Қазақстан Өнім бөлінісі туралы келісімге (ӨБК) сәйкес, NCOC-тың Қашағаннан мұнай өндіруді жалғастыру шығындарын өтемейді. Алдын ала бағалаулар бойынша, құбырларды ауыстыру шығындары 3 млрд долларды құрайды. Алайда, мәселе тек құбырларда ғана емес секілді.
«БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕНІ РЕТТЕДІК»
«Тұрбаларды ауыстырумен «Сайпем» мен «Бонатти» айналыса ма?» атты жарияланымымыз жарыққа шыққаннан кейін біз ҚР Энергетика министрлігі мен Солтүстік-Каспий жобасында Қазақстан үлесіне билік ететін «PSA» ЖШС-не сауалдар жолдадық.
Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН«АЖ» сұрақтарына берген өзінің жазбаша жауабында энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН қазіргі уақытта құбырлардың істен шығу себептерін анықтау жұмыстары аяқталып қалғанын, ақырғы есеп 2015 жылы жарияланатынын хабарлады.
Алдын ала ақпарат бойынша, құбырлар мен дәнекерленген жіктердің шытынауына көбінесе қысыммен қышқыл ортаның әсеріне ұшырайтын металлдың аса берік аймағының болуы негізгі себеп болған.
«2014 жылдың 13 желтоқсанында басқа мәселелермен қатар «бастапқы» құбырға байланысты барлық мәселелер реттелген ҚР мен Солтүстік-Каспий жобасының Мердігер компаниялары арасындағы реттеу туралы келісімге қол қойылғаны жөнінде хабарлаймыз (сілтеме: http://energo.gov.kz/index.php?id=2013).
Атап айтқанда, Мердігер мен Республика жобалауға, дайындауға, техникалық қызмет көрсетуге, «бастапқы» құбырды пайдалануға байланысты барлық шығындар өтелмейтін болып табылады және тиісінше, Республика осыған байланысты ешқандай шығынға ұшырамайды деген келісімге келді».
Аджип ҚКО немесе жобаға қатысушы басқа компаниялардың менеджерлерінің қайсысы құбырдың істен шыққаны үшін жауапкершілікте болады: сапасыз тұрбаны жеткізуші ме әлде оны жүргізумен айналысқан компания ма? «Қазмұнайгаздан» NCOC пен
«PSA» ЖШС-не іссапармен жіберілген қазақстандық тарап өкілдерінің жауапкершілігі қандай?
«Мердігердің (Аджип ҚКО мен жобаға қатысушы басқа компаниялардың) жауапкершілік мәселесі де осы Келісімге қол қоюмен реттелді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ немесе «PSA» ЖШС қызметкерлері «бастапқы» құбырлар салу жұмыстарына тікелей тартылған жоқ. Солтүстік Каспий бойынша ӨБК шарттарына сәйкес, мұнай операцияларын жүргізудің бүкіл жауапкершілігі жоба Мердігеріне толықтай жүктелген. (Мердігерді NCOC консорциумы деп түсінген жөн. Қазіргі уақытта қатысу үлесі бар жеті компания: «Аджип Каспиан Си Б.В.» 16.807%, «CNPC Қазақстан Б.В.» 8.332%, «ЭксонМобил Қазақстан Инк.» 16.807%, «Инпекс Норт Каспиан Си, Лтд.» 7.563%, «ҚМГ Қашаған Б.В.» 16.877%, «Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В.» 16.807%, «Тоталь ЭиП Қазақстан» 16.807% оған қатысушы болып табылады– Л. С. ескертпесі).
«ШАРТТАР ӘЛІ ЖАСАЛҒАН ЖОҚ»
Таяуда Атырауда өткен қоғамдық тыңдауда Қашаған жобасына арналған жаңа құбырларды кім дайындайды, олардың құны қандай және оны қандай компания жүргізеді деген сұрақтарға жауап алынбады. Неліктен құрлық бөлігіндегі жұмыстар үшін NCOC бірнеше жыл бұрын «Болашақ» зауытының аумағында ірі отын төгіндісіне жол берген итальяндық «Бонатти» компаниясын таңдады? Бұдан басқа, Бонаттидің тұрба жүргізу жөніндегі баға ұсынысы жобада қаралғаннан гөрі жоғары болған еді.
