Рубль бағамының төмендеуі Атырау дүкендері мен базарларындағы ресейлік өнімдердің бағасына еш әсер еткен жоқ.
Ресейлік тауарлар Атырау тұрғындарының азық-түлік себетінің біраз бөлігін құрайды. Сондықтан да теңге тұрақтылығының аясында рубльдің құлдырауы сол ақшаға ресейлік өнімдердің түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді деп жорамалдау қисынды болар еді. Алайда ойлағанымыздай болмады. Құс аяғы, жұмыртқа, ірімшік пен жармалар ғана аздап арзандады. Онда да жаппай емес, тек бірнеше сауда нүктелерінде ғана. Сұрастырған кезде саудагерлер рубль құлдырамас бұрын белгіленген бағадан бірде-бір теңге түспейді деп, жеткізуші фирмаларға сілтеді.
- Біз тауарды ескі баға болып тұрған кезде алдық, жаңа тауарларды жеткізушілер төмендетілген бағамен беруге уәде берді, бірақ тек жармаға ғана. Төмендете ме, әлі де белгісіз, өйткені, рубль біртіндеп қайта көтеріле бастады. Құс аяғын қазір 500 теңгеден беріп жатырмыз, ол 700-ден болған еді. Кәмпиттер, печенье мен басқа кондитерлік өнімдерді мүлдем төмендеткен жоқ, - деп әңгімелейді шағын азық-түлік дүкенінің қожайыны Мәдина апа.
«Көктем» базарында ресейлік ірімшік пен шұжық сатушылар 100-200 теңгеден түсіріпті. Егер ресейлік «Сметанковый» ірімшігінің бір келісі 1800 теңге тұрса, өткен жексенбіде оны 1600 теңгеден сатып алуға болатын еді. Ал, тауық еті, қанаты, аяғы және басқа да бөліктерінің базардағы құны өзгермеген.
- Ресейде Жаңа жыл алдында азық-түліктердің бағалары бұрынғы күйде қалды, алайда рубль бағамының төмендеуі есебінен тауарлар қазақстандық сатып алушыларға орташа алғанда 35 пайызға арзанға түсті, - дейді азық-түліктерді көтерме жеткізумен айналысатын кәсіпкер. –Бөлшек бағамен сататын саудагерлер қазіргі жағдайды жақсы біледі, олар тауарларды бұрынғыға қарағанда әжептәуір төмен бағамен сатып алды. Олар негізгі тұтынушылар үшін бағаны төмендеткен жоқ. Бұл жерде екі фактор рөл атқарды деп ойлаймын: мереке күндері және біздің атыраулық менталитет. Көрші Орал қаласында ресейлік азық-түліктер 25 пайызға арзандады. Бізде төмендеген жоқ.
Таяу болашақта баға төмендейді деп күтпеген жөн секілді. Ресейлік серіктестер 10 қаңтардан бастап бағаны көтере бастайтындықтарын ескертті. Ал сатушылар қаңтар-ақпан айларын «өлі маусым» деп атайтындықтан, тауар үшін сирек баратын болады. Дегенмен, дүкен сөрелерінде отандық өнімдер де жеткілікті, олар ресейлік тауарларға бәсекелес бола алады. Мәселен, шай түрлері бізде аз емес. Макарон өнімдері, түрлі жармалар, май, сүт, шұжық өнімдері жеткілікті. Ал ресейлік өндірістен шыққан сүт өнімдері мен ірімшік көп. Сырттан әкелінетін тауық еті, кондитерлік өнімдер үлесі мол.
- Жаңа жыл алдында Астраханнан өздері азық-түлік жеткізумен айналысатын бүкіл көтерме сауда жасайтындар мен ұсақ саудагерлер тауарлармен қамданып алып, рубльдің төмендеуінен ұтты. Алайда кезекті дағдарыс толқыны туралы болжам болғандықтан олар бағаны төмендету ақылға қонымсыз деп есептейді, - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА. – Бәлкім, жаңа жыл алдындағы қарбалас та әсер еткен болар. Бұл кезде сатып алушылар мерекелік дастарханға қоятын азық-түліктер үшін артық ақша төлеуге дайын. Әдетте, осы уақытта сатушылар тауар құнын көтереді, бұл жолы олардың көпшілігі олай етпеді. Бұған да рахмет, алайда олардың бағаны ұстап тұруға ғана емес, оларды төмендетуге де мүмкіндіктері болған еді.
«Атаба» компаниясының маркетологы Ұлан ИМАНҚҰЛОВТЫҢ айтуынша, олардың супермаркеттер желісіне ресейлік тауарлар екі жолмен – тауарлардың ірі дистрибьюторлары мен шағын жеткізушілерден түседі екен. Бұл екеуі де желтоқсанның басында тауар құнын орташа алғанда 10-12 пайызға төмендеткен (рубль бағамының төмендеуі есебімен).
– Сүттің, сүт өнімдерінің, шұжық өнімдерінің, жартылай фабрикаттардың бағалары төмендеді, - деді Ұлан Иманқұлов.- Алайда жеткізушілер алдағы уақытта азық-түліктердің бағалары қымбаттайтындығы туралы бізді хабардар етіп қойды. Әрине, мұның біздің де бағаларымызға әсер етері сөзсіз. Жаңа тауар қымбат бағамен сатылмақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА