"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет.Қазақстандық интернет БАҚ беттерінде оңтүстіккореялық Doosan Heavy Industries&Construction компаниясы қазақстандық «Карабатан Ютилити Солюшнс» компаниясымен Атырау облысында жылу электр станциясын (ЖЭС) салу жөнінде келісімге келді. Нысанды тапсыру мерзімі – 2018 жыл.
Ақпараттағы көңіл аударатын бір жайт, ЖЭС тас көмірмен жұмыс жасайды екен. Неге тас көмір және жергілікті табиғи газға не болды? Өкінішке орай, бұл сұрақтарды тапсырыс беруші компанияға қоя алмадық. Анықтама бөлімінен де, интернеттен де «Карабатан Ютилити Солюшнс» туралы бір де бір дерек таба алмадық.
Тағы бір таңғаларлығы, облыстық энергетика басқармасында бұл келісімшарт туралы ештеңе білмейді екен. Энергетика басқармасының отын-энергетикалық кешені бөлімі басшысының орынбасары Ғалидолла МЕҢДІҒАЛИЕВ бұл жаңалықты өзінің БАҚ беттерінен білгенін, бұл туралы ештеңе білмейтінін мойындады.
Біз Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВҚА хабарластық.
- Бізден бұл компания ешқандай рұқсат алған жоқ, жалпы көмірге байланысты жоба алдымыздан өткен жоқ. Алдымызға келген жағдайда да біз оны өткізбейміз, - деді Қуанов.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА аз-мұз түсінік берді:
- Көмір туралы әңгіме – қате ақпарат. Табиғи газбен жұмыс жасайтын газ-турбиналық станция салынады. Қазір келіссөздер жүріп жатыр, мердігер - корейлік Doosan Heavy Industries&Construction компаниясы, тапсырыс беруші – «Карабатан Ютилити Солюшнс» - БХК (біріккен химия компаниясы) компаниясының жаңадан ашылған еншілес кәсіпорны және Полимер Продакшн. Жоба жөнінде нақты ештеңе білмейміз, не болса да, корейлік компания өз технологиясы мен жабдықтарын әкелетін шығар, несиелік қаржыландыру да болуы мүмкін. Газ-турбиналық станция Ұлттық индустриялдық мұнай-химиялық технопарктің АЭА (арнайы экономикалық аймақ) аумағында салынады.
Жоба құны 308 млн доллар, болашақ газ-турбиналық станцияның қуаты – 310 мегаватт (Атырау ЖЭО қуаты да шамамен осындай).
Бізге «Қарабатан Ютилити Солюшнс»компаниясының өкілімен хабарласудың сәті түсті.Оның айтуынша, оңтүстіккореялық компаниямен келісім жасау талқылау және мақұлдау кезеңінде қаралып жатыр екен. Қуаттылығы 310 мегаватт болатын газ-турбиналық электр стансасы ЕЭА аумағында жүзеге асырылатын жобаларға қызмет көрсетпек.
– Келісім сомасын келіссөздер аяқталғанға дейін жариялай алмаймыз, - деді ол. - Doosan Heavy Industries & Construction (энергетика бойынша бөлімше) компаниясы ірі «Doosan» холдингіне кіретін Корея Республикасының мықты компаниялар бестігіне кіреді.
Бұрынырақ қазақстандық БАҚ-тар келісім сомасы - 308 млн доллар екенін хабарлаған болатын.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА