Атырау, 28 қараша 01:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Солтүстік Шығыс Каспий акваториясына қауіп төніп тұр

2 926 просмотра

1993 жылдан бері Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің даму тарихында алғаш рет ірі Теңіз кен орнында аса улы күкіртті газы бар (күкірт, азот, меркаптан оксиді және т.б.) тұзасты мұнайының үлкен ресурстары өндіріліп жатыр. Қашаған кен орнының ресурстарын игеру де дайындалуда.

АЖАЛ АРНАСЫ

Табиғи қазбаларды пайдаланушылардың Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі экологиялық жүйесіне тигізіп жатқан әсері жыл сайын күшейіп бара жатыр. Теңіз кенішінде жыл сайынғы өндіріс көлемі қазіргі уақытта жылына 24 миллион тоннаны құрайды. «Теңізшевройл» ЖШС мұны болашақта жылына 36 млн тоннаға жеткізбек, жаңа ІІІ буын зауытын салмақшы. Зауыт құрылысына 380 мың тонна түрлі жүктер, модульдер, жабдықтар және т.б. нәрселерді жеткізу қажет. Каспий теңізінің Шығыс жағалауы тегіс, айналасы - қырлы жазықтық. Жүктерді Ақтау және Атырау қалаларынан автомобиль және темір жол көлігімен жеткізуге ешқандай табиғи кедергі жоқ. Алайда ТШО жүктерді өздеріне тиімді теңіз жолы арқылы жеткізуді жөн деп шешті. Бұл үшін теңіз ортасынан шығыс жағалауға дейін ұзындығы 66 шақырым, ені 66 метр, тереңдігі 4,8 м канал қазу жоспарланып отыр. Теңіз түбінен 19 млн тонна топырақ алынбақшы және оны бір-бірінен 3 шақырым қашықтықта шахмат тәртібімен орналасатын 27 үйінді түрінде жинамақ.

ТШО 2015 жылға белгілеген теңіз каналы салынатын болса, теңіздің биоресурсына (балық, құстар, итбалықтар, планктон, зоопланктон, бентос, зообентос және тағы басқалар) үлкен зиян тиеді, балықтар, құстар және итбалықтардың азық қоры түбегейлі түрде бұзылады.

Солтүстік Каспийдің шығыс жағалауы жазықты болып келеді, сондықтан да 2 метрлік тереңдік жағадан 60 шақырымға дейін алыста жатыр.

Каспий жағалауының солтүстік-шығыс доғасын жыл құстары мен ұя салатын құстар кең қолданады. Бұл түрлі экологиялық топтарға жататын және маңызды шаруашылық мәні бар жүздеген құс түрінің негізгі ұшу жолдары болып табылады. Осы ұшу жолдарындағы демалу және қоректену жерлерінің күйзеліске ұшырауы ондаған миллион құс үшін зор апат болуы мүмкін. Тіпті мұнайдың кездейсоқ шамалы лақтырындылары да құстардың жаппай қырылуына әкелгенін көзімізбен көрдік.

Теңіздің түбін тереңдету жұмыстары кезінде тереңдету және алынған топырақты тастау алаңдарындағы бентосты ағзалардың 100%-ы қырылады.

Тайыз суларда жазда көбею процестеріне қатыспайтын 20-50 мыңға дейін қоқиқаз (Рhoenicopterus roseus) қоныс тебеді. Күзгі жылы жаққа көшу кезінде де қоқиқаз осы жерге тоқтайды.

Бұл аймақтың бір ерекшелігі дамыған қамысты алқап болып табылады. Ол 2,5 м тереңдікке дейін уылдырық шашу үдерісін, шабақтарды тасалауды, жартылай өтпелі және тұщы суда тіршілік ететін балықтардың қоректенуін қамтамасыз етеді, құстардың ұя салуы мен балапандарын өсіруіне мүмкіндік жасайды.

