Атырау, 28 қараша 01:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Өзі беріп, өзі алды

2 044 просмотра

«АЖ»-ға атыраулық кәсіпкер Салауат ИСЕЕВ хабарласып, бірнеше жыл бұрын қалалық әкімдіктің өзінің жеке меншік құқығындағы жер телімін «мемлекет мұқтаждығы үшін» заңды бұза отырып, алып қойғанын айтты.

«ЖОЛ ЖЕРІМНІҢ ҮСТІНЕН САЛЫНДЫ»

2004 жылдың наурызында мен Алмагүл ықшамауданындағы Сатыбалдиев көшесінің бойынан кірпіш цехын салу үшін 0,3 га алаңы бар жер телімін алдым. Бұл жерге барлық заңды құжаттарым, қала әкімінің шешімі де бар, - дейді С.Исеев. – Цех құрылысы белгілі бір себептерге байланысты кейінге қалдырылды. 2011 жылдың тамызында осы жерден жол салына бастағанда мен оның менің жер телімімнің бойымен өтетінін көрдім. Мәселені анықтап, 2008 жылдың ақпанында мемлекет мұқтаждығы үшін менен осы жер телімін алу туралы қала әкімінің шешімі шыққанын білдім. Заңнамада мемлекет мұқтаждығы үшін меншік иесінен жерді алу процедурасы айқын жазылған. Бұл жағдайда процедура бұзылған. Біріншіден, ҚР Жер кодексінің 85-бабының 1-тармағын бұзып, қалалық әкімдік мені лайықты түрде хабардар етпеді, мен ешқандай хабарлама алған жоқпын. Тек мен сотқа жүгінген кезде ғана бұған дейін көзіме көрінбеген, 2007 жылдың қазанымен белгіленген хабарлама пайда болды. Жер кодексінің 84-бабының 6-тармағына сәйкес, жер телімін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару иеліктен шығару рәсімінің жариялылығы сақталған кезде жүргізіледі. Яғни, әкімдік БАҚ-ға тиісті ақпараттық хабарлама шығару қамын жасауға тиіс еді. Алғ осы баптың 7-тармағында осы ережелерді орындамау жер телімін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудан соттың бас тартуына және жергілікті атқарушы органның қабылдаған қаулысының күшін жоюға негіз болып табылады делінген. Аяқ астынан тек сотта ғана пайда болған қалалық жер қатынастары бөлімінің 2007 жылғы хабарламасында жер телімі мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алу немесе меншік иесінің келісімімен басқа тең бағалы жер телімін ұсыну арқылы алынуы мүмкін деп айтылған. Біршама уақыт өтті, ал, мен өтемақы да, басқа жер де алған жоқпын.

 

«ТАҒЫ ЕУРОПАЛЫҚ СОТ БАР»

Сотқа жүгінбес бұрын 2012 жылы кәсіпкер қалалық прокуратураға шағымданған. Сол кездегі қала прокуроры Есенжан ДОСАНОВТЫҢ қолы қойылған жауапта заң бұзу фактісі расталған. Онда, сондай-ақ, прокуратура Атырау қалалық әкімдігіне заң бұзушылықты жою туралы, яғни, басқа жер телімін немесе материалдық өтемақы ұсыну туралы ұйғарым шығарған.

Прокуратура ұйғарымының еш әсері болмады, сол кезде мен сотқа жүгіндім. Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап-арыз беру мерзімі өтіп кеткен деген уәжбен талап-арызымды қанағаттандырудан бас тартты, - дейді Исеев. – Алайда сотқа жауапкердің кінәсінен уақытында жүгіне алмағаным назардан тыс қалды.

ҚР Жоғарғы сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасына дейінгі жоғарғы сот сатылары ауданаралық сот шешімін күшінде қалдырған.

Бүгінде Қазақстаннан тысқары жерден, мәселен, адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотынан әділдік іздеуді ойға алып отырмын, - деп сөзін түйіндеді кәсіпкер.– Басқа амалым қалмады.

Біз қазіргі қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ атына редакция сауалын жолдаған едік. Екі айдан астам уақыт өтті, әзірге жауап жоқ.

Тамара СУХОМЛИНОВА

8 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.