Балалар автокреслосын пайдалану төңірегіндегі айтыс-тартыс толастар емес. Таксистер бүкіл жауапкершілікті өздеріне іліп тастағандығына наразы. Бұл күндері, әрқайсыңыз «шашкасы» бар машинаның көлік тоқтатқан балалары бар ересектердің жандарынан зу етіп өте шыққанына куә болған шығарсыздар.
«АЖ»-ға хабарласқан жергілікті таксистердің бірі былай дейді:
– Бізді кішкентай жастағы екі-үш баласы бар клиенттер жиі тоқтатады. Күні кеше ғана төрт баласы бар әйел машина тоқтатты: бірі омыраудағы, қалғандары 2, 3 және 4 жастағы балалар болу керек. Ол өздерін Ғұмаров, 90 мекенжайындағы оңалту орталығына апаруды өтінді. Мен ең болмаса екі баласын үйіне қалдырып кетуге мүмкіндігі бар-жоғын сұрадым. Ол жоқ екенін айтты. Ол белгілі бір уақытқа жазылып қойған екен, бірақ менің бас тартуыма тура келді. Осы жағдайдан кейін мен көшеде тұрған МАИ қызметкеріне барып, біз, таксистер үш немесе төрт баласы бар адамдарды қалай тасимыз деп сұрадым. Ол мұндайдың мүмкін еместігін айтты. Бірақ мен күн сайын осы жағдаймен бетпе-бет келемін ғой. Үш автокреслоға менің ақшам жетпейді. Мен патент төлеп отырмын - әр екі ай сайын 10 мың теңгеден, экология үшін – айына 400-500 теңге, кейде қашықтық пен бензин шығынына байланысты 800-1000 теңгеге дейін барады. Ресейде клиенттердің өздері автокреслолармен шығады деп естідім. Ал бізде бүкіл жауапкершілікті таксистерге іліп тастаған. Біздегі такси қызметі белдіктер сатып алмақшы, бізге, жүргізушілерге бір-бір белдіктен сататындығын ескертті. Бұл шамамен 2,5-3 мың теңге. Бірақ бір белдікпен ұзаққа бара алмайсың. Маған түсіндірсе екен: үш немесе төрт баланы қалай таси аламын?
Осы сұрақ қазір көпшілікті алаңдатып отыр. Бұл сұрақты біз Атырау облыстық ІІД ӘПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы Досай ЖҰПҚАЛИЕВҚА жолдадық. Ол былай деп жауап берді:
– Ережеге сәйкес, балаларды автокреслоларсыз немесе басқа тұтқыш құрылғыларсыз тасымалдауға тыйым салынады. Төрт баланы қалай тасымалдауға болады? Омыраудағы баланы алдыңғы немесе артқы орындыққа бекітуге болатын автобесікпен немесе люлькамен тасымалдауға болады. Қалған балаларды арнайы қауіпсіздік белдіктерімен (адаптерлер) бекітсе болады. Бұл ЖҚО болған жағдайда және тежегішті күрт басқан кезде балалар зақым алмас үшін жасалады.
– Мұндай жағдайда баланың анасы қайда отырады?
– Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, көлікте қанша орын болса, сонша адам болуға тиіс. Жүргізушінің белгіленген мөлшерден артық отырғызуға құқығы жоқ. Үш баласы бар жолаушыларға келер болсақ, аналарын алдына отырғызуға, ал балаларын артқы орындықтарға отырғызуға болады. Автокреслоға отырғызу міндетті емес, ережеде бұл туралы нақты айтылмайды. Әңгіме арнайы тұтқыр құрылғылар немесе балаларды қауіпсіздік белгілерінің көмегімен бекітуге болатын басқа да құрылғылар туралы болып отыр. Жүргізуші үшін шеше алмаймыз, ол баланы қалай қауіпсіз ете алады – автокреслоға отырғыза ма, әлде арнайы белдіктер қолдана ма, оны өзі анықтауы тиіс. Бастысы – тасымалдау кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.
– Жаңа ереженің бұзылғаны үшін айыппұлдар сала бастадыңыздар ма?
– Заң бойынша, әрине, сала аламыз. Бірақ қазір біз алдын алу шараларымен айналысып, тек ауызша ескерту берумен шектелудеміз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