Жағалаудың жазықтылығы су тасуы кезінде сайлы жерлерде көлшіктердің пайда болуына жағдай жасайды және бұл сулар жоғары деңгейде минералданады. Бұл А. salina-ның (шаян тектес түр) көбеюіне алып келіп, экзотикалық құс түрлері – қоқиқаз және басқалардың жайылымына жағдай жасайды.

Шығыс жағалауда көктем мен жазда Орталық Каспийден ірі пелагиялық шаяндар көшіп келеді және жаз аяғына таман көбейеді. Тrichocerca caspica эндемикалық коловратка түрлерінің де кездесетінін атап өткен жөн. Шығыс жағалаудың зоопланктоны құрамында эвригалинді және тұщы суда тіршілік ететін түрлер бар.

Жалпы, Солтүстік-Шығыс Каспий таяз сулары балық, итбалық және құстардың қоректенетін негізгі азық базасы болып табылады. Таяз сулардың биоөнімділігі теңіздің басқа бөліктерінен 1,5 есеге артық.

1.1. сурет. Жобаланған нысанға шолу (теңіз тереңдігінің деңгейі айырғыш жолақтармен көрсетілген)1.1. сурет. Жобаланған нысанға шолу (теңіз тереңдігінің деңгейі айырғыш жолақтармен көрсетілген)

«БОЛАШАҚТАҒЫ БАСҚА ДА МАҚСАТТАР» ТУРАЛЫ

Ал ТШО теңіз каналы теңіздің биоресурсына үлкен зиян келтірмейді (жеткілікті түрде зерттеместен) және ол тек мұнай кеніштеріне жүк жеткізу үшін ғана қолданылады деп мәлімдеді.

Алайда бар шындық 2014 жылғы 26 қарашада болған болашақ каналдың жағалау құрылысының экологиялық әсерін бағалау жобасын талқылағанда белгілі болды.

Голландық «Виттевеен+Бос» компаниясы дайындаған «Жүктерді тасымалдау маршруты (ЖТМ). Теңіз түбіндегі шөгінділердің морфологиялық әсерін және шлейфтердің бұзылуын бағалау» есебінде былай көрсетілген:

«Теңіз каналын алға қарай жетілдіру, ЖТМ-ды кеңейту арқылы «ТеңізСервис» компаниясының ЖТМ бойынша бизнес жоспарында көрсетілгендей, болашақта басқа мақсаттарды жүзеге асыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Мәселен:

- Солтүстік Каспийді игеруді қолдауға арналған теңіз базасы;

- Теңіз және жер үсті кен орындарына арналған түрлі жүктерді тиеу-түсіру және сақтау;

- Болашақ дамуға байланысты мұнай мен қосалқы өнімдерді экспорттау бойынша терминал ретінде қолдануға болады».

Интернет-ресурстардың мәліметтеріне сәйкес, «шикі мұнай мен мұнай өнімдері терминалға магистральды құбырлар арқылы келіп түседі. Терминалды мұнай мен мұнай өнімдері өлшеу құрылғысынан өтіп, содан кейін резервуарларға құйылады. Ол жерден өнімдерді бірден танкерге немесе буферлік қоймаға айдауға болады. Буферлік қоймадан мұнай мен мұнай өнімдері танкерге айлаққа қондырылған помпа-сеператор және тиеу түтігі арқылы келіп түседі».

Осылайша, «ТеңізСервис» ЖШС қазіргі уақытта Атырау облысы мен Қазақстан Республикасының барлық өкілетті органдарынан Теңіз кен орнында ІІІ буын зауытының жүктерін тасымалдау үшін теңіз каналын салуға рұқсат алып болды. Олар болашақ канал тек жүк тасуға арналған дегенмен, өздерінің негізгі мақсаттарын толық ашып отырған жоқ.

