Атырау, 28 қараша 02:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қалпына келтір!

3 600 просмотра

«АЖ» Солтүстік Каспий жобасының «Болашақ» зауытында бұдан екі жыл бұрын орын алған «Бонатти С.п.А» компаниясының дизельдік отынды төгу оқиғасы жайында нақты деректерге ие болды. Бұл кезде жанармаймен тек жер қыртысы ғана емес, топырақ сулары да ластанған еді.

ҰЗАҚ ЖӘНЕ БАЙҚАЛМАЙ АҚТЫ

Біздің қолымызға түскен құжаттарға сәйкес, 2012 жылғы 2 тамызда Атырау облыстық экология департаментінің «Бонаттиге» берілген өндірістік база аумағына жоспардан тыс тексеруі кезінде дизельдік отынның үлкен мөлшерде төгілгені анықталды. Бейресми ақпараттар бойынша, жанармай ұзақ уақыт бойы ескірген ыдыстардың түбінен ағып тұрған. Нәтижесінде «Бонаттидің» өндірістік базасының кең аумағы, сондай-ақ, көрші «Ренко-КАТ» ЖШС базасы учаскесінің бір бөлігі де ластанған. Отынның топыраққа терең сіңгені соншалық, топырақ суларына да жеткен. «Казэкопроект» ЖШС (Аджип ҚКО компаниясының мердігері) мамандары жүргізген анализ мұнай өнімдерімен ластануды 100%-ға растады. «Бонатти С.п.А» ЖШС 310 текше метр көлемде топырақ суларын ластаған деп танылды.

Құжаттарға назар аударсақ, «Бонаттидің» өзі тексеру сәтінде 122,6 тонна отынның төгілгені туралы хабарлаған. Компанияның қалдықтарды өңдеу бойынша қызмет көрсететін «Вест дала» ЖШС-мен жасаған келісімшартында тексеру басталмастан бұрын кәсіпорын өндірістік учаскеден 1 764 тонна ластанған топырақты шығарған деп жазылған. Осының негізінде «Бонатти С.п.А» компаниясына қатысты ҚР ӘҚтК-нің 250-бабы («Жерді ластау») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Экология департаменті қабылданған экономикалық формулалар бойынша қоршаған ортаға келтірілген шығынды 376 707 484 теңгеге бағалады. «Бонатти» әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалған соң, қолданыстағы нормалар бойынша әкімшілік іс жабылып, оның материалдары мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жіберіліп, ал, ол өз кезегінде істі Мақат АІІБ-не тапсырды. Әрі қарай тергеуші Қ. НҰРЛЫБЕКҰЛЫ «қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты» қылмыстық істі көтеруден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Бұдан кейін экология департаменті сотқа жүгінді, алайда, 2013 жылғы 28 қаңтарда Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл жағдайда қоршаған ортаға тигізілген шығын «тікелей» әдіспен бағалануы тиіс деп, экологтардың шағымын қанағаттандырмады. Экологиялық кодекстің 109-бабына сәйкес, шығынды экономикалық бағалаудың «тікелей» әдісі қоршаған ортаны қалпына келтіруге қажетті нақты шығындарды анықтаудан тұрады. Ал, сотта «Бонатти» компаниясы «ЭкоЖерұйық», «БоинИнжиниринг», «Батыс-сервис групп» және «Вест Дала» ЖШС-терімен жасалған шарттарды, орындалған жұмыс актілері мен шот-фактураларын көрсетті. Бұл компанияның аумақты тазалау бойынша өз міндеттерін орындағанын білдіреді.

Нәтижесінде «Бонатти» жалпы сомасы 500 мың теңгеге жуық екі айыппұлмен ғана құтылды.

КЕПІЛДІК – ШОТТАҒЫ АҚША

- Бұл оқиға 2012 жылы басталған. Департаментке «Бонатти» өндірістік базасында жасалған рекультивациялау және уақытша нысандарды бұзып, қоқыс тазалау жобасы келіп түсті. Бұл жобада топырақ пен топырақ суларын мұнай өнімдерімен ластауды жою шаралары жөнінде ештеңе жазылмапты, - дейді облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВ. - Нәтижесінде мен «Бонаттиден» жоғарыда аталған ластану оқиғалары енгізілген жаңа жоспар ұсынуды талап еттім. Бұл мәселенің өзектілігі аққан жанармай топырақ суларына да сіңгендігінде, ал бұл ауыстыра қоюға болатын топырақ туралы әңгімеден қиынырақ. Жаңа жоспарға сәйкес, қазір компания топырақты алып, оған мұнай өнімдерімен қоректенетін бактериялар салды, кезеңдермен топырақ суын сорып алып отыр, алайда кері жиналған сулардан жанармай иісі әлі шығып тұр. Бұл шаралардың қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді. Біз барлығын байырғы қалпына келтіруді талап етіп отырмыз. Мен «Бонаттиге» мердігерлік жұмыс беріп отырған Аджип ҚКО өкілдерін кездесуге шақырдым, олар бұған мүдделі екендіктерін көрсетті. Олармен болған әңгімеден түсінгенім, «Бонаттидің» өз міндеттемелерін орындамауға мүмкіндіктері жоқ, өйткені, олар келісімшарт бойынша Аджип ҚКО шоттарына ірі сомада кепілдік депозиттерін салып қойған. Бұл қаражат «Бонатти» өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда жұмысты қалпына келтіруге кететін барлық шығындарды жабуға қолданылады.

- Бонатти бұл жұмыстарды қашан бітіреді?

- Жоба бойынша олар екі жылда бітіреміз деп отыр, алайда, кейбір сарапшылар топырақ суларын қалпына келтіру үшін көп уақыт керек деп есептейді. Егер «Бонатти» бұл зардаптарды жоймайтын болса, біз компанияны, сондай-ақ, бірінші басшысын қылмыстық жауапкершілікке тартуға құқылымыз. Бұған байланысты Қылмыстық кодексте арнайы бап бар. 

Бұдан бұрын біз «Бонатти» компаниясы Қашаған жобасындағы магистралды құбыр желілерін ауыстыру бойынша құрлықтағы жұмыстарға тартылады деп хабарлаған едік  Айтпақшы, соңғы деректер бойынша, келісімшарт сомасы алғашқыда айтылған $170 млн-нан көп артық. Жалпы, осы келеңсіздікке қарамастан, «Бонаттидің» Қашаған жобасына қатысу ауқымы өте үлкен. Мәселен, компания сайтынан біз Аджип ҚКО үшін орындалған «Болашақ» зауыты құрылысы кезінде жалпы сомасы $729 млн тұратын үш жоба туралы ақпарат таптық.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА 

15 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.