алшақтығымен көрсету. 4. Еңбек төлеу қорының жиынтық жылдық табысқа қатынасы, салық төлеушінің активтерінің жиынтық жылдық кіріске қатынасы күмән туғызады. 6. Басшы немесе/және құрылтайшы, жеке кәсіпкер жұмыс жасамайтын салық төлеушілердің, жалған кәсіпорындар мен тіркелуі сотпен заңсыз деп танылған кәсіпорындардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәміле жасаған салық төлеушілердің басшысы немесе/және құрылтайшысы болып табылады. 7. Салық органдарына жылына екі және одан да көп рет есептен шығу және есепке отыру.
- Кәсіпкерлер ештеңеден қорықпасын. Салықтарыңызды дұрыс төлеңіздер, сіздерді ешкім тексермейді,- деп атап өтті Б. Юсупов.
Кездесуде, сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жою рәсімдерін жеңілдету сияқты жаңалықтар талқыланды. ҚҚС мөлшерлемесі биыл да өзгеріссіз қалады - 12%. Жеке кәсіпкерлердің салықтық есеп-қисаптарын тапсырунысандары мен кезеңдерінде де өзгеріс жоқ. Бірақ азық-түлік және алкоголь сатумен айналысатын кәсіпкерлер осы жылдың 1 шілдесіне дейін өз сауда орындарын деректерді онлайн-режимде беретін бақылау-кассалық машинамен жарақтаулары қажет.
Тамара СУХОМЛИНОВА