Шын мәнінде болашақ теңіз каналы жүктер мен тұзасты мұнайын теңіз жолымен тасымалдау үшін қолданылатын болады. Каналды салуға шетелдік компаниялар емес, Қазақстан азаматтары құрған «ТеңізСервис» ЖШС бастамашы болды. Міне, отандастарымыздың туған жеріне деген, ерекше табиғаты бар Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіне деген көзқарастары осындай.

Теңіз кен орнында тұзасты мұнайын өндіруге байланысты экологиялық ахуал жыл сайын нашарлап бара жатыр. Тұзасты мұнайын өндірудің технологиялық режимін жиі бұзу салдарынан 2014 жылғы 20 мамырда Теңіз кен орнында Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы 3,6 балл жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің ошағы небары 7 шақырым тереңдікте орын алды, ал, бұл табиғаттың жер қазбаларын пайдаланушыларға болашақта апатты жағдай орын алуы мүмкін екенін айтқан ескертпесі тәрізді. Теңіз кен орнында бұған дейінгі жер сілкінісі 2011 жылғы 21 ақпанда Рихтер шкаласы бойынша 4 балл магнитудада жер қыртысының базальт қабатында 30 шақырым тереңдікте болған еді.

Біздің ортақ міндетіміз – осы келеңсіз әрекеттерге – болашақта тұзасты мұнайы мен жүктерді тасымалдауға арналған каналды салуға жол бермеуіміз қажет. Солтүстік-Шығыс Каспий биоресурстарын болашақ ұрпақ үшін сақтап қалайық!

Жобаның Сипаттамасы
«ТеңізСервис» (ТС) компаниясы Солтүстік Каспий және бірнеше мұнай кен орындары (Теңіз, Королевское, Прорва және Ақтөбе кен орны) орналасқан Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы арасында жүк тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында Жүктерді тасымалдау маршрутын (ЖТМ) жасау бойынша бастама көтерді. Мұндай тасымалдау маршруты өзіне бірнеше нысанды қосады: (1.1. сурет):
- Баржыларға арналған теңіз каналы;
- Жүк кемелерінен жүктерді түсіру немесе тиеуге арналған айлақтары мен түрлі құрылғылары бар, сондай-ақ, теңіз операцияларын қолдау құралдары бар тиеу және түсіру құрылғылары. Түсіру бекеті ашық теңіздегі теңіз каналының басталу нүктесінен 65,928 шақырымда (жағалау жолағында - 27,5 м БУ белгісі бойында) орналасқан;
- Түсіру-тиеу алаңы мен құрғақтағы жүктерді уақытша сақтау құрылғысы арасында таяз сулы жағалау аймағы арқылы Прорва кен орны қорғаныс дамбасы бойымен үйілген дамба салу;
- ЕмбіМұнайГаз кен орны бойымен Теңіз кен орнының оңтүстік бағытына тартылған магистральды жолмен жалғанатын кіру жолдары.
ЖТМ бастапқы кезеңде Теңіз кен орнын 2016-2019 жылдар аралығында дамыту аясында Теңізшевройлдың (ТШО) Болашақ кеңею/ Сағалық қысымды басқару жобалары бойынша ірі көлемді жүктерді (1800 тоннаға дейін) тасымалдауға қолданылады.
Теңіз каналын алға қарай жетілдіру ЖТМ-ды кеңейту арқылы «ТеңізСервис» компаниясының ЖТМ бойынша бизнес жоспарында көрсетілгендей болашақта басқа мақсаттарды жүзеге асыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Мәселен:
- Солтүстік Каспийді игеруді қолдауға арналған теңіз базасы;
- Теңіз және жер үсті кен орындарына арналған түрлі жүктерді тиеу-түсіру және сақтау;
- болашақ дамуға байланысты мұнай мен қосалқы өнімдерді экспорттау бойынша терминал ретінде қолдануға болады.

М. Диаров, Өңірлік экологиялық мәселелер бойынша ғылыми орталық директоры, ҚР ҰҒА академигі

 

8 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.