«“Бонатти” компаниясына қатысты бізде бар ақпарат бойынша Мердігер осы компанияға құбыр жүргізу жөніндегі шартын ұсынған жоқ. Сонымен қатар министрлік «Бонаттидің» Аджип ҚКО-ның «қара тізіміне» енгізілгені туралы ақпараттан бейхабар екенін және тиісінше осы ақпаратқа түсінік бере алмайтынын хабарлаймыз. Жаңа құбырларға келер болсақ, қазіргі кезде Оператор бірнеше әлемдік тұрба өндірушілермен тікелей коммерциялық келіссөздер жүргізуде. Ақырғы бағасы келіссөздер аяқталғаннан кейін және сатып алынатын тұрбалардың ерекшелігі ескеріліп, келісімшарттар нақты ұсынылғаннан кейін белгілі болады».
Тыңдауда NCOC-тың басқарушы директоры Стефан де МАЙЁ қазақстандық тараптың құбырларды ауыстыру шығындарына қатыспайтынын мәлімдеді. Бұл Солтүстік-Каспий жобасының шетелдік серіктестері есебінен жасалатын болады.
«Іс жүзінде ӨБК-ге сәйкес «Қашаған» кенішіндегі мұнай өндіруді жалғастыруға байланысты барлық шығындар өтелетін шығындарға жатпайды, яғни мердігер компаниялар есебінен қаржыландырылатын болады».
«БІЗ ТЕК БЕТОН БОЙЫНША»
Жауапта айтылғандай, энергетика министрлігі мен «PSA» ЖШС қызметкерлерінің кейіннен істен шыққан құбырлардың құрылысына бақылау жасауға мүмкіндіктері болмаған. Есесіне құрылысқа басқа министр, бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВТЫҢ «Ланкастер Груп Қазақстан» қожайындарының бірі ретінде қатысы бар болды.«ERC Holding» ЖШС осы компанияның еншілес компаниясы болып табылады. 2003 жылы ERC Holding пен итальяндық Saipem International B.V. (ENI Group Company) біріккен «Ерсай Каспиан Контрактор» кәсіпорнын құрды. Ол корпоративтік сайттағы ақпаратқа сәйкес, әрі қарай Қашаған жобасындағы бірнеше келісімшарттарды орындаған. Аджип ҚКО тапсырысы бойынша барлығын: 1. Құбырларды байланыстыру және «Д» және «А» аралдар кешені теңіз платформаларын іске қосу-жөндеу жұмыстары (2007 жыл мамыр – 2011 жыл желтоқсан). Бұған жоба инжинирингі, құрылыс, жинау, жабдықтармен және жұмыс алаңдарымен қамту, жобаны басқару, теңіз модульдерін басқару, іске қосу-реттеу жұмыстары кірді. 2. Электр генераторлық модулдерді және «Қашаған» кенорнына арналған шикі газды кері айдауға арналған модулдерді іске қосу-жөндеу жұмыстары (2007-2011 жж.). 3. Қашаған жобасының бірінші кезеңіне арналған Іргелік қадалар мен алау мұнараларын шығару, жинау және оларды орнату (2004-2010 жж.). 4. Қашаған магистральды құбырына арналған құбырларды бетондау (2005-2010 жж.), жоба көлемі: 25 000 құбыр.
Осы ақпарат бойынша, әрине, Қашағандағы барлық келісімшарттар көрсетілген болса, «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС-нің құбыр құрылысына қатысы бетондаумен шектелген. Компания сайтындағы ресми хабарламада да солай айтылған: «Осыған қатысты әрі қарай жорамалдар мен бұрмаланған ақпараттарды болдырмау үшін Құрықтағы «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС шығарған тұрбаларды бетондау жұмыстары сыртқы, құбырды механикалық зақымдалудан қорғау мақсатында, сондай-ақ, құбырдың беткі қабатқа шығуының алдын алу мақсатында жүргізілгенін түсіндіреміз. Бұдан басқа, біздің компания орындаған бетон жабын ерекшеліктерге сәйкес құбыр шығарушылар жасаған полипропиленді коррозияға қарсы жабынның үстінен жабылды. Құбырдан газ кету себебін анықтау жұмыстарын жүргізген NCOC-тың «кернеу салдарынан сульфидті шытынаудың орын алуы газдың кетуіне тікелей себеп болған» деген ресми мәлімдемесіне БАҚ-тың назарын аударамыз». Яғни, құбырдың шытынауы сырттан емес, ішінде пайда болған». Өзінің басқа жарияланымында «Ерсай» ЖШС-нің құбырды жеткізу келісімшарттарын жасамағанын және «Қашаған» кеніші үшін құбырларды дәнекерлеу және жүргізу жұмыстары жүргізілмегенін хабарлайды.
ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАНЫ ЕСІҢДЕ МЕ?
«Ерсай» ЖШС-нің қырсық шалған құбыр жобасына нақты қатысы қандай болса да, бүгінде кейбір сарапшылар мәселені тек құбыр ақауларында ғана жатқан жоқ деп есептейді. Олардың бірі былай дейді:
– Қашағандағы сәтсіздіктің жаһандық себебін жоба бастауынан іздеу керек. Бүкіл негізі жабдықтар 2008 жылы мұнай өндіру басталады деген есеппен 2005 жылдан бастап сатып алынды. Үзіліссіз келіп жатқан жабдықтарды бірден орнату керек болды, алайда жоба кешеуілдеп, құрылыс мерзімі кейінге қалдырылды. Жабдықтар ұзақ жылдар бойына ашық аспан астында тұрды. Жұмылдырылған мамандар да жұмыстың басталуын күтіп тоқтап қалды. Айлар өтті, алайда жұмыстар басталмады, мердігерлер басқа жұмыс көлеміне кірісіп кетті. Осыдан келіп басқа да жағымсыз жайттар орын алды.
Құбырлардың тікелей істен шығуына келер болсақ, шытынауға апарып соғуы мүмкін үш себеп бар: 1. Құбыр материалының осалдық тудыратын аса беріктігі; 2. Металлды жеп қоятын ылғал күкіртсутектің болуы; 3. Созу күші (құбырдағы қысым). Дәнекерленген жіктерге жақын жерлерде түзілген құбырлардың аса берік учаскелері дәнекерлеу режимінің бұзылуы нәтижесінде пайда болған деп есептеледі. Ал газ құрамында судың пайда болуы теңіздегі технологиялық кешенде газ құрғату жүйесінің дұрыс жұмыс жасамауының салдары болып табылады. Менің пікірімше, құбыр маркасы дұрыс таңдалған және Қашағанда пайдалану жағдайына сәйкес келген. Осындай құбырлар Теңіз бен Қашаған жобаларындағы мұнай-газ қоспасын жинау және тасымалдау жүйесінде қолданылуда. Бұл жерде, дұрысында, дәнекерлеу режимінің бұзылуы мен салу, тоқтатып қою және сақтау барысында құбырлардың кейіннен сыналуы, сонымен қатар, кеніш бастапқы іске қосылған кезде жабдықтардың жұмысына қатысты проблемалар әсер еткен.
Теңіз кешенінің жұмысындағы проблемаларға келсек, NCOC құбырлардан басқа теңіз кенішіндегі компрессорларды да ауыстырмақ ниетте.
– Бұл компрессорлар технологиялық операциялар кезінде ыдыстарда бөлінетін орташа және төменгі қысымды газдарды газ дайындау қондырғыларының жұмысына қажетті жоғарғы қысымға дейін сығуға арналған. Бәлкім, NCOC бұл жабдықтың қайтадан іске қосу кезінде проблемалар туындатуы мүмкін екенін түсінетін шығар. Ендеше, оны кезінде жоба үшін қалайша таңдаған деген сұрақ туындайды, - деп бөліседі біздің дереккөзіміз.
Оқиғаға қатысушылар растағандай, Қашағаннан мұнай өндіру сыналған алғашқы күннен-ақ құбырларда ылғал пайда болған. Яғни, теңіз кешенінде газды жеткіліксіз құрғатуда да проблема болған.
Компрессорларды ауыстыру қандай сомаға шығады, бұл соманы қазақстандық тарап өтей ме? Газды дайындау жөніндегі қосымша қондырғыны салу қажет болмай ма? Осы сұрақтардың барлығы алаңдатпай қоймайды, өйткені «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы консорциумға қатысушылардың бірі ретінде өз үлесіне пропорционалды мөлшерде осы жұмыстарды қаржыландырады